Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:41

Сиырға тіл бітсе Мамытбеков те, Сапаров та басқаша сайрар еді

Мамытбеков пен Сапаров
Фото: Жас Алаш коллаж

Елде ет бағасы жылдам өсіп барады. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, биыл тамызда ет өнімдері кейінгі 14 жылда болмаған қарқынмен қымбаттаған.

 Әсіресе сиыр етінің бағасы қатты шарықтап кетті – жыл басынан бері 25 пайыз өсіпті. Оның үстіне сиыр етінің нарықтағы бағасы өзіндік құнынан екі есе жоғары екен. Нақтырақ айтқанда, еттің өзіндік құны 1,8-1,9 мың теңге болса, дүкендегі орташа бағасы 3,5-4 мың теңгеге дейін жеткен.

Биыл қыркүйекте Халықаралық DEMOSCOPE қоғамдық пікірге мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан тұрғындары арасында сауалнама жүргізіп, халықтың 62 пайызы бағаның тым жоғары болуына байланысты ет сатып алуды сиреткенін анықтапты. Яғни, тұрғындардың тең жарымынан астамы жеткілікті деңгейде ет сатып ала алмай отыр.

Мұндай проблеманы өркениетті елдер ақылға қонымды жолмен шешеді. Мысалы, азаматтардың табыс мөлшерін арттырады немесе өндіріс көлемін көбейтіп, тауар құнын төмендетеді. Ал біздің билік әдеттегідей, бюрократиялық жолмен уақытша шешімдер қабылдайды. 17 қазан күні ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ел ішіндегі бағаны ұстап тұру мақсатында сиыр етін экспорттауға шектеу енгізуді ұсынды. Айдарбек Сапаров басқаратын ведомство 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін салқындатылған және тоңазытылған сиыр етін шетелге шығаруға тыйым салғалы отыр.

Сапаровтың сөзіне қарап, еліміз ет экспорттаудан алдына жан салмайды деп ойласаңыз қатты қателесесіз. Шын мәнінде Қазақстан шетелге сататын ет өнімдерінің мөлшері мардымсыз ғана. Мысалы, 2024 жылы елімізде 400 мың тонна сиыр еті өндірілсе, оның 22 014,9 тоннасы ғана экспортқа шыққан. Бұл жалпы өндіріс көлемінің 5,5 пайызы ғана. Ал биыл қаңтар мен тамыз арасында шетелге сатқан ет өнімдерінің жалпы мөлшері – 74 мың тонна (175 млн долларға). Ең қызығы, дәл осы кезеңде еліміз 315,8 млн долларға 150 мың тонна ет және ет өнімдерін импорттапты. Яғни, ет сатудан түскен кіріс импортқа жұмсалған қаржыдан екі есе аз болып отыр. Экспорт көлемі де импорттан екі есе аз.

Басқаша айтқанда, Астана етті шетелге сатып жарытып отырған жоқ. Елдегі баға өсімін экспортты тоқтату арқылы тежейміз дегені бос сөз. «Суға кеткен тал қармайды» дегендей, проблеманы шешудің тиімді жолын таба алмаған Сапаров пен сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев жұрт назарын аудару үшін ғана осындай шешім қабылдап отыр.

Мамытбековтің тосын соққысы

Қазіргі шенділер қымбатшылықпен қалай күресерін білмей, басы қатып отырғанда бұрынғы шенді Асылжан Мамытбеков жығылғанға жұдырық жасап жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігін 2011-2016 жылдары басқарған Мамытбеков кейінгі кезде саланы аяусыз сынға алатын экспертке айналды. Әлеуметтік желідегі парақшасында қыркүйек айынан бері сиыр етінің бағасына қатысты бірнеше пост жазды. Оның айтуынша, қазіргі жағдай Үкіметтің ұзақ уақыт жүргізген саясатының заңды жемісі. Экс-министр нарықты жылдар бойы жасанды түрде тежеу бағаның күрт өсуіне себеп болды деп санайды. «Ірі қара мал етінің бағасы 2025 жылдың басында күрт көтеріліп, тамыз айында әр келісі 4 500-5 000 теңгеге жетті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 2 500-3 000 теңге шамасында болған», – деп жазды Мамытбеков.

Экс-министрдің айтуынша, Үкімет биыл қыркүйекте 13,5 мың тонна сиыр етін экспорттауға квота берген, ал қазанда экспортқа шектеу қойып отыр. «Егер 13 500 тонна сиыр етінің экспорты біздің нарыққа осынша елеулі әсер ететін болса, бұл елдегі өндіріс көлемінің айтарлықтай қысқарғанын көрсетеді», – деп жазды ол. Оның бұл сөзі ақылға қонымды көрінеді. Тұтас елдің нарығы небәрі 13,5 мың тонна етке қарап отырса, жағдайымыздың мәз емес екені анық.

Мамытбеков Қазақстанда мал етін экспортқа шығару бағдарламасы 2011 жылы қабылданып, 2013 жылы жүзеге асқанын айтады. Осыдан кейін ет экспорты баяу дамып, 2019 жылы 63 мың тоннаға жетіпті. Бұл Кеңес кезеңінен бергі ең жақсы көрсеткіш болған. Бірақ 2019 жылдан бастап билік ет экспортына қайта-қайта тыйым сала бастаған. Мұның соңы нарықта артық өнім пайда болып, бағаның төмендеуіне әсер еткен. Салдарынан фермерлер зиянға жұмыс істеп, ақыры малын сатып, бұл саладан бет бұрған. Мал саны мен ет өндірісі көлемі азайған. Мамытбеков бағаны қолдан тұрақтандыру ет өнімдерінің бірден қымбаттап кетуіне әсер етті деп санайды. «Шенділер «тұрақтанып» жатқанда, экономика мен нарық өз дегенін істеп жатты» дейді экс-министр, ендігі эксперт.

Сапаровтың сенімсіз есебі

Биыл қыркүйектің аяғында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров 2025 жылдың сегіз айында азық-түлік өндірісі 10,1 пайыз артып (2,5 трлн теңге), ет, жұмыртқа, сүт өнімдерімен ішкі нарықты толық қамтып отырмыз деп есеп берді. Ал құс етінің 79-82 пайызы өзімізде өндіріледі екен.

Бірақ министр мырзаның бұл есебіне сену қиын. Мысалы, биыл жыл басынан бері Қазақстан шетелден 28 млн теңгеге 10,6 мың тонна сиыр етін сатып алған. Сондай-ақ 2 мың тоннаға жуық жылқы етін импорттаппыз. Ал біз жоғарыда атаған 150 мың тонна сырттан кірген еттің көбі құс еті. Оның көп бөлігі Ресейден келеді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Украинамен соғыс басталғаннан кейін Ресейден Қазақстанға келетін құс етінің мөлшері қатты артқан. Соғысқа дейін Қазақстанға тауық етінің көбі АҚШ-тан кірсе, 2024 жылы оның орнын Ресей басып отыр. Нақты айтқанда, 2024 жылы 136 мың тонна құс еті импортталған, оның 48,3 пайызын (65,5 мың тонна) Ресей жеткізген.

Айтпақшы, Ресей Қазақстан нарығына құс етін ғана емес, барлық ет өнімдерін жеткізеді. Ең қызығы, елге ет жеткізетіндер де, оны алып базарда сататындар да салық төлемейді. Сондықтан Ресейден келетін ет өте арзан болады да, отандық өндірушілерді тығырыққа тірейді.

«Ресейлік компаниялар біздің нарыққа, әсіресе солтүстік шекаралас облыстар мен Астанаға сиыр мен жылқы етін көптеп әкеліп жатыр. Бұл жеке тұтынушылар үшін тиімді, себебі импортта ҚҚС төленбейтіндіктен, баға төмен, бірақ бұл импорт емес, контрабанда. Ресейде шекарадан өтерде Қазақстандағы кез келген базардың тіркеу нөміріне экспорттық ветеринарлық сертификат беріледі. Ресейліктер осы құжат арқылы етті сол базарға әкеліп, сондағы сатушылар арқылы барынша төмен бағамен сатады да, кешке қолма-қол ақшаны жинап алып, айырбастау пунктіне барып, теңгені рубльге ауыстырып алады. Содан кейін Ресейге қайтып, қолма-қол ақшаны 1-1,15 коэффициентпен картадағы ақшаға айырбастайды, сол ақшамен тағы мал сатып алады. Ресейліктер осындай жолмен 15 жылдан бері жұмыс істеп келеді. ЕАЭО заңнамасына сәйкес, Қазақстан тарапынан тауарды қабылдап алушы 328-нысан бойынша салық декларациясын тапсырып, келер айдың 20-сынан кешіктірмей 12 пайыз ҚҚС төлеуі керек. Бірақ бұл заң сақталып отырған жоқ. Өзгеден қорқып, өз адамдарыңды тығырыққа тіреу жақсы белгі емес», – деп жазады кәсіпкер Азамат Шалмағамбетов.

Ет импорты мен экспорттың арақатынасындағы алшақтыққа Сапаров алаңдап отырған жоқ. Биыл мамырдағы Үкімет отырысында ол «шекаралас аймақтарда импорт пен экспорт араласа береді, онда тұрған ештеңе жоқ» деп бейқам сөйлеген. Бірақ өзара сауда тең деңгейде жүріп, пайда-зиянның ара-жігі алшақ болмаса, «ештеңе жоқ» шығар, ал біздегідей импорт экспорттан бірнеше есе көп болса, оның үстіне шекарада «контрабанда» өршіп тұрса, Сапаров сияқты алаңсыз отыруға болмайды.

Мамытбеков кім еді?

Экс-министр 2011 жылы қабылданған ет экспорты туралы бағдарлама жемісін бере бастаған еді, 2019 жылдан бастап билік берекесін қашырды дегенді бекер айтып отырған жоқ. Бұл өзі қолға алған тиімді бағдарламаны кейінгі шенділер бүлдірді дегені болар. Бірақ Мамытбеков ат үстінде жүргенде де ауыл шаруашылығы саласын ұшпаққа шығармағаны белгілі. Ол 2008-2011 жылдары «ҚазАгро» ұлттық холдингін басқарып, 2011-2016 жылдары ауыл шаруашылығы министрі болды. 2018 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы болып тағайындалып, бір жыл қызмет етті. Яғни, бұл саланы биікке бастаймын десе, Сарыбайұлында жеткілікті уақыт болған. Бірақ қолынан келмеді.

Мамытбеков мырзаның еңбек жолы қызық. 1998 жылы 30 жасында мемлекеттік қызметке араласып, 10 жыл бойы әр өңірдегі әкімдіктерде қызмет атқарған. Екі облыс, бір қалада әкім орынбасары болды. Ортада бір жыл премьер-министр кеңсесінде жұмыс істеп, ауыл шаруашылығы саласына ойысқан. Одан кейінгі қызметін жоғарыда жаздық. 2019 жылы биліктің биік мінберінен кетіп, Қазақстан ет одағын басқарды. Кейінгі жылдары мемлекеттік қызметтен мүлде қол үзіп қалды, қазір қайда жүргенін көп ешкім білмейді. Өзі әлеуметтік желідегі парақшасында Қазақстан ет одағында жұмыс істейтінін жазып қойыпты.

Осы жерде экс-министрдің қазіргі министрді сынға алуға моральдық құқығы бар ма деген сұрақ туындайды. Мамытбеков министрлікті ұзақ уақыт басқарды. 5 жыл аз мерзім емес. Тіпті ол тәуелсіз Қазақстан тарихында Ауыл шаруашылығы министрлігін ең ұзақ уақыт басқарған адам. Бұл салада 24 жылда 20 министр ауысқан. Мамытбековтен кейінгі 9 жылда тізгінді 5 басшы ұстады. Қазіргі министр Сапаров 2023 жылы қыркүйектен бері қызметте отыр.

Мамытбеков министр болған тұста Қазақстан үкіметі мал тұқымын асылдандыратын «Сыбаға», «Алтын асық» және «Құлан» бағдарламаларын қабылдап, мол қаржы бөлді. Осы ұран аясында Мамытбеков шетелден сиыр әкелумен аты шықты. 5 жылдық жоспар жасап, елге 72 мың бас ірі қара кіргіземін деп белсенген. Бірақ онысынан ештеңе шықпады. 2013 жылы Аустриядан әкелінген 722 бас сиырдан вирустық диарея мен шмалленберг ауруы табылып, келмей жатып карантинге жабылды. Ол аздай, Аустралиядан келе жатқан 321 бас асыл тұқымды сиырдың 49-ы ұшақта өліп, масқара болғаны тағы бар.

Сондай-ақ 2014 жылы «Қазақстан жылына 10 мың тонна сиыр етін экспорттауы тиіс» деп мәлімдеген. Бірақ бұл уәдесі сол кезде орындала қойған жоқ. Керісінше, оның тұсында ет экспорты импорттан 131 есе төмен болған. Мысалы, 2013 жылы Қазақстан 1,6 мың тонна ет шетке сатып, 209,8 мың тонна ет сырттан алған. Атап айтқанда, АҚШ-тан 120 тонна құс етін алған. Ал импортталған 23 мың тонна сиыр еті Беларусь (30 пайыз), Ресей мен Аустралия (15 пайыздан), Парагвай, Бразилия мен Польшадан (10 пайыздан) келген. Сондай-ақ Аустралиядан мың тонна қой етін, Канада, Аргентина, Уругвай және Ресейден 5 мың тонна жылқы етін алған.

Мамытбеков бұл жағдайды қызметінен кеткенше оңай алған жоқ. 2017 жылғы есеп бойынша, ипмортталатын ет экспортқа шығатын еттен 125 есе көп болды. Мысалы, шетелге бір жылда небәрі 2 тонна жылқы етін сатып, сырттан 723 тонна сатып алған. Сондай-ақ Қырғызстан мен Тәжікстанға 160 тонна құс етін сатып, шетелден 43 мың тонна құс етін сатып алған.

Мамытбеков қызметінен абыроймен кеткен жоқ. 2016 жылы Ұлттық экономика министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы жерлерінің аукцион арқылы сатуға ниеттенді. Наурыз айында экономика министрі Ерболат Досаев шілдеден бастап жер саудаға шығатынын айтқан. Осыдан кейін жер-жерде наразылық өршіді. 14 сәуірде Мамытбеков жерді шетелдіктерге сатпаймыз, Қазақстан азаматтары мен жергілікті компанияларға ғана сатамыз деп ақталған. Бірақ бұл да жұрттың ашуын баса алмай, елде жалпыхалықтық митинг өтті. Осыдан кейін 2016 жылы 5 мамырда Досаев, 6 мамырда Мамытбеков отставкаға кетті.

P.S. Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде 9-орында тұр. Ал егіс алқабы мен жайылымға арналған жер аумағы бойынша 6-орында. Жайылым алқабы 120 млн қой жаюға еркін жетеді екен. Халықтың 40 пайызы ауылда тұрады. Демек Қазақстан әлемдегі ең ірі аграрлық елдердің бірі болса жарасар еді. Бірақ біздің елде агроөнеркәсіп көш соңында жүр. Ауыл шаруашылығынан түсетін табыс жалпы ішкі өнімнің 5 пайызын ғана құрайды. Адам айтса нанғысыз парадокс! Жылқы етін әлі алыстағы Аргентина, Уругвай және Бразилиядан аламыз. Азық-түлік көршілес Ресей мен Беларусьтен келеді. Айта берсек, өте көп. Соны түзеуі тиіс министрлеріміз креслода отырғанда түк тындырмай, қызметтен кеткен соң ғана күңкілдейді.

Кезінде ұшақта өлген, карантинге жабылған, енді еті экспортқа шыға алмай отырған сиырларға тіл бітсе, басқаша сөйлер еді-ау...

Қуаныш Қаппас

Тегтер: