Сирия премьер-министрі билікті көтерілісшілерге беруге келісті
Al Jazeera-ның хабарлауынша, уақытша үкіметті Хайят Тахрир аш-Шам жетекшісінің жақын серігі деп аталатын Мұхаммед әл-Башир басқарады.
Сирия премьер-министрі Мухаммад Гази әл-Джалали билікті Башар Асад режимін құлатқан көтерілісшілердің басшыларына беруге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлады Reuters агенттігі. Оның айтуынша, процесс бірнеше күнге созылуы мүмкін.
"Сирияда болған оқиға – революция", - деп келтіреді dpa агенттігі премьер-министрдің үндеуін .
Асад режимін құлатуға мұрындық болған «Хайят Тахрир аш-Шам» тобының жетекшісі Әбу Мухаммад әл-Джулани 9 желтоқсанға қараған түні премьер-министрмен кездесіп, уақытша үкімет құру мәселесін талқылады, деп хабарлайды Reuters.
Al Jazeera-ның хабарлауынша, уақытша үкіметті топ жетекшісінің жақын серігі делінетін Мұхаммед әл-Башир басқарады.
Асад әскеріне амнистия
Сондай-ақ топ басшылығы Башар Асад кезінде қызмет етуге шақырылған барлық сарбаздарға рақымшылық жариялады, деп хабарлайды dpa. Әскерилердің қауіпсіздігіне кепілдік берілген және оларға қарсы барлық шабуылдарға тыйым салынған, деп хабарлады агенттік топтың Telegram мәлімдемесінің үзінділеріне сілтеме жасап.
Бұл топ бастаған көтерілісшілер қараша айының соңында Сирия үкіметінің күштеріне қарсы ауқымды шабуылды бастады. Олар бірнеше күннің ішінде елдің екінші үлкен қаласы Алеппоға кіріп, тағы бірнеше ірі орталықтарды бақылауға алды. Желтоқсанның 8-і күні олар Дамаскіге кіріп, мемлекеттік телеарна арқылы Асад режимін құлатқанын жариялады. Башар Асадтың өзі отбасымен бірге Ресейге қашып, оны паналаған, деп хабарлады Кремль.