Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:41

Сирия президенті АҚШ-та Трамппен нені талқылайды?

Ахмед аш-Шараа мен Трамп
Фото: Bandar Al-Jaloud/Saudi Royal Court/Handout/Anadolu via Getty Images

Сирияның уақытша президенті Ахмад аш-Шаръа АҚШ-қа ресми сапармен барды. Бұл оқиға Таяу Шығыс тарихында жаңа парақ ашқандай әсер қалдырды: Сирия басшысы алғаш рет 1946 жылдан бері Вашингтонға шақырылып отыр.

Сапар алдында Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесі Ахмад аш-Шаръа мен Ішкі істер министрі Анас Хаттабқа салынған санкцияларды алып тастаған болатын. Бұл шешім Батыс елдерінің Дамаскіге бағытталған ұзақ жылдар бойғы оқшаулауды жеңілдету әрекеті ретінде қабылданды.

Ақ үйдегі тарихи кездесу

Ахмад аш-Шаръа АҚШ президенті Дональд Трамппен Ақ үйде жүздесіп, Сирия мен АҚШ арасындағы жаңа қатынастарды талқыламақ. Тараптар көтеруі мүмкін негізгі тақырыптар төмендегідей:

- Санкцияларды жою: Сирия басшысы ел экономикасын қалпына келтіру үшін АҚШ-тың экономикалық шектеулерін толық алып тастауды көздейді.

 - Сирияның халықаралық терроризмге қарсы коалицияға ресми түрде қосылуы жөніндегі келісім жасалуы ықтимал.

- Сирия-Израиль қауіпсіздік келісімі: АҚШ Дамаск пен Тель-Авив арасындағы шекаралық тұрақтылықты қамтамасыз ететін жаңа келісімге делдал болғысы келеді.

Бұл тақырыптар Вашингтонның аймақтағы геосаяси мүдделерімен тығыз байланысты. Сарапшылардың пікірінше, Сирияның ДАИШ-қа қарсы күреске қосылуы АҚШ-қа Таяу Шығыстағы ықпалын сақтауға мүмкіндік береді.

Сирияның мақсаты қандай?

Ахмед аш-Шаръа бұл сапарды Сирияның халықаралық аренаға қайта оралуының бастамасы ретінде қарастырып отыр.

Біріншіден, санкциялардың алынуы ел экономикасына жаңа серпін береді. Соғыстан қираған инфрақұрылымды қалпына келтіру және шетелдік инвестиция тарту — жаңа биліктің басты мақсаты.

Екіншіден, Сирия жаңа билігі бұрынғы режимнен алшақ екенін көрсетуге тырысуда. Аш-Шаръа Батыспен байланыс орнатып, елдің халықаралық беделін қайта қалыптастыруды көздейді.

Үшіншіден, ДАИШ-қа қарсы күресте сенімді серіктес ретінде көрінгісі келеді. Бұл оған қауіпсіздік кепілдігімен қатар, жаңа дипломатиялық мойындау әкелмек.

Қауіпсіздік және аймақтық тепе-теңдік

Сирия мен Израиль арасындағы қарым-қатынас соғыс жағдайынан әлі толық арылмаған. Дегенмен, Вашингтон қысымымен екі тарап жаңа қауіпсіздік келісіміне келуге тырысып жатыр.

Reuters дерегінше, жаңа келісім 1974 жылғы демаркациялық аймақты кеңейтіп, Израиль шекарасына жақын аймақтарда қарулы күштер мен техникаға шектеу қоюды көздейді. Бұл бастама Сирияның аймақтық тұрақтылыққа бейілділігін көрсетуге бағытталған.