Сирия армиясы елдің солтүстігіндегі аумақтардан күрд күштерін ығыстырды
Сирия үкіметі әскерлері елдің солтүстігінде шамамен 10 жыл бойы күрд күштерінің бақылауында болған кең аумақтарды өз қарамағына алды.
Бұл туралы CNN хабарлады.
Сирия армиясы одақтас ерікті жасақтармен бірге екі күнге созылған шабуыл нәтижесінде Алеппо, Ракка және Дейр-эз-Зор провинцияларының едәуір бөлігін бақылауға алған. Сондай-ақ әскерилер Евфрат өзеніндегі екі су электр станциясын өз бақылауына өткізген.
Сирия билігінің мәлімдеуінше, Дамаск қазір ірі мұнай және газ кен орындарын да бақылап отыр.
Ракка толықтай үкімет бақылауына өтті
Хабарға сәйкес, үкімет күштері Ракка қаласын да басып алған. Бұл қала бұрын ИШИД террористік ұйымының негізгі тірек пункттерінің бірі болған. Ракканың алынуы геолокацияланған фотоматериалдармен расталған.
Үкімет әскерлері мен күрдтер жетекшілік ететін Сирия демократиялық күштері (SDF) арасындағы қақтығыстар қаңтар айының басында елдің ең ірі қаласы Алеппода басталған.
10 қаңтарға қарай үкіметке адал күштер қаланы толық бақылауға алып, күрд жасақтары Евфрат өзеніне қарай шығысқа шегінген.
Атысты тоқтату туралы келісім және қақтығыстардың жалғасуы
17 қаңтарда Сирияның мемлекеттік SANA агенттігі үкімет күштері Алепподан шығыста орналасқан Дейр-Хафир және Мескена қалаларына кіргенін хабарлады. Ал 18 қаңтарда Сирия армиясының Евфратты кесіп өткені белгілі болды.
18 қаңтар күні Сирия билігі SDF-пен атысты тоқтату туралы келісімге қол қойылғанын жариялады. Келісім Ракка мен Дейр-эз-Зор провинциялары үстінен үкіметтің толық бақылау орнатуын көздейді.
Алайда SDF өкілдері қақтығыстар жалғасып жатқанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, Дамаскке одақтас топтар Раккадағы ал-Актан түрмесі маңында шабуыл жасап жатыр. Бұл түрмеде ИШИД содырлары ұсталады, ал жағдайдың ушығуы аса қауіпті салдарға әкелуі мүмкін.
Аш-Шаръа Германияға сапарынан бас тартты
Сирияның өтпелі кезеңдегі президенті Ахмад аш-Шаръа 18 қаңтарда SDF қолбасшысы Мазлум Абдимен кездесуі тиіс болғанын, алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты кездесудің 19 қаңтарға шегерілгенін айтты.
Елдегі ахуалдың ушығуына байланысты аш-Шаръа 19-20 қаңтарға жоспарланған Германияға сапарынан бас тартты. Ол Берлинде Германия Президенті Франк-Валтер Штайнмайер және канцлер Фридрих Мерцпен, сондай-ақ саяси және бизнес өкілдермен кездесуі тиіс еді.