Синдзо Абэні өлтірген адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды
Жапония соты 2022 жылы елдің бұрынғы премьер-министрі Синдзо Абэні өлтірген Тэцую Ямагамиді өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Бұл жөнінде AFP агенттігі хабарлады.
Нара қаласының округтік соты 45 жастағы Ямагамиді аса ауыр қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Ол өз кінәсін толық мойындаған. Айыпталушы 2022 жылдың шілде айында қолдан жасалған тапаншамен Синдзо Абэге оқ атқан.
Прокуратура сотта өмір бойғы жаза тағайындауды талап етіп, бұл қылмысты «соғыстан кейінгі Жапония тарихындағы бұрын-соңды болмаған оқиға» деп бағалады. Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, бұл қастандық қоғамға аса ауыр салдар әкелген. Ал қорғау тарапы Ямагамидің діни ұйыммен байланысты зорлық-зомбылықтың құрбаны болғанын айтып, оған 20 жылдан аспайтын жаза сұраған.
Сот үкімін жариялау кезінде үлкен қоғамдық қызығушылық байқалды. Kyodo агенттігінің мәліметінше, үкімді тыңдау үшін сот ғимаратының алдына 700-ге жуық адам жиналған, ал залдағы 31 орын ғана жеребе арқылы бөлінген.
Синдзо Абэнің қазасы
Синдзо Абэге қастандық 2022 жылғы 8 шілдеде, парламент сайлауына екі күн қалғанда жасалған. Ол Нара қаласында биліктегі Либералдық-демократиялық партияны қолдау митингінде сөз сөйлеп тұрған кезде шабуылға ұшырады. Шабуылдаушы екі рет оқ атып, саясаткер ауыр жарақат алды. Бірнеше сағаттан кейін Абэ ауруханада көз жұмды.
Қастандықтан кейін Ямагами оқиға орнында бірден ұсталды. Тергеу барысында ол бұл әрекетін діни ұйымға деген өшпенділікпен түсіндірді. Оның айтуынша, анасы отбасын сақтап қалу үшін "Бірігу қозғалысы" деп аталатын діни ұйымға шамамен 100 млн иен (540 мың еуроға жуық) көлемінде қаржы берген. Соның салдарынан отбасы банкротқа ұшырап, Ямагами жоғары білім ала алмаған. Ол 2005 жылы өз-өзіне қол жұмсамақ болған, кейін оның ағасы да суицид жасаған.
Ямагамидің айтуынша, бастапқыда ол діни ұйым өкіліне шабуыл жасауды жоспарлаған. Алайда кейін Абэ бұл ұйыммен тығыз байланысты және оның идеяларын Жапонияда насихаттады деп есептеп, оны құрбан ретінде таңдаған.
Синдзо Абэ бұл ұйымының мүшесі болмағанымен, басқа да жапон саясаткерлері сияқты оның іс-шараларына кейде қатысқан. Абэнің өлімінен кейін Жапонияда бірнеше тергеу жүргізіліп, биліктегі партия саясаткерлері мен аталмыш ұйым арасындағы байланыстар анықталған.
Нәтижесінде төрт министр қызметінен кетті, ал 2025 жылдың наурызында Токио соты аталған ұйымды діни мәртебесінен айырды. Сот шешімінде бұл ұйымның ізбасарларды қымбат заттар сатып алуға мәжбүрлеп, оларды пайдаланғаны көрсетілген.