Сыры ашылмаған Сарайшықтың жыры бітпейді
Атырау облысы – табиғи, мәдени және тарихи ресурстарын пайдалана отырып туризмді дамытуға қолайлы өңір.
Алайда аталған саланы алға ілгерілетудегі іс-шараларға мамандардың көңілі толмайды. Облыста өткен дәуірге тән археологиялық мәдени-тарихи ескерткіштерді зерттейтін кәсіби мамандар тапшы. Аймақтағы туризмді дамытуға жергілікті әкімдік қаражат бөліп, қанша талпынғанымен, ғылыми негіздемесін жасай алмады дейді ғалымдар. Осыған орай «Жас Алаш» атыраулық археолог Амангелді Заинов пен географ-ғалым Арман Жұмағазиев, халықаралық PR және медиа консультант, арт-эксперт Айжан Көшкенованың пікірін оқырман назарына ұсынады.
Амангелді Заинов: Құнды артефактілер «қара археологтардың» қолында кетті
Атырау облысындағы археологияның басты мәселесі – білікті мамандар жетіспейді. Археологиялық нысандарды қазып жүргендердің көпшілігі кәсіби мамандар емес. Өңірде археология бойынша нақты білім алған, кәсіби археолог санаулы. Ал қолына түрлі металл іздейтін құралдарын алып, аймақтағы тарихи ескерткіштердің байлығын тонап, нысандарды бүлдіріп жүргендер жетеді. Бұл келеңсіздіктер өңірдегі археологиялық тарихи-мәдени нысандарды қорғау мәселесінің жеткілікті деңгейде орындалмай отырғандығын аңғартады. Салдарынан өткен дәуірлерге тән, сол заманның ең құнды артефактілер «қара археологтардың» қолында кетті. Тіптен бағалы дүниелер шетел асып та жатыр.
Жалпы Атырау өңіріндегі археологиялық нысандар жүйелі түрде зерттеліп, зерделеніп жатқан жоқ. Соңғы кездері ғана «Сарайшық» музей-қорығы бірталай бастамалар мен жобаларды іске асырып, олқылықтардың орнын толтыра бастады. Биыл «Сарайшық» музей-қорығында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарына қатыстым. Қазба кезінде көне кесененің дромосын кездестірдім. Оны топырақ астынан аршып шыққанда бұл нысанның бұған дейінгі зерттеулерде кездеспеген тың дерегін бірден аңғардық. Алайда кесененің күмбезі қирағанымен, жабық дәлізі сол қалпында сақталған. Бұндай түрде салынған кесенелер Сарайшық қаласында бұрында анықталған, бірақ олар қатты бүлінген еді. Бұл кесененің ерекшелігі – дромосы толық сақталуында. Әзірге алдын ала болжам бойынша белгілі, қоғамдағы статусы жоғары адамдар жерленген болуы мүмкін.
Кесененің ішінен 12 адамның сүйегі табылды. Жалпы кесененің кіреберіс дәлізінің ұзындығы (дромосы) 1,17 см, ал кесененің ұзындығы 6 метрге жуықтайды, ені төрт метрдей көлемді алып жатыр.
Сонымен қатар биыл «Сарайшық музей-қорығының Қазақстанның батыс өңіріндегі алтынордалық қалалар, көне керуен жолдары және керуен-сарайлар: пәнаралық зерттеулер (XIII-XV ғғ.)» атты ғылыми жобасы аясында
Сарайшық селосынан батысқа қарай 15 км жерде орналасқан Ащысай елді мекеніне зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Археологиялық нысанның батысынан Ащысай өзегі өтеді, оңтүстігінде қазіргі уақыттағы шаруашылық орнының қалдықтары тұр. Бұл жерде кеңес үкіметі тұсында Таңдай совхозының №3 фермасы орналасқан екен. Кейін тәуелсіздік жылдарында жеке шаруашылық орны болған. Жалпы жергілікті халық бұл жерді «Қазанбас» деп атайды. Археологиялық нысанның солтүстігінде совхоз малы үшін қысқы азық сақтайтын орлар қазылыпты. Яғни нысан бүлінген.
Бұл нысанды ғылым кандидаты А.Пушкаревтің магниттік түсірілімін басшылыққа ала отырып қаздық. Бұнда археологиялық қазба жұмыстары алғаш рет жүргізілгендіктен және мәдени қабатының жұқа болуына байланысты, қазба жұмыстарын әр жерден таңдап жүргіздік. Сақтықпен 10-15 см тереңдікпен қазып, тазарттық. Қазған сектордың барлық қабатынан керамикалық ыдыстардың фрагменттері, ыдыстың бүйірі, ернеуі, түбі және тұтқасы шықты. Бұдан бөлек, керамикалық шығырдың түбі, малдың сүйектері және моншақтың фрагменті, мыс тиын, сүйектен жасалған бұйымның фрагменті табылды.
Сектордың солтүстік жиегінің орта тұсынан тұрмыстық қалдықтар шұңқыры қазылған екен. Оны тазалау және алу барысында бөлме қабырғасының қалдығы және канның орны табылды. Қабырға шикі кірпіштен қаланғандықтан және антропогендік факторлардың әсерінен бұзылған, өте нашар сақталғаны байқалды. Бұл жерден ошақтың жарты бөлігін, тандыр пештің сұлбасын, тағы да басқа тұрмыстық дүниелерді анықтадық.
Бұл қазбадан тұрмыстық шұңқырлар және пеш орындарының маңынан балық сүйегінің қалдықтары көп кездеседі. Бұның өзі Ащысай тұрғындарының тұрмысында балықтың маңызды рөл атқарғанын көрсетеді. Қазба жұмыстары кезінде артефактілермен қатар малдың сүйектері, кейінгі кездегі заттардың қалдықтары өте көп анықталды. Бұл ретте қазба нысанының дәл қасында қазіргі уақыттағы шаруашылық орындары болғандығын ескеру керек. Археологиялық нысанның құрылыс іздерінде де кейінгі антропогендік іс-әрекеттер нәтижесінде бұзылған екен.
Ащысай елді мекенінен анықталған артефактілер, құрылыс іздері ортағасырлық Сарайшық материалдарымен ұқсас. Мәдени қабатының жұқалығын қарап елді мекенді маусымдық негізде пайдаланған болуы мүмкін деген байлам жасауға болады.
Ащысай елді мекенінің алып жатқан территориясының ауқымдылығын ескере отырып алдағы уақытта археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу ұсынылады.
Бұдан бөлек, мамандандырылған кабинеттердің болмауы зерттеу жұмыстарына бөгет болуда. Мысалы, табылған заттарды классификациялау, яғни анықтау, айқындау үшін арнайы маман жоқ. Археологтардың тапқан заттары жеткілікті деңгейде зерттелмейді. Немесе маманды басқа аймақтан шақыруға мәжбүрміз. Міне, Атырау археологиясында бір-біріне байланған, кереғар, бірі болса, бірі шешімін таппаған мәселелер бар. Салдарынан қазбадан алған зерттеулерімізді жылдам, әрі дер уақытында ғылыми-зерттеу жасап, тұжырым жасаймыз.
Арман ЖҰМАҒАЗИЕВ: Сарайшықты туристік нысан ретінде дамыту қажет
Атырау облысындағы көне Сарайшық қаласын тамашалауға баратын туристер көп. Әдемі музей де салынды, археологиялық қазба жұмыстарын да тамашалауға болады. Алайда шағын ауылға алыстан келіп, жата-жастана жатып қазақ тарихымен танысқысы келетіндерге қандай шарт-жағдай жасалып отыр? Бұл қаланы туристік нысан ретінде халықаралық деңгейде дамыту қажет.
Атырау мен Маңғыстаудағы туризм Каспий теңізіне тәуелді. Көрші облыста туризмді дамытудың мүмкіндігі өте жоғары, оның игілігін де көріп отыр. Ақтауда теңіз суы терең, жағалауға жақын болғанымен жаз айларында тез жылымайды. Ал біздегі Исатай ауданы аумағындағы Жанбай, Зинеден ата ауылы маңындағы Каспий теңізі ерте жылиды және суға түсу мерзімі де ұзақ. Теңіз суы тартылып, жағалаудан алыстап, таяздап кеткеніне қарамастан, жабайы демалыс тоқтаған жоқ, халық қалауынша барып, шомылып жатады. Бұл аумақтан демалыс орындарын, шипажай мен балалар лагерін салу жоспары болған еді. Аяқсыз қалды. Теңіз тартылып кетті деген болар. Бұл тек біздің көзқарасымыздағы – проблема. Бұндай жерді өзге елдер өте тиімді пайдаланып отыр. Ол жерден аквапарк, бассейндер, теңіздің тереңіне дейін баратын аспалы жолдар тұрғызуға болар еді. Жазғы маусымда жұмысы қызып жатады. Жайық өзені бойында да осындай мәселе. Бірнеше елді мекенде, Атырау қаласында екі-үш жағажайлар бар. Онда да қауіпсіздігі қарастырылмаған жабайы демалыс орны деуге болады. Шомылуға келген талай адам суға кетіп қалды.
Жайық өзенін шағын қайық немесе кемемен бойлай жүзіп, саяхатшыларды теңізге шығаруға да мүмкіндік жоқ. Судың көп келетін уақыты – көктем мен күзде бекіре тұқымдас балықтардың шабақтарын жіберу мерзімі деп өзен бойын жауып тастайды. Ал негізінде белгілі мерзімде адамдардың теңізге шығып саяхаттауына мүмкіндік беріп, кәсіпкерлердің табыс табуына арналған туризмді дамытуға болады. Жайықтың теңізге құяр сағасындағы табиғат қандай тамаша? Өзен сағасында «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты деген керемет жер бар. Ондағы құстардың жүздеген түрлерін, өсімдіктер мен жан-жануарларды екінің бірі көре алған жоқ. Өткенде барып келдім. Арнайы каналдарды аршыған екен, алайда резерваттың аумағынан Каспийге тіке шыға алмайсың. Соның өзінде қандай ғажап көріністерді тамашаладық. Құстардың тіршілігін, жұмыртқа басқанын қарауылға шығып бақылауға болады. «Ақжайықтың» аумағында жаяу, велосипедпен, атпен серуендеп жүретін туризмді неге қолға алмасқа? Бұл аймақ мемлекет қорғауында болғандықтан, кіруге шектеу қояды. Мекемеде туризм бөлімі бар екен. Олар тек жарнама жасайды, мектеп оқушыларын науқандық шара негізінде аздап апарып көрсететін көрінеді. Бұларға туризмнен жақсы табыс табуға болады ғой. Ондай мүмкіндік мол болса саяхатшылардан бөлек, құстарды, аңдарды, балықтарды зерттеп жүрген ғалымдар да еркін барып, зерттеулер жасар еді. Резерватты дамытудың келешегі зор.
Атыраудағы туризмнің мешеулігінен мыңдаған адам жазғы демалысын жақсылап өткізе алмай сандалып жүр. Халықтың шетелдік турларды сатып алып саяхаттауға жағдайы жете бермейді ғой. Ішкі туризмге сұраныс жыл санап артып келеді. Атыраулықтар өзге облыстарға ағылып жатыр. Әрине, бара алмай, облыстан ұзап шыға алмай жүргендердің саны одан да көп. Халықтың өмір сүру жасын ұзартамыз, өмір сапасын арттырамыз деп ұрандатып жатырмыз. Алайда оның бастауы – адамдарға кең тыныстап, жүйке-жүйесін тынықтырып, бір мезет болса да табиғаттан рахат алуына қолайлы жағдай туғыза алмай отырмыз.
Өңірдегі елді мекендерде туризмді дамытудың табиғи ерекшеліктері көп. Мәселен, Жайық өзені иректеліп, әдемі иірімдер жасап ағады. Өзен бойынан шағын демалыс орындарын салып, ішкі туризмді дамытуға болады ғой. Қарабатан аумағында түрлі ауру-сырқауларға ем болатын қара балшықтар бар. Оның сапасы өте жақсы, адам денсаулығына ерекше пайдалы екендігін мамандар айтып жатыр. Сол тұстан неге емдік сауықтыру кешенін сала алмадық? Тек балшықты жергілікті шипажайлар тасымалдап қолданып жүр. Неге ірі кәсіпорындарға осындай табиғи орындардың басынан демалыс орындарын, сауықтыру кешендерді салудың бизнестік жобаларын жасақтап ұсынуға, жүзеге асыруға болмайды.
Индер ауданындағы тұзды көлді де әлі күнге дейін талапқа сай туристік аймаққа айналдыра алмадық. Тұзын өндіруді бастап еді ол да тоқтап қалыпты. Бірақ жаз айларында тұзды көлге еліміздің әр аймағынан арнайы келетіндер де, тұзды батпаққа ем алуға баратын атыраулықтар да көп. Алайда басында бір сая болатын нысан, су сатып алатын дүкен де жоқ. Біз табиғи байлықтың қадірін білмейтін елге айналдық қой. Егер облыс туризмді дамытуға дендеп кіріссе, мемлекет қазынасына қыруар қаражат, мыңдаған адамға жұмыс орны табылар еді. Сол ауданда қазақтың баһадүр батыры, жорық жыршысы Махамбет Өтемісұлының қаза тапқан, мәңгілік таныстаған мазары тұр. Басындағы әдемі күмбезін күн аймалап тұрғанымен, барып жатқан жан баласының қарасы аз. Қалай барасың, жолы анау? Ақын-жазушылар елге келгенде тәу етуге барғысы келеді. Жолдың азабынан бастап баруға ұяламыз.
Жылой ауданындағы Ақкөгершін, Ақтолағай, Иманқара үңгірі сынды адырлардың баурайы да туристердің назары түскен мекендер. Жолы жоқ, белгісі жоқ. Бір кезде облыста туризм картасы жасалды, алайда оның өзі шалағай. Олардың картасымен жүрсең, адасып кетесің. Иманқара үңгірі мен Ақкөгершін борлы жоталарына бару бір қиямет. Ондай жолы жоқ, байланысы нашар аумаққа бару қауіпті. Тым құрығанда байланысты реттеп, жолын тегістеп, белгілерін айшықтап қойса барам деген жұрт өзі-ақ тауып барар еді ғой.
Айжан Көшкенова: Көне тарихи қалалар мұражайлары желісін құру қажет
Атырау өңіріндегі табиғи, мәдени және тарихи ресурстарын пайдалана отырып туризмді дамытуда республикалық және халықаралық әріптестікті нығайтып, өңірдің өрісін кеңейту қажет. Әуелі, Қазақстандағы көне тарихи қалалар мұражайлары желісін құру қажет. Мәселен, Отырар, Тараз, Шымкент, Созақ және басқа да тарихи қалалар мұражайларымен ортақ мәселелерді талқылау, тәжірибе бөлісу, келісімдерге келу, бірлескен іс-шаралар (көрме, артфестиваль, т.б) ұйымдастыру. Жақында Атырауда өткен «Сарайшық – бабалар мұрасы» жобасына қатысып, өз ұсыныстарымды айттым. Меніңше, Атырауда суретшілерге арналған халықаралық арт-резиденция ашу қажет. Қазақстанның басқа аймақтары мен шетелдерден келетін суретшілер арт-резиденцияда тоқтап, Сарайшық тарихымен танысып қана қоймай, бірге плэнерге қатысады. Шетелдік және отандық суретшілердің ортақ өнер шығармашылық зертханасын жасау – Сарайшық арқылы қазақ тарихы мен мәдениетін әлемге насихаттауға зор мүмкіндік. Бұл кәсіби қауымдастықтар, мемлекеттер арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтады, жергілікті халықтың, бұқаралық ақпарат құралдарының назарын аудартады.
Мәселен, көне тарихи шаһарларын сақтап, оны өнер арқылы жаңғыртып отырған Италия, Греция, Франция, Жапония, Түркия сияқты елдермен әріптестік байланыс орнатып, келісімге келу өте тиімді болар елі. Сарайшық мұрасына арналған интеллектуалды кездесулерге атақты шетелдік және отандық суретшілерді шақыруға мүмкіндік тудырады. Бұл көпшілік қауымның назарын аудартады әрі тәжірибе алмасуға жақсы орай туғызады. Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалармен мәдени алмасу шараларын – фестивальдер ұйымдастыру. Бұл Сарайшықтың мәдени орталық ретіндегі мәртебесін нығайтады.
Көне қалалар мен оның тарихи мұрасын көркемөнер арқылы ілгерілету – мәдени дипломатия мен бабалар мұрасын кеңірек дәріптеу құралы. Көптеген елдер өнерді көне қалаларға, мәдени ескерткіштер мен тарихи оқиғаларға, мәдени мұраны сақтаудың маңыздылығына көпшіліктің назарын аударту үшін пайдаланды. Мысалы, Италиядағы көне Помпей алдымен суретшілердің назарын аударса, кейін өнердің поэзия, музыка, кино сияқты басқа салаларында шығармашылық объектісіне айналды. Ал көне шаһар қазір туристер ең көп баратын, былтыр 4 миллионнан астам турист келген, жылдық бюджеті 30 млн еуродай әлемдегі табысты заманауи мәдени ошақтардың біріне айналды.
Олар көне жәдігерлерді мұқият сақтаумен бірге заманауи құралдар мен технологияларды тиімді пайдалануда. Айталық, археологияны компьютерлі 3D-модельдеумен байланыстырып, еуропалық зерттеушілер Помпейдегі үйдің цифрлы көшірмесін даярлады, онда олар көне римдіктердің қандай әсем үйлерде тұрғандарын көрсетті, виртуалды тур мүмкіндігін жасады.
Помпейдегі амфитеатрда, мысалы, келесі жылы жазда әлемге әйгілі тенор Андреа Бочелли концертін өткізеді. Яғни тарих пен заманауи өнердің синтезі, сондай-ақ өнер салалары арасындағы өзара байланыс көпшіліктің назарын өзіне аударта түседі. 2027 жылы Помпей Италияның мәдени астанасы атағын алуға үмітті.
Бұдан өзге өздерінің тарихи-мәдени мұраларын көркем суреттер арқылы бейнелеп, көрмелер өткізу тәжірибесі бойынша арнайы жобаларды ЕО басқа елдері, Иордания, Қытай, Ресей, Египет жүзеге асырған. Кейбір мемлекеттер осы арқылы туристер тартса, енді бірі тарихи ескерткіштерін ЮНЕСКО мұралар тізіміне енгізген, мемлекеттерінің имиджін жақсартып, басқа елдермен дипломатиялық байланыстарын нығайтқан.
Дайындаған Жәнібек ҒАЛЫМ