Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:14, 24 Тамыз 2022

Синтетикалық есірткі сүліктей сорады

None
None

ХХІ ғасыр індеті – синтетикалық есірткі. Әсіресе жастар арасында еліктіргіштің осы түрі жалпыласқан.

Ғасыр індеті деуіміздің себебі, әдеттегі есірткіге тәуелді болған адамдарды дәрігерлер емдей алады екен. Ал синтетикалық есірткіге үйреніп алғандарға медицинаның қауқары жете бермейді. Бұл тәнді де, жанды да жаралайтын өте жауыз еліктіргіш.

Астанада есірткіге тәуелді 2 мыңға жуық адам тіркеуге алынған. Ал жастар арасында нашадан химиялық жолмен дайындалатын қоздырғышқа деген жастардың құмарлығы басым. Елордадағы нарколог дәрігер Гүлімнің айтуынша, синтетикалық есірткіге тәуелді болған екі-үш адам күніне орталыққа түсетін көрінеді. Оларды мәжбүрлі және өз еркімен емдеу жолға қойылған. Әрине, салыстырып айтсақ, өз еркімен келіп емделетіндердің саны басым. Мамандар синтетикалық есірткіге еліткендерді «миына мина жасырылғандар» дейді екен бейнелеп. Бұл олардың қоғам үшін қауіпті екенін көрсетеді.

Нарколог Тоқтар Қойшыбектің айтуынша, синтетикалық есірткіге тәуелді адамдардың өмірі өте қысқа болады екен. Бұрын есірткі қолданған адамдардың ғұмырын дәрігерлер 10 жыл деп шамалайтын. Қазіргі күні синтетикалық есірткіге тәуелді адамдардың өмір сүру ұзақтығы 2 немесе 4 жылдан аспайды. Синтетикалық есірткінің адам ағзасына тағы бір зияны – ер адамдардың еркектің қасиетін азайтып, әйелдердің бала көтеру қабілетін кемітеді. Бұл ұрпақ өсіруге, ұлт болашағына зиян деген сөз.

Есірткіге есі кеткен Қанатпен Алматыдағы наркологиялық орталықта таныстық. Қанаттың айтуынша, ол есірткінің барлық түрін қолданып көріпті. «Ең сорақысы – синтетикалық есірткі» дейді ол. «Бірнеше ай қол үзіп, емделіп, есірткіге жоламай кеткен күннің өзінде біреу есірткі пайдаланып тұрса, өзіңді ұстай алмай қаласың» деді бізге.

Қазір есірткі сатумен айналысатын интернет дүкендердің саны көп. Алматының өзінде 300-ге, Астанада 200-ге жуық. Ғаламтор саудасына соңғы кездері телеграм канал қосылыпты. Онда есірткі бизнесін ашық жүргізетін топтар бар. Есі кеткендер сол жерден табады екен керегін. Синтетикалық есірткінің кристал, тұз, дизайнерлік есірткі деген қосымша атаулары да бар, жарнасы жарып тұр. Есірткі саудасында жеткізіп берушілердің қызметі де қарастырылған. Ондай жұмыспен көбінесе жасөспірімдер айналысады. Үйдің бұрышы, ағаштың түбі, көлік тұрақтардың жанына жасырып қойып, қажетті адамға телефон арқылы хабарлап сатады олар. Бірақ әлгі «тұзды» жасайтындар мен жеткізіп берушілер құрыққа түсе бермейді.  

Алматылық Қанаттың айтуынша, 35 жастағы жігіт түн ұйқысынан шошып оянып есірткі іздеп кетеді екен. Қорқынышты түс көреді, аласұрады, біреу қуып келе жатқандай күй кешеді, құлағына әртүрлі дауыс келеді, еліреді, есіреді...

Синтетикалық есірткі бизнесін мүлде құртып жіберу қиын. Дәрігерлердің айтуынша, оны жасайтын химиялық қосындыларды өзгертіп, сата беретін көрінеді. Сондықтан оны жасайтын адамдар да жауапқа оңай тартылмайды. Бірақ құзырлы орган қарап отырған жоқ. Апта сайын, күн сайын, сағат сайын есірткіні бизнес қылғандардың ізіне түсіп, ұстап жатады. Елордадағы есірткіге қарсы күрес басқармасының басшысы Сергей Ильиныхтың айтуынша, 5 шілдеден бастап есірткінің 89 түріне тыйым салынып, заңға өзгертулер енгізіліпті. Одан бөлек, синтетикалық есірткінің 386 түрлі элементі де тіркеліпті. Сөйтіп, сол 5 шілдеден бастап есірткімен қарсы күрес қызметкерлеріне қолбайлау болып келген кедергілер негізінен жойылған. Мысалы, соңғы 1 айдың ішінде Алматы, Қарағанды, Қызылжар қалаларында қолдан есірткі жасап келген бірнеше топ құрықталған. Енді оларға есірткі жасап, оны сатқандары үшін қылмыстық іс қозғалды. Ары қарайғы тағдырлары соттың құзырында.

Есірткі бизнесімен күрес қарқынды жүруде. Мысалы, өткен 7 айда Қазақстан бойынша 1491 есірткі қылмысы анықталып, жалпы салмағы 4,5 тонна ұнтақтың көзі жойылыпты. Ішкі істер министрлігінің есірткі кылмысына карсы іс-қимыл департамент өкілі Данияр Оралов брифингте берген сұхбатында биылғы тіркелген есірткі қылмыстарының 874-і өткізу бойынша, 227-сі сақтау бойынша анықталғанын айтты. Әлгі қолға түскен 4,5 тонна еліктіргіштің 2,2 тоннасы марихуана, 400 келісі гашиш және 87 келісі синтетикалық есірткі екен. Ал Нұр-Сұлтан, Атырау, Павлодар облыстарында каннабис тобына жататын есірткілерді жеткізумен және оны өткізумен айналысып отырған үш қылмыстық топ құрықталған. Жеке-жеке айтайық. Биыл синтетикалық есірткі түрімен айналысқан 890 қылмыстық іс анықталды. Одан бөлек, бірнеше қала, облыстарда 23 есірткі зертханасының көзі жойылған.

Синтетикалық есірткіні шекарадан алып өту оңай. Өйткені химиялық қоспа жеке-дара есірткі болып саналмайды. Сондықтан алаяқтар әртүрлі химиялық заттарды еш кедергісіз алып өте береді. Ары қарай әлгі химиялық заттарды қосып, еліктіргіш жасайды. Шекарадан химиялық заттарды мүлде шектеп тастау қиын, өйткені одан дәрі-дәрмек өндірісі тұралайды.

Есірткі жарнамалары қазір көшеде, үй қабырғаларында жазылатын болған. Одан қалса, тілдей қағазға «Жұмыс тауып береміз» деген жарнамалар да толып тұр. Жарнама беруші оңай ұсталмайды, есірткі бизнесі солай көзге көрінбейтін қылмыс болып тұр.

Тегтер: