Сіңірі шыққан кедейшілік өркениетке жеткізе ме?

Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап, елде ең төменгі жалақы 42 500 теңгеден, 60 мың теңгеге дейін өсті.
Өкінішке қарай, бұл үстемақыға бұқара халық аса қуана қоймады. «Жас Алашқа» хабарласқан оқырмандардың дені 60 мың теңгенің жыртыққа жамау да болмайтынын, кедейшіліктен қажып, шаршағандарын айтып қынжылуда.
Халық кедей, бірақ үкімет «баймыз» дейді...
Қарапайым қарашадан бөлек, экономика саласын зерттеп жүрген мамандардың пайымдауынша, нақ қазіргі қалыптасып отырған экономикалық жағдайда халыққа мардымсыз үстемақы қосылып отыр. Бұл ретте, «Аналитика» талдау орталығының бас сарапшысы қаржыгер Арман Мусиннің айтуынша, нақты деректерге жүгінсек, қазір республика халқының 40 пайызы қаражатын ас-ауқаттан үнемдеп кетті.
– Білесіздер, қазір қымбатшылық қатты иек алып кетті. Орташа жалақы алатындардың өзі үнемдегенде, азық-түлік сатып алу үшін бір айға 100-150 мың теңге жұмсайды. Бұдан бөлек, қала халқының төлейтін коммуналдық қызмет ақысы бар. Ауылда тұратын елдің жем-шөбінен бастап, отын-суына дейін қымбаттаған. Алдағы уақытта да қымбатшылықтың өспейтініне қатысты ешбір инстанция кепілдік бере алмайды. Мұны ескерсек, біз қазір әлеуметтік аз қамтылған топтарға үлкен салмақ түсіріп отырмыз. «Дамимыз, біз баймыз», деген сөздерден елдің құлағы жауыр болды. 60 мың теңгемен олар қалай күн көреді?! Үкіметке халықтың кедейлігін мойындайтын кезең жетті. Соңғы екі жыл бойы халықтың ақшаны тамақтан үнемдеуі көп нәрсені аңғартады, – дейді қаржыгер.
Күзге дейін сауатты шешімдер жасалуы керек...
Сарапшының айтуынша, қарапайым бұқара нақ қазіргідей жағдайда мемлекеттік қолдауды қатты сезінуі керек. Дерекке жүгінсек, Қазақстан қазірде ең төменгі жалақы деңгейі бойынша ТМД елдерінен артта қалып қойды. Мысалға, осы көрсеткіш Украинада – 6500 гривнаға (102 765 теңгедей), Ресейде – еңбекақының ең төменгі мөлшері (МРОТ) 12 792 рубльге (74 194 теңгедей), Беларусте – 400 белорустік рубльге (68 000 теңгедей) тең. Міне, осыған орай, үкімет болашақта сауатты шешімдер қабылдауы тиіс. Әсіресе, елдегі орташа жалақы мен ең төменгі күнкөріс деңгейіне қатысты нақты шешімдер қабылдануы керек. Ол үшін халық тұтынатын азық-түлік себетінен бастап, орташа жалақы көлемі, ең төменгі жалақы, күнкөріс деңгейі қайта сұрыпталуы қажет.
Экономист мамандардың байыптауынша, келер күзде қымбатшылық қатты қоюлана түседі. Әлемдік экономикада қалыптасып отырған жайттың өзі осыны аңғартып отыр. Сондықтан біздің атқарушы органдарға болашақта қажетті болатын сауатты шешімдер қабылдау керек болады. Ол үшін біріншіден инфляция жеп қойған халықтың ақшасы қайтуы үшін ең төменгі жалақы көлемін өсірген жөн. Бұл, әсіресе, мемлекеттік қызметте жүрген әлеуметтік қызметкерлерге қатысты айтылып отырған ұсыныс. Бұдан бөлек, үкімет монополистерге шектеу қоя білуі керек. Тариф мөлшерлемесін қолдан көтеруге, газ, жанар-жағармай бағасын орынсыз қымбаттатуға жол берілмеуі қажет. Отандық өнім өндіретін кәсіпорындарға қазір салықтық жеңілдіктерден бөлек, тарифтік жеңілдіктер қарастыру да өзекті болып отырған тұс. Себебі жылу-жарық, жол тасымалы қымбаттаған сайын олар да өнім бағасын өсіре қояды. Осы мәселенің алдын алу үшін отандық өнім өндірушілерге жеңілдікпен қолдау білдірген абзал. Халық ең көп тұтынатын өнімдер арзан болуы үшін мемлекеттік арзан дүкендер желісі ашылса, жөн болады. Ол дүкендерге өнімдер зауыттан шыққан өз бағасымен жеткізіліп отырса, анағұрлым арзан болады. Аталмыш ұсыныстарды алға тартқан сала мамандары «бірінші кезекте, осы аталған ұсыныстар жүзеге асса, халықтың мойнындағы ауыртпашылық сәл-сәл жеңілдер еді», – дейді.
Сұраныс болмаса, экономика да құлдырайды…
Жалпы, мамандар алға тартып отырғандай, қазір қалай десек те, халықтың қолындағы қаражат азайып қалды. Тіпті кірісі күрт төмендеген адамдар алақан жайып, қайыр сұрауға да арланып отырған жоқ. Үкімет бұл мәселенің арты экономикаға үлкен соққы екенін жете ұғынуы керек. Негізінде, нарық заңы бойынша халықтың қолында қаражат жоқ болса, экономиканың болашағы да бұлыңғыр деген сөз. Бұл ретте,экономист-сарапшы Мақсат Халық былай дейді:
– Бүгінде экономикадағы үлкен проблема – жиынтық сұраныстың түсіп кетуі. Өйткені халықтың қолында қаражат жоқ. Қандай да бір тауарды алғысы келеді, бірақ сатып ала алмайды. Сондықтан, ең бірінші кезекте, осы мәселені шешу керек деп ойлаймын.
Сөйтіп, маманның пайымынша, жиынтық сұраныстың түсіп кетуі осындай мәселеге әкеп тірейді. Сондықтан үкімет болашақта табыссыз қалғандардың қолына қаражат ұстату жағын мықтап қолға алуы керек. Ол үшін елдегі жұмыссыз қалғандарға «екі қолға бір күрек» ұстатып, жұмыс беруі керек. Болмаса бюджеттен бөлінетін жәрдемақы мен үстемақының көлемін арттыру қажет.
Жалпы, мамандардың айтуынша, біз 2007-2009 жылдардағы дағдарыстан сабақ алып, үдемелі индустриалды-инновациялық бағытта жұмыс істегенімізде, тап қазіргідей, қиналып отырмас едік. Кезінде бұған қатысты қаншама арнайы бағдарлама қабылдап, «отандық экономиканы индустриалды-инновациялық жолмен дамытамыз», дедік. Өкінішке қарай, аталмыш бағдарламалар өз жемісін бермеді. «Әне, ертегі заман туады, міне, дамимыз», деп халықты үміттендіріп, алдағалы 30 жылдан да асты. Мамандардың пайымдауынша, үкімет болашақта халықтың бизнеспен айналысуына, жақсы өмір сүруіне, отандық өндірісті дамытуға шындап кірісуі керек. Олай етпесек, «біз құрамыз деген Жаңа Қазақстанның да іргесі дұрыс қаланбай, буыны бекімеген баладай, бұлғақтап қалуы да ғажап емес».
Негізінде, адам өз тапқан табысына сапалы өмір сүре алуы керек. Бірақ елімізде айлығын шайлығына жеткізе алмай жүрген күнкөріс дәрежесі төмен 1 млн-ға жуық адам бар. Елдегі байлықтың жартысы 162 адамның ғана қолында екенін ел Президенті Тоқаевтың өзі жуырда ашық айтты. Рас, бәріміз бірдей байып кете алмайтынымыз анық. Дегенмен, сіңірі шыққан кедейшілікпен Жаңа Қазақстанға бара алмайтынымыз бесенеден белгілі. Ендеше, таяу болашақта үкімет «қараша халықтың күнкөріс деңгейін арттыруға ықпал ететін шешімдерді електен өткізіп, елге тиімді жобаларды ойластырады», – деген үміттеміз...