Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 11:01

Сылбыр Қосанов Сорбұлақтың түбі түгілі өзіне әрең жетті

Қосанов
Фото: Жас Алаш коллаж

25 шілде күні қорғаныс министрлігіне қарасты Әуе қорғанысы күштерінің EC-145 тікұшағы жоғалып кетті.

 Жамбыл облысы Луговой ауылынан ұшып шыққан ұшақ Отар ауданы аумағында радардан ғайып болған. Содан бері бір аптаға жуық уақыт өтсе де, техника мен экипаж мүшелері әлі табылған жоқ.

Ресми ақпарат бойынша тікұшақ 25 шілде таңғы сағат 7-де Шымкенттен ұшып шыққан. Сағат 9 шамасында Луговойға аялдап, жанармай құйып, қайта әуеге көтерілген. Аз уақыттан кейін радардан жоғалған. Ұшақта 3 әскери қызметкер болған. Олар – Аман Амангелді, Бақтияр Ержігітов және Нұржігіт Үйсінбаев. Экипаж командирі – Үйсінбаев.

Содан бері қорғаныс министрлігі, төтенше жағдайлар министрлігі және жергілікті әкімдіктер жабылып іздегенімен ұшақты әлі таба алған жоқ. Тек 26 шілдеде Алматы облысы Сорбұлақ көлі маңынан тікұшақ бөлшектері табылды. Ал 29 шілдеде сол маңнан экипаж мүшелерінің жеке заттары табылған. Осы деректерге сүйеніп, EC-145 тікұшағы Сорбұлақ көліне құлады деген болжам айтылып жатыр. Бірақ қорғаныс министрлігі әлі күнге ұшағымыз көлге құлады, экипаж мүшелері су астында қалды деп нақты мәлімдеген жоқ.

Көпшілікті қорғаныс министрлігінің сылбыр қимылы ашуландырып отыр. Тікұшақ 25 шілде түске дейін жоғалды, ал техниканың сынықтары бір күннен кейін, 26 шілдеде ғана табылды. Жұмыс барысы мынадай: төтенше жағдай министрлігі әуеден шарлау жасап жүріп, Сорбұлақ көлі аумағынан майға ұқсас дақты байқаған. Сол жерді тексеру барысында әуе кемесінің фрагменттерін тауып, жоғалған ұшақтың сынықтары болуы мүмкін деп болжам жасаған.

Экипаж мүшелерінің туыстарының айтуынша, алғаш ұшақ жоғалған күні құтқарушылар Отар ауданында іздеу жұмыстарын жүргізіліп, «бостан-босқа уақыт өлтірген». Ұшақ сынықтары табылған Сорбұлақ көлі маңындағы іздеу жұмысы бір күннен кейін ғана басталған.

Құтқарушылар жұмысына көңілі толмаған экипаж мүшелерінің туыстары президентке, төтенше жағдай және қорғаныс министріне видеоүндеу жасап, іздеу операциясын жеке бақылауға алуын сұрады. «Мүмкін олар жарақаттанып, әлі күнге дейін көмек күтіп жатқан болар. Қазір біз достары, туыстары мен еріктілер өз күшімізбен іздеп жатырмыз. Іздеу жұмысын күшейтіп, түнде техниканы қосуды сұраймыз. Әрбір минут қымбат», – деді олар видеода.

Қосанов қашан келеді?

Жоғалған азаматтардың туыстары асыққанмен, қорғаныс министрі Дәурен Қосанов асықпайды. Сыннан көз ашпай, «мақалшыл министр» атанған Руслан Жақсылықовтың орнына осыдан екі ай бұрын ғана жайғасқан Қосанов үш бірдей жауынгер жоғалып, жұрт шулап жатқанда Астанадағы жылы кабинетінде тапжылмай 5 күн отырды. Су жаңа министр оқиға орнына 30 шілде күні ғана жетіп, іздеу жұмыстарымен танысты.

Қосанов жоғалған ұшқыштардың туыстарымен кездесіп, барлық ресурсты жұмылдырып, тәулік бойы іздеп, әскерилерді табуға күш салатынын айтты. Бірақ неге сонша кешіккенін түсіндіріп, алаңдаған жұрттан кешірім сұраған жоқ. Тек ұшқыштардың жақын туыстарына қолдау көрсетіп, күн сайын байланыста отырғанын хабарлады. Сондай-ақ қайғылы жағдайдың себебін анықтауға уәде берді.

Жоғалған ұшақты іздеу жұмысын басқарып жүрген Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы Асқар Ізбасов Қосановқа есеп берді. Оның айтуынша, су лай әрі асты тегіс емес, оның үстіне шөгінді заттар көп, сол үшін ұшақ қалдығы мен экипаж мүшелерін табу қиынға соғып тұр. Сорбұлақ жағасына Қосановтың өзі барғанына және Ізбасовтың сөзіне қарасақ, министрлік ашық айтпаса да, EC-145-тің дәл осы жасанды көлге құлағанына сенімді сияқты.

Қосанов қана емес, ол басқаратын министрлік те бұл іске бейжай қарағандай әсер қалдырады. Мысалы, ұшақ жоғалғаннан бері 6 күн өтті. Министрлік содан бері телеграм-арнасында небәрі 4 ресми мәлімдеме жасады. Оның алғашқысында тікұшақ жоғалғанын растап, құтқару комиссиясы құрылғанын хабарлады. Ал 26 және 28 шілдедегі екі мәлімдеме іздеу жұмыстарына қанша адам, қанша техника атсалысып жатқанын көрсететін есеп-қисап қана. Олардың есебінше «Операцияға 400-ге жуық адам, 70-тен аса техника, 21 жүзу құралы, 10 дрон» қатысқан. Бірақ нәтиже жоқ. 30 шілдеде шыққан әзірге соңғы хабарламада Сорбұлаққа Қосановтың барғаны айтылған.

Ең қызығы, алғашқы үш хабарлама министрліктің сайтында жарияланған жоқ, министрдің «бастысы – экипаждың жайын анықтау және туыстарына қолдау көрсету» деген сөзіне ғана ресми порталдан орын табылды. Яғни үш әскери жоғалған төтенше жағдай тұсында министрліктің ресми сайты алты күн бойы үнсіз тұрды. Мұндай салғырттықтың себебін генерал-лейтенант Қосанов қалай түсіндірер екен?..

Ермек Сейітбатталов
Фото: из открытых источников

Ермек Сейітбатталов, әскери сарапшы: Жоғалған ұшақты неге сонша көп іздегендерін түсінбедім

– Әскери тікұшақ та әдеттегі ұшақтар сияқты орталықпен байланысып, сөйлесіп отырады. Қандай нүктеден өткенін, қай жерге жеткенін, ұшқан жылдамдығы мен биіктігін айтып, байланысқа шығып отырады. Оның үстіне оларды радардан қарап отырады, оған жауапты бірнеше адам болады, олардың әрбірінің нақты міндеті бар. Яғни ұшақтың қайда барғанын, қай жерде радардан жоғалып кеткенін біліп отыруы керек еді. Неге екенін білмеймін, осы жағдайда жоғалған тікұшақты көп іздеді. Құлаған орнын кешігіп тапты. Неге бұлай болғаны, ұшқыштар қауіп төнгенде неге баяндама жасап үлгермегені белгісіз.

Дәулет Жұмабеков деген әріптесіміз ұшақтың апатқа ұшырауының үш себебін айтты, соған алып-қосатын көп ештеңе жоқ. Оның біріншісі – ұшқыштардың қателігі, екіншісі – ауа райының қолайсыздығы, үшінші – ұшақтың техникалық ақауы. Комиссия осы үш жағдайды толық зерттеп, нақты себебін анықтауы керек. Комиссия жұмыс барысында экипаждың денсаулығын, ұшудың алдында режимді дұрыс сақтады ма, 8 сағат ұйықтады ма соны тексереді. Содан кейін тікұшақтың жағдайын, қандай жанармай құйды, кондиция құйылды ма, соларды тексереді. Өйткені кондициялық жанармай құйылмаса, аспанда ұшақтан ақау шығуы мүмкін. Үшінші кезекте ұшақ ұшқан кездегі ауа райын қарастырады, сол аймақта күн райы қандай болды, жаңбыр жауды ма, боран соқты ма, құстар ұшып жүрді ме, соның бәрін анықтайды. Комиссия 18 бөлім бойынша тексеру жүргізеді, сол тексеріс аяқталмай, бірдеңе деу қиын.

Ұшақ Сорбұлаққа құлады деп жатыр, оның түбі балшық, қаладан төгілген қалдықтар бірнеше метрге жеткені анық. Оның арасынан адамның денесін табу өте қиын. Сүңгуір аппараттар мен арнайы техника арқылы көл түбінің 3D моделін жасауға болады, бірақ іздеген зат немесе адамды батпақ басып қалса, ол модельден де көрінбейді. Яғни қолы, аяғы шығып тұрмаса, мәйітті табу өте қиын. Сорбұлақтан табылған заттар ұшақтың сонда құлағанын көрсетіп тұр. Енді сол жерден табылған бөлшектердің бәрін жинап, ұшақтың өзін шығарады. Соған қарап ұшақта қандай бөлшек жетіспейтінін, ақау болған-болмағанын, соғылған кезде қандай жылдамдықпен жүргенін анықтайды. «Қара жәшіктен» де көп ақпарат алуға болады. Онда ұшақтың қандай биікте, қандай жылдамдықпен жүргені, экипаж мүшелерінің не туралы сөйлескені жазылатынын білеміз.

Экипаж мүшелері

Ұшақта үш адам болғанын айттық. 33 жастағы экипаж командирі Нұржігіт Үйсінбаев Түркістан облысының тумасы. 2014 жылдан бері ұшқыш болып қызмет атқарып жүрген. Інісі Ержігіт Үйсінбаевтың айтуынша, өзі 26 шілдеден бері ағасынан жақсы хабар күтіп, іздеу жұмыстарының басы-қасында жүр. Ал анасы үйде жақсы хабар күтіп отыр. Ол Сорбұлақтан табылған ағасының заттарын танығанын айтады, су бетіне ағасының жуынатын заттары, телефон қуаттағышы, анасы сыйлаған су құятын термосы қалқып шыққан.

Экипаж мүшесі Бахтияр Ержігітов 32 жаста, Павлодар облысының тумасы, отбасындағы жалғыз ұл. Үйленген, бір ұл, бір қызы бар. Ұлы 4, қызы 2 жаста. Әскери салада 15 жылдық тәжірибесі бар маман. Оның да ата-анасы мен әйелі жолын тосып, күндіз-түні ұйқы-күлкіден қалған. Ал тағы бір экипаж мүшесі Аман Амангелді жайлы қазірше толық ақпарат жоқ.

Ержігіт Үйсінбаевтың айтуынша, ағасы мен екі әріптесі Шымкентке 10 шілде күні іссапармен барып, 15 күн сонда болған. 25 шілде таңда жолға шыққан. Ұшарда көңіл күйі, денсаулығы өте жақсы болған. Сағат таңғы 9-да Луговойға жанармай құюға тоқтағанда таныстарына қоңырау шалып, түсте межелі жерге жеткен соң хабарласатынын айтыпты.

Енді не болады? Әрине, алдымен ұшақты тауып алу керек. Одан кейін әдеттегідей арнайы комиссия құрылып, оқиғаның себебін зерттейді, тергеу жүргізеді. Кейін комиссия жұмысының нәтижесінде ресми органдар мәлімдеме жасап, ұшақтың техникалық жағдайын, апат себебін, экипаж мүшелерінің тағдырын жариялайды. Бірақ жауапты шенділердің апаттан сабақ алып, қателік-кемшілігін мойындайды дегенге сену қиын. Ұшқыштардың өзін немесе ауа райын кінәлап, басшыларды судан таза, сүттен ақ етіп шығарады. Мысалы, 2021 жылы Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы мемлекетке 25,1 млрд теңгеге жуық шығын келтірген әскери қоймадағы жарылысқа қатардағы сарбаздарды ғана кінәлі етіп шығарғаны есімізде.

Біздің елде әскери тікұшақ апатқа ұшыраған жағдайлар аз емес. Мысалы, 2019 жылы Қызылорда облысында Әскери әуе күштерінің Ми-8 тікұшағы құлап, 13 әскери қаза тапқан. 2021 жылы Алматы облысында ҰҚК-ге тиесілі АН-26 әскери ұшағы апатқа түсіп, 4 адам қаза тапты. Сондай-ақ 2020 жылы Қарағанды облысында МиГ-31 әскери ұшағы, 2021 жылы осы өңірде Су-30СМ ұшағы құлады.

Мұндайда қорғаныс министрлігіне айтылар сын көп. Армиядағы әлімжеттік, сарбаз өлімі, әскери қызметкерлердің суициді сияқты шетін оқиғаларды жиі естиміз. Министрлікті бұған дейін басқарған Руслан Жақсылықов мұның алдын ала алмады. Керісінше, адам бар жерде өлім болады дегенді алға тартып, «ажалы келді» деп далаға сөйлеп жүргенін білеміз. Оның орнын басқан Дәурен Қосанов айдаладан келген жоқ, 2024 жылдан бастап Жақсылықовтың орынбасары болған. Ол бұрынғы бастығы қайдан қателескенін жақсы білуі керек еді. Бірақ олай болмаған сияқты. Әйтпесе, өзі екі жыл басқарған Әуе қорғанысы күштерінің үш жауынгері жоғалып жатқанда кабинетінде сонша күн қамалып отырмас еді...

Қуаныш ҚАППАС

Тегтер: