Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:07

Сыбайлас жемқорлық қылмысына күдікті Испаниядан Қазақстанға экстрадицияланды

П
Фото: ашық дереккөз

Испания Корольдігінің Барселона қаласынан сыбайлас жемқорлық қылмыстарына күдікті Қазақстан азаматы елге экстрадицияланды. 

Экстрадициялау шарасы Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің қызметкерлері тарапынан, сондай-ақ Қазақстанның Испаниядағы Елшілігінің қолдауымен жүзеге асқан.

Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті 2020 жылы кеден органдарында қызмет атқара жүріп, ақпараттық базаға жалған мәліметтер енгізу арқылы сегіз автокөлік иесін кедендік баж төлеуден заңсыз босатқан. Нәтижесінде мемлекет бюджетіне келтірілген шығын көлемі 45 миллион теңгеден асқан.

Аталған тұлға қылмыстық қудалау органдарынан үш жылдан астам уақыт бойы бой тасалап, халықаралық іздеуде болған. Кейін ол Испания аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасына экстрадицияланды.

Қазіргі уақытта күдікті Астана қаласындағы тергеу изоляторына қамауға алынды. Оған тағылған айыптар бойынша жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы, мүлкін тәркілеу және өмір бойына белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы қарастырылған.

Тегтер: