Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:45

Сирияда друздар мен бәдәуилер арасындағы қақтығыс: жаңа азамат соғысы ма?

Сувайда
Фото: Karam al-Masri/REUTERS

2025 жылдың шілде айының ортасында Сирияның оңтүстігінде этникалық және конфессиялық сипаттағы қарулы қақтығыстар қайта ушығып, ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де резонанс тудырды.

Қақтығыстың негізгі екі тарапы – друздар мен бәдәуилер. Бұл тек тұрмыстық кикілжің емес, ішкі мемлекеттік әлсіздік, діни-этникалық алауыздық пен аймақтық державалар арасындағы геосаяси ойынның жаңа сахнасы.

Қақтығыс қалай басталды?

11 шілде күні Эс-Сувайда қаласына апарар жолда друз ұлтына жататын көкөніс сатушыны қарулы адамдар ұрлап, ұрып-соғып, тонап кеткен. Көп ұзамай, друз жауынгерлері кек қайтарып, бірнеше бәдәуиді ұрлап әкетті. Бұл – жеке оқиға секілді көрінгенімен, оның арты екі этностың арасындағы ашық соғысқа ұласты.

13 шілдеден бастап Сувайда аймағында ақақығыс басталды. Ондаған адам көз жұмды. Бәдәуилерге Даръа өңірінен қосымша күш келсе, орталық Дамаск билігі де "бейбітшілік орнату" желеуімен әскер кіргізді. Бірақ бұл күштер – жақында ғана друздарға қарсы соғысқан сунниттік жасақтар болатын.

Израильдің тікелей араласуы

Қақтығыстың шарықтау шегінде Израиль қарулы күші араласып, Сирия үкіметінің Сувайдаға бағытталған әскери колоннасына, тіпті Дамаск қаласының өзіндегі Қорғаныс министрлігі мен Бас штаб нысандарына соққы берді. Бұл – Израильдің жаңа Сирия режиміне ашық ескертуі еді.

Нетаньяху басқарған үкімет бұған дейін-ақ Сирияның оңтүстігіне, әсіресе, друздар шоғырланған Сувайда, Кунайтра және Даръа аймақтарына қандай да бір сыртқы күштің енуіне жол бермейтінін мәлімдеген. 

Жаңа режим мен геосаяси тепе-теңдік

Сирияда азаматтық соғыстың белсенді кезеңі аяқталса да, елдің көптеген бөлігінде билік вакуумы сақталып тұр. Қазіргі билікте тұрған Аһмад аш-Шаръа – бұрынғы "әл-Қаида" бөлімшесі саналатын "Жабһат ан-Нусра" командирі. Оны ел ішінде ғана емес, шетелде де көбіне "Абу Мухаммад әл-Джулани" деген әскери лақап атымен таниды.

Жаңа билік исламшыл сунниттік бағыттағы күштерге арқа сүйейді. Бұл өз кезегінде шиіт тармағынан шыққан, өзін қазіргі таңда мұсылман емес деп есептейтін друздармен ашық қақтығысқа апарып соқты.

Сирия–Израиль қатынастары: келісім мүмкін бе?

Соңғы айларда Сирияның Авраам келісімдеріне қосылуы туралы болжамдар айтылып жүр. Тіпті Шаръа Израиль өкілдерімен кездесіп, бейбіт диалог мүмкіндігін талқылағаны туралы ақпараттар тарады. Бұл келісімдер 2020 жылдан бері Израиль мен араб мемлекеттері арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты қалыпқа келтіру мақсатында жүзеге асып келеді.