Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:10

Сирия Эс-Сувейдадан әскерін шығара бастады

Сувайда
Фото: Karam al-Masri/REUTERS

Сирия үкіметі 16 шілде күні елдің оңтүстік-батысындағы Эс-Сувейда қаласынан әскери бөлімшелерін шығаруды бастады.

Бұл шешім кейінгі апталарда друздар мен бәдауилер арасында ушығып кеткен қақтығыстан кейін жасалған бітім келісімінің бір бөлігі ретінде қабылданды.

Қақтығыстар шілденің 11-інде басталып, ресми деректерге сәйкес, 350-ден астам адам көз жұмды, жүздеген адам жарақат алды. Қаза тапқандар қатарында бейбіт тұрғындар, қауіпсіздік қызметкерлері мен қарусыз этникалық топтар да бар. Сувейда аймағы негізінен друз қауымының тарихи мекені саналады.

Дамаск пен друз өкілдері арасында жасалған келісімге сәйкес, енді аймақтағы қауіпсіздік қызметін тек азаматтық құрылымдар қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, заңбұзушылықтар мен адам құқығының бұзылуын тергейтін бірлескен комиссия құрылмақ. Қақтығыс барысында тұтқындалғандар босатылады, ал із-түзсіз жоғалғандарды іздеу жұмыстары жүргізіледі.

Сирия билігі бұл қадамдарды этникалық және діни топтар арасындағы шиеленісті азайту үшін жасап жатқанын мәлімдесе, Израиль Эс-Сувейдаға жақын аймақтарда әуе соққыларын жалғастырып келеді, бұл да ахуалды күрделендіріп отыр. Израиль тарапы бұл әрекеттерін друздарды қорғау деп түсіндіреді.

Бұл оқиға – Башар Асад режимі құлағаннан бергі Сириядағы ең ірі этникалық қақтығыстардың бірі болды.

Тегтер: