Сирек қордағы Абай мұралары

Қазақтың ұлы ақыны, ойшылы, қоғам қайраткері, демократ ағартушысы Абай Құнанбаевтың туғанына биыл 175 жыл толды.
Қазақ елінің маңдайына біткен ұлы тұлғамыздың ұрпағына қалдырған құнды жәдігерлерін насихаттау бағытында көптеген іс шаралар өткізілуде.
«Ғылым Ордасы» РМК Ғылыми кітапханасының Сирек кітаптар бөлімінде сақтаулы Абай мұраларына тоқталатын болсақ, құнды дүниелеріміздің бірі, жарық көргеніне биыл 111 жыл толған – Абайдың тұңғыш жинағы және сонымен қоса осы жинаққа арқау болған Абай өлеңдері.
Орталық ғылыми кітапхана қорында сақтаулы
Мүрсейіт Бікеұлының 1910 жылы жазған қолжазбасы.
Ақынның әдеби хатшысы болған Мүрсейіт Бікеұлының 1905 жылы жазған қолжазбасы кітапхана қорына 1954 жылы 5 сәуірде түскен болса, Мүрсейіт Бікеұлының 1910 жылы жазған қолжазбасы, Ғылыми кітапхана қорына 1953 жылдың мамыр айында түскен, 220 беттен тұрады. Қолжазбаларға «Тіл және әдебиет институты» деген мөр басылған. Осыған қарағанда бұл кітаптар мен қолжазбалар Тіл және әдебиет институтынан алынған деген болжам ғана бар. Бірақ бұл дүниелердің қайдан келіп түскені туралы жазылған нақты мәлімет жоқ.
Абайдың тұңғыш жинағы 1909 жылы басылып тараған. Санкт-Петербургте басылған Абай өлеңдерінің жинағында ақынның жүз қырықтай өлеңі (аударма өлеңдерін қосып санағанда) мен «Ескендір», «Масғұт» поэмалары басылған, яғни осы күнгі белгілі поэзиялық шығармаларының көрнектілері түгелге жуық қамтылған. Дегенмен, бұл жинақ толық емес. Оған ақынның қара сөздері, бірнеше өлеңдері, әсіресе, атқамінерлердің теріс қылығын сынаған өлеңдері кірмей қалған. Кітапхана қорына 1950 жылы түскен, кітаптың басы мен аяғы сақталмаған, 25-106 бб.
Абайдың алғашқы өлеңдер жинағы. Кітапхана қорына 1950 жылы түскен, кітаптын басы мен аяғы сақталмаған. 25-106 беттері ғана бар.
Бұл тұңғыш жинақты дайындаған, бастырып шығарған Кәкітай Ысқақұлы мен Абайдың баласы Тұрағұл. Абай танудың бастамасы, алғашқы деректік арнасы ретінде осы 1909 жылы жарық көрген Абай шығармаларының тұңғыш жинағын, оған кірген Кәкітай жазған ақынның тұңғыш өмірбаянын айтуға болады. Ал осы Кәкітайдың Абайға қандай байланысы бар, ол неліктен баспаға шығаруға ат салысты, бұл жинақ қалай жиналды деген сұрақтар туындауы мүмкін. Құнанбай 4 әйел алған адам. Оның бәйбішесі Күңкеден – Кұдайберді, інісі Құттымұхамбетке айттырылып, қалыңдық кезінде жесір қалған соң өзі алған екінші әйелі: Ұлжаннан – Тәңірберді (Тәкежан), Ибраһим (Абай), Ысқақ, Оспан, үшінші әйелі Айғыздан – Халиулла, Ысмағұл туады. Қартайған шағында үйленген ең кіші әйелі Нұрғанымнан ұрпақ жоқ. Абайдың « Атадан алтау, анадан төртеу» дейтіні осы. Кәкітай Ысқақұлы Құнанбаев – Абай мұрасын тұңғыш бастырушы, Абайдың інісі Ысқақтың баласы. 8 жасынан бастап ауыл молдасынан 4 жылдай оқып, түрікше, арабша хат таныған. Кәкітайдың ерекше зеректігін байқаған Абай 1882 жылы оны өзіне бала етіп алып, Мағауиямен бірге тәрбиелеген. Семейге ертіп барып, білім алуына көмектескен. Абайдың ақыл-кеңесімен Тұрағұл екеуі қарасөз, аударма, көңіл күй тақырыбындағы қысқа өлеңдер жазады. «Абай ағамның қатарында жүрген 24 жыл ішінде оның үйретпеген білімі болмады, бірақ бәрін түгел ұғып ала алмадым. Сондықтан мен Абай ағама зор қарыздармын, ендігі мақсатым – шамам келгенше оның асыл қазынасын кейінгі жастарға жеткізіп беру», — деп Кәкітай өзіне уәде берген екен. Уәдесін орындап осы тұңғыш кітапты бастырып шығарған. Бірақ, бұл қадам оған көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханұлының ақыл беруімен іске асқан-ды. Абай қазасынан кейін, туыстары Әлекеңнің кеңесі бойынша ақынның асыл мұрасын жинастырып, баспаға әзірлеуге кіріскені мәлім. Бұл туралы құнды деректі 1915 жылы «Қазақ» газетінде жариялаған Кәкітайдың қазасына байланысты жазған мақаласында: «1904 жылы Абай марқұмның өлеңін кітап қылып басыңдар деп, балаларына хат жаздым» деп Әлиханның өзі жеткізеді (Абай дүниеден өткенде алғаш рет орыс тілінде қазанаманы жазған да Әлихан екені белгілі). Сөйтіп, Кәкітай мен Тұрағұл 1905 жылдың қысы мен жазғытұрымында Абайдың өлеңдерін, қарасөздерін жинап, түгендейді.
Ал, жаз келгенде бұл екеуі Абай мұрасын көрші әрі туысқан есебінде болған Мүрсейіт Біке баласы деген молданың қолына беріп, әдемілеп көшіріп жазуды тапсырады. Көркем (ескіше хұсни) жазудың хас шебері Мүрсейіт молда, Әрхамның куәлігінше, арнайы тігілген қоста отырып, өз жұмысын бір айда аяқтап шыққан екен.
Алғашқы кітабы мен Мүрсейіт Бікеұлының қолжазбаларынан басқа, бұл қорда 1933-1936 жылдары жарық көрген алғашқы жинақтары да сақтаулы. Бұл екі кітап латын тілінде жазылған. Екі басылымды да жинақтауға М.Әуезов қатысып, 1934 жылғы басылымын Р.Жаманқұловпен бірігіп құрастырған. «Абай Құнанбайұлы, әңгімелер, «Масғұт», «Ескендір» деп аталатын бір жинақта «16 беттен 104 бетке дейін бас аяғы жоқ» деп анықтама берілген. Кітаптың араб әрпімен жазылған ескі басылым екені көрініп тұр.
Сонымен қатар, 1939-1940 жж. «Көркем әдебиет» баспасынан латын әріпімен басылған 2 томдық шығармалар жинағын да атап өткен орынды.
1933-1936 жж. «Көркем әдебиет» баспасында латын әріпімен басылған
шығармалар жинағы
Себебі кейінгі зерттеушілер текстологиялық зерттеулер жүргізген кезде бұл басылымдағы өзгешеліктерді де назардан тыс қалдырмағандары жөн. Абайдың көзі тірісінде жарық көрген шығармалары бірлі-екілі ғана екенін және ақынның өз қолжазбалары сақталмай, шығармалары түгелдей дерлік Мүрсейіт Бікеұлының қолжазбалары арқылы жеткені ескерілсе, бұл тұңғыш жинақтардың мәні зор екені анық. Басқа жекелеген қолжазбалардың көлемі шағын, оларда Мүрсейіт қолжазбасында жоқ өлеңдердің орны көп толыға қоймаған. Сондықтан олар қосымша деректер ретінде бағалануы орынды.
Ғылыми кітапханада Мүрсейіт Бікеұлының қолжазбаларымен қатар, «Абайдың өлеңдері», «Абай туралы», «Абайдың айтқаны» сынды 120-ға жуық қолжазба бар. Бұл қолжазбалардың көпшілігі латын, кирилица әрпімен жазылған
Құнды жәдігерлердің бірі болып саналатын Н.Жиренгиннің жинап тапсырған, 1945 жылғы латын әрпінде жазылған «Абайдың хаттары мен ертегілері» атты қолжазба. Мұнда «Құнанбайдың баласы Халиоллаға жазған хаты», «Абайдың Халиоллаға жазған хаты», «Абайдың шешесінің Халиоллаға жазғаны» сынды хаттар мен «Ақсақ Француз туралы ертегі», «Ғәділхайыр деген патша ертегісі», «Жеті үй», «Сары үйдегі әңгіме» сынды көптеген ертегілері енгізілген. Біріншіден, Халиолла Құнанбайдың үшінші әйелі, «Абай жолы» роман–эпопеясында айтылғандай және жоғарыда көрсетілгендей сұлу да жас тоқалы Айғыздан туған. Халиолланы ағайын – туыстары Халел десе, оның аты-жөні орыс басылымдары мен архив деректерінде Халиулла Ускенбаев деп кездеседі. Халиолла жасында, барлық Құнанбай балалары сияқты ауыл молдасы Ғабитханнан дәріс алып, мұсылманша хат таниды. Сондықтан да, Ғабитхан молданың Омбыда оқып жатқан Халиоллаға жолдаған 1866 жылғы 4 ақпандағы хатында «Ұстазың Ғабитхан» деп жазуы тегін емес. Бірақ бұл хатты Абайдың шешесі Ғабитханға жаздырған болатын. Ал, екінші хат 1966 жылдың 8 наурызында Абайдың Халиоллаға жазған хаты болатын. Сирек қорда бұл хаттардың көшірмесі сақтаулы.
- Құнанбай қажының Омбыдағы Кадет корпусында оқып жүрген баласы Халиоллаға жазған хатының көшірмесі
- Абайдың інісі Халиоллаға жазған хатының көшірмесі
Ұлы ақын шығармаларының орыс және шет тілдеріне аударылуы қазірде қарқынды жүргізілуде. Оған дәлел 2010 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Ұлттық академиялық кітапханасында неміс тіліндегі Абайдың өлеңдері мен «қара сөздері» топтастырылған жинақтың тұсаукесері өткізілді. Сонда Лео Кошут деген атақты немістің ақыны, аудармашысы, Абайдың өлеңдерін тәржімалады. «Бұл жақсы аударма. Абайдың тағы бір сапалы аудармасы ағылшын тілінде жасалды. Қазір біз үш жылдан бері Жапониямен жұмыс істейміз. Бірақ Абайды олардың тіліне аудару қиындық туғызуда. Жарты әлем испан тілінде сөйлейтіндіктен, екі жыл болды осы тілге де тәржімалауды қолға алып жатырмыз»,-деп атап көрсетті ол. Одан басқа да тілдерге аударылды. Абайды қытайша сөйлеткен, әрі насихаттаушы ақын Ха Хуан Жан (Хабай). Абайдың 167 өлеңін, 3 поэмасын, 45 ғақлия сөздерін түгел аударған. «Абай және Абай шығармалары» деген 3 кітабын Пекин қаласында бастырып шығарған. Абай өлеңдерін басқа тілдерге аударған аудармашылар:
Қытай тіліне аударған – Ха Хуан Жан
Неміс тіліне аударған – Лео Кошут
Грузин тіліне аударған – Ш.Мчедлишвили
Қарақалпақ тіліне аударған – Ш.Сеитова
Қырғыз тіліне аударған – А.Токомбаева
Татар тіліне аударған – М.Максуд және Н.Арсланов
Француз тіліне аударған – Ғалымжан Мұқанов
Ағылшын тіліне аударған – А.Самохвалов
Түркмен тіліне аударған – А.Хайидова, Т.Касымова
Ұйғыр тіліне аударған – П.Искакова және М.Хамраева
Урду тіліне аударған – Хамид Ақбал Иасир
Осы Хамид Ақбал Иасирдың урду тіліне аударған аудармасы кітапхана қорында сақтаулы, сонымен қатар «А. Құнанбаев» Таңдамалы шығармалары. Аударған Ғ. Мүсірепов, «Абай өмірі мен шығармашылығы» Аударған М.С. Сильченко, Н.С. Смирнова, «Абай мен қазіргі заман» Аударған М.И. Ритман-Фетисовтың аудармаларының қолжазба нұсқалары бар. Орыс зерттеушілері М.С.Сильченко мен Н.С.Смирнованың «Абай» (очерки жизни и творчества) атты қолжазбасынан да ұлы Абайдың өмірі мен шығармашылығына байланысты біраз деректі кездестіруге болады. Қолжазба 1945 жылғы машинкаға басылған, күнделік іспеттес. «В ауле Кунанбая», «Медресе в Семипалатинске», «Снова в ауле Кунанбая», «Көкбай Жанатаев», «Абай», «Абай ага» т.б бірнеше бөлімдерден тұрады.
Мұнда «Абай туралы есте қалғандар» деп аталатын қолжазба машинкаға теріліп жазылған. Қолжазбада Тұрағұлдың әкесі Абай жайында жазғаны, Абай болған орта туралы, бітірген даулары жайында берілген. Сонымен қатар мұнда «Абайдың басылмаған өлеңдері» деген атпен екінші бөлімінде бірнеше өлеңдері берілген. Бірақ бұл өлеңдерді М.Әуезов өзі ой елегінен өткізіп, Абайдың стилімен салыстыра отырып, өлеңдердің соңына «Бұл Абайға қонбайды, еліктеудің бірі болу керек», «Еліктеу, Абай емес», «Абай сөзіне ұқсайды» деген сияқты пікірлерін білдіріп кеткен. М.Әуезов деуге нақты негіз болып отырған: сөз соңында М.Ә. деген жазудың болуы. Бұны бізде сақталған М.Әуезовтің қолжазбаларынан да көруге болады. Демек бұл қолжазбалар М. Әуезовтің қолынан өткен дүниелер.
Тағы бір қызығарлық дүние шығыстанушы, этнограф, библиограф Нығмет Сабитовтың 1944 жылы жазған Абай–библиографиялық көрсеткішінің қолжазбасы. 1889-1944 жылдары жазылған Абайдың шығармалары мен ол туралы жазылған әдебиеттерді қамтиды (қазақ-орыс тілдерінде). Кітапхана қорына 1951 жылы түскен. Бұл көрсеткіш қолмен жазылған 135 беттен тұрады. Ішінде 1944 жылы деп көрсетілген бұл қолжазба 1946 жылы кітап болып басылған.
Шығыстанушы, этнограф, библиограф Нығмет Сәбитовтің 1944 жылы жазған Абай — библиографиялық көрсеткішінің қолжазбасы.
Келесі бір қолжазба – Орта азия университетінің прфессоры Абдурахман Гайнанұлы Саадидің «Наваи и Абай» (1889-1956) қолжазбасы. Кітапхана қорына 1950 жылы автор өзі жіберген. Қолжазба 69 беттен тұрады.
Белгілі тілтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Ысқақов Ахмедидің «Абай туралы білетіндері...» қолжазбасы мен «Абай мен Зағифа» машинкада терілген қолжазбасы 1951 жылы кітапхана қорына өткізілген болатын.
Ауыз әдебиетін жинаушы Қ. Қаңтарбаевтың «Абай туралы өлеңдер мен естеліктер» қолжазбасы 1940 жылғы Қарқаралы және Қу ауданындағы колхоздардан жазылып алынған.
Қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор, дирижер, Қазақстанның халық артисі, өнертану ғылымының докторы, профессор, академик Ахмет Жұбановтың 1943 жылы үлкен симфоникалық оркестрге арнап жазған 5 бөлімді «Абай» поэмасы кітапхана қорына 1951 жылы өткізілген, кітап 33 бетті құрайды. Кітапхана қорында Абай Құнанбаевқа қатысты құнды қолжазбалармен қатар, осы кезге дейін шығып келе жатқан жинақтары да сақталған. Әлемге танылған Абайды қанша ұлықтасақ та артықтық етпес. Абай – мәңгі, ұрпағымен бірге жасай бермек!