Сырдың сырбаз келбеті
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы Сыр өңірінде қарқынды түрде жүріп жатыр. Акция аясында саябақтар, скверлер мен аллеялар аумақтарын абаттандыру, қоқыстардан тазарту, ағаш отырғызу сынды жұмыстар жүзеге асып жатыр.
«Ауылдық аумақтарды дамыту туралы» тапсырмасына сәйкес облыстағы елді мекендер арасында тазалыққа, көркейту, көгалдандыруға, абаттандыруға бағытталған «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсы дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келеді.
Байқау – туған өлкені жасыл-желекке айналдырып, табиғатты аялауға және экологияның жақсаруына үлесін қосатын әлеуметтік маңызы бар ерекше жоба.
Былтырғы жылы конкурс көктем және күз айларында 2 мәрте өткізіліп, облыстық бюджеттен 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Оған ауылдық аймақтарға қажетті арнайы техникалар – қалдық тасымалдаушы көлігі, жол тазалағыш, жер қазушы, тиегіш тракторлар, ассенизатор машинасы, жүк тасымалдаушы көлігі секілді 29 техника жеңімпаз елді мекендерге табысталды.
Алғаш рет өткізілген былтырғы көктемгі конкурсқа 7 аудан орталығы мен 24 ауыл қатысып, «Үлгілі аудан орталығы» номинациясы бойынша 3 аудан орталығына және «Үлгілі ауыл» номинациясы бойынша 3 ауылға арнайы коммуналдық техникалар табысталды. Күзгі конкурста да осындай талаптарға сай жеңімпаздар анықталды.
Биыл да конкурс жалғасын тауып, облыстық бюджеттен 436 млн теңге бөлінді. Оған 19 техника сатып алынып, конкурс жеңімпаздарына табысталатын болады. Қазіргі таңда конкурсқа қатысушы елді мекендердің құжаттары жинақталып жатыр.
Конкурс «Үлгілі аудан», «Үлгілі ауыл» және «Үлгілі елді мекен» номинациялары бойынша өткізіледі. «Үлгілі елді мекен» номинациясы бойынша әр ауданнан 1 жеңімпаз елді мекен анықталып, оларға абаттандыру жобаларын қаржыландыруға облыстық бюджеттен 15 млн теңгеден беріледі. «Үлгілі аудан» номинациясына аудандардағы кенттер мен қалалар, «Үлгілі ауыл» номинациясына тірек және серіктес елді мекендер, «Үлгілі елді мекен» номинациясына тірек және серіктес елді мекендерден басқа елді мекендер қатысады.
Ал Қызылорда қаласында «Үздік аула» номинациясы бойынша жыл сайын дәстүрлі түрде конкурс ұйымдастырылып келеді. Өткен жылы қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен конкурс нәтижесімен Қызылорда қаласы Әбдірахманов көшесіндегі №19 көпқабатты үйдің ауласы «Үздік аула» номинациясының жеңімпазы атанды.
Көпқабатты үйдің аталмыш номинацияның жеңімпазы атануына осы үйдің тұрғыны, зейнеткер Бердіқожа Кенжебаевтың үлесі зор. Ол өз күшімен көпқабатты тұрғын үйдің ауласына соңғы жылдары 100-ге жуық ағаш отырғызып, ауланың жасыл желекке айналуына септігін тигізді.
Жуырда қала аумағындағы қоқыс полигонына Корея Республикасынан инвестор тартылып, қоқысты қайта өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда оңтүстіккореялық инвестормен Қызылорда облысы әкімдігі тарапынан меморандумға қол қойылған.
Зауытқа 8 млрд теңге шамасында қаржы салынып, жылына 300 мың тонна қалдық сұрыпталып, қайта өңделетін болады. Нысан 2025 жылдың ІІ тоқсанына пайдалануға берілмек.
Бүгінде Қызылорда қаласының тазалығы мен абаттандырылуына жауапты «Қызылорда тазалығы» мекемесі екі ауысыммен жұмыс атқарып келеді. Тазалық жұмыстарына бір мезетте 75 арнайы техника мен 200-ден астам жұмысшы шығарылады.
Соңғы екі жылда мекеменің материалдық-техникалық базасын жаңғырту мақсатында 2 млрд 153 млн теңге бөлініп, оған қажетті техникалар алынды.
Айта кету керек, коммуналдық саланың жұмысшыларына қолдау білдіру мақсатында оларға қоғамдық көліктерде тегін жүру қарастырылған және жылына бір рет шипажайларға тегін жолдама беріледі. Бұдан бөлек, қаланы көгалдандыру жұмыстарына қатысты биылғы жылдың басында арнайы «Жасыл Қызылорда» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, қаладағы орталық көшелер, сквер, аллеяларды көркейту, көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Сонымен қоса, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының кезекті еңбек маусымының ашылу салтанаты өтті. Жастар қозғалысы тек еңбекке баулып қана қоймай, ортақ идеялар төңірегінде топтастыруда. Жастарды іріктеу кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға өздерін көрсетуге, демалыс кезеңінде қосымша табыс табуына назар аударылып келеді.
«Жасыл ел» жобасы аясында биыл 1871 жас маусымдық жұмыспен, қажетті экипировкамен, белгіленген мөлшерде еңбекақымен қамтамасыз етіледі. Қозғалыс мүшелерімен облыс көлемінде орналасқан мәдени-демалыс орындарында, аллея, сквер, алаңдар мен парктерде көгалдандыру, аумақтарды қоқыстан тазалау шаралары атқарылады. Бүгінде еңбекші жастар республикалық «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына өз үлестерін қосып жатыр.
Айта кету керек, экологиялық акцияға Сыр елінен 191 мыңнан аса еріктілер, қоғам қайраткерлері, бюджет саласы мен кәсіпорын қызметкерлері қатысты. Нәтижесінде, 8 мың тоннадан астам қоқыс қалдықтары шығарылып, елді мекендердегі 505 скверлер мен парктер, 225 тарихи мәдени ескерткіштер, 791 әлеуметтік нысандар, 1130 өнеркәсіп және бизнес нысандары, 289 су объектілері, 24445 аулалар мен көшелердің бойы тазартылып, 900-ге жуық техника жұмылдырылып, 129 мыңнан аса өңірдің климатына сәйкес жерсінетін қарағаш, терек және Сыр талының көшеттері егілді.
Нұрбек Дәуренбеков
Қызылорда облысы