Сирия билігі мен күрд күштері атысты тоқтату туралы келісімге қол қойды
Сирияның өтпелі кезеңдегі президенті Ахмед аш-Шараа күрдтердің «Сириялық демократиялық күштерімен» (SDF) атысты тоқтату жөнінде келісім жасалғанын мәлімдеді.
Бұл туралы SANA мемлекеттік агенттігі хабарлады.
Құжатта үкіметтік күштер мен SDF арасындағы барлық майдандарда «жан-жақты әрі дереу атысты тоқтату режимін енгізу» көзделген.
Сонымен қатар келісім күрд әкімшілігі мен қарулы құрылымдарын мемлекеттік институттарға біріктіруді қарастырады. AFP агенттігінің хабарлауынша, бұл ұзақ уақыт бойы өздері бақылауда ұстаған аумақтарда іс жүзіндегі автономияны сақтауға ұмтылып келген күрд ұлты үшін елеулі соққы болуы мүмкін.
Алда – SDF қолбасшысымен кездесу
Ахмед аш-Шараа атысты тоқтату туралы журналистерге хабарлай отырып, 18 қаңтарда SDF қолбасшысы Мазлум Абдимен кездесу жоспарланғанын, алайда қолайсыз ауа райына байланысты оның 19 қаңтарға шегерілгенін айтты.
«Жағдайды тұрақтандыру үшін біз келісімге қол қоюды жөн көрдік», – деді ол.
Германияға сапар кейінге қалдырылды
Ахмед аш-Шараа 19-20 қаңтарға жоспарланған Берлинге сапарын кейінге қалдырды. Германия үкіметінің өкілі бұл шешім Сириядағы саяси жағдайға байланысты қабылданғанын dpa агенттігіне хабарлады.
Өтпелі кезеңдегі Сирия президенті 20 қаңтарда Германия канцлері Фридрих Мерцпен, бірқатар федералды министрлермен және бизнес өкілдерімен кездесіп, сириялық босқындарды елге қайтару және 14 жылға жуық азаматтық соғыстан кейін Сирияны қалпына келтіру мәселелерін талқылауы тиіс болған. Мерц аш-Шарааны Германияға өткен жылдың қарашасында шақырған.
Үкімет әскерлері SDF-ті стратегиялық аймақтан ығыстырды
Өткен демалыс күндері Сирияның үкіметтік әскерлері SDF күштерін Эт-Табка қаласынан ығыстырды. Бұл қалада Эль-Асад су қоймасының бөгеті орналасқан, онда 1970-жылдары КСРО-ның қолдауымен салынған ірі су электр станциясы бар. Сирияның жаңа билігі күрдтер бірнеше жыл бойы бақылауда ұстаған ГЭС-ті қайта іске қосып, жергілікті тұрғындарды электр қуатымен қамтамасыз ететінін мәлімдеді.
Сонымен қатар үкімет әскерлері мен ішкі істер министрлігінің күштері Алеппоның шығысындағы Дейр-Хафир және Мескена қалаларына кірді. SANA мәліметінше, осы өңірде тағы 34 ауыл үкімет бақылауына өтті. Күрдтердің «Сириялық демократиялық күштерінің» жүздеген жауынгері беріліп, шамамен 200-і эвакуацияланған. Кейінірек SDF Евфраттың оң жағалауынан да ығыстырылды.
Алеппо маңындағы қақтығыстар 6 қаңтардан бері жалғасып келген. Тараптар бір-бірін зорлық-зомбылықты ушықтырды деп айыптаған. Алеппо губернаторы Азам әл-Гарибтің айтуынша, 10 қаңтарға қарай күрдтер басым қоныстанған аудандардан шамамен 155 мың адам қаланың басқа бөліктеріне немесе ауылдық жерлерге көшіп кеткен.
Сириядағы сайлау және жаңа билік
2025 жылдың қазан айында Сирияда Башар Асад биліктен құлатылғаннан кейін алғашқы парламенттік сайлау өтті. Алайда сайлау тікелей емес форматта ұйымдастырылды – дауыс беруді сайлау алқасының мүшелері жүзеге асырды. Қауіпсіздік себептерімен елдің 14 провинциясының үшеуінде сайлау өткізілген жоқ.
Ахмед аш-Шараа 2024 жылдың соңында Асадты биліктен тайдырғанға дейін Абу Мохаммед әл-Джулани деген атпен белгілі болған. Ол 2003 жылы Ирактағы «Әл-Каида» ұйымына қосылып, АҚШ бастаған халықаралық коалиция күштеріне қарсы соғысқан. 2006 жылы америкалық әскерилер оны тұтқындап, бес жыл бойы Ирак түрмелерінде ұстаған.
2011 жылы бостандыққа шыққаннан кейін аш-Шараа Сириядағы «Әл-Каиданың» бөлімшесі – «Джебхат ан-Нусраны» құрды және басқарды. Кейін бұл топ «Ислам мемлекетімен» уақытша ынтымақтасқан. 2017 жылы ұйым «Хайят Тахрир аш-Шам» атауымен қайта құрылып, басты мақсаты Асад режимін құлату болды.
Fox News арнасына 10 қарашада берген сұхбатында Ахмед аш-Шараа «Әл-Каидамен» байланысының өткеннің еншісінде қалғанын мәлімдеген.