Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:41

Сирияда жаңа кезеңдегі алғашқы сайлау өтті

Сирия босқындар
Фото: Bodo Marks/dpa/picture alliance

Сирия халқы 14 жылға жуық соғыстан, дүрбелең мен билік үшін тартыстан кейін алғаш рет парламент сайлауына қатысты.

 Бұл – елдің бұрынғы президенті Башар Асад биліктен кеткеннен кейінгі ең маңызды саяси қадам деп бағаланып отыр.

Сайлау қалай өтті?

5 қазан күні өткен дауыс беру әдеттегідей тікелей емес, аймақтық комитеттер арқылы жүргізілді.
Яғни, қарапайым халық дауыс берген жоқ — олардың атынан сайлау алқасының мүшелері мен аймақтық өкілдер таңдады.

Парламенттің жаңа құрамы – 210 депутаттан тұрады. Олар екі жарым жылға (30 ай) сайланады және өкілеттілігі қажет болған жағдайда ұзартылуы мүмкін.

Депутаттардың үштен бірін уақытша президент Ахмед Аш-Шараа өзі тағайындайды, қалғандарын арнайы құрылған өңірлік комитеттер бекітеді.

 Қауіпсіздік себептерімен үш аймақ сайлаудан тыс қалды

Сирияның 14 провинциясының үшеуінде сайлау өтпеді.
Оның себебі – елдің оңтүстігі мен солтүстігіндегі қауіпсіздік жағдайының әлі тұрақталмауы.

  • Эс-Сувейда провинциясында жазда друздар мен бәдәуилер арасында қақтығыс болған.

  • Эль-Хасака және Эр-Ракка өңірлерінің бір бөлігі әлі де күрдтердің қарулы күштерінің (SDF) бақылауында.

Сол себепті бұл үш аймаққа арналған 32 депутаттық орын әзірге бос тұр.

Сайлауға барлығы 1578 кандидат тіркелген. Олардың тек 14 пайызы – әйелдер. Кандидаттарға қойылған талаптар да қатаң, олар Башар Асадтың бұрынғы режимін қолдамаған, сондай-ақ елдің тұтастығына қарсы сепаратистік идеяларды жақтамаған болуы керек.

Президент Ахмед Аш-Шараа бұған дейін тікелей сайлау өткізуге елдің әзір еместігін мойындаған.
Оның айтуынша, ішкі босқындар мен шетелдегі сириялықтардың көбі құжатсыз, сондықтан олар дауыс бере алмайды. Сол себепті бұл сайлау «комитеттер сайлауы» форматында өтті.
Дегенмен, кейбір сириялықтар мен сарапшылар мұны «көрініс үшін жасалған науқан» деп сынап, саяси процестің биліктің толық бақылауында екенін айтады.

Тегтер: