Сириядағы друздар мен бәдауилер арасындағы жанжалға Израиль араласты

2025 жылғы 13 шілдеде Сирияның оңтүстігіндегі Сувайда провинциясында басталған қақтығыстар бірнеше күн бойы жалғасып, ондаған адамның өмірін жалмады.
Қақтығысқа друз халқы мен бәдауи тайпалар арасындағы кикілжің түрткі болды. Кейін қақтығысқа Сирия үкімет әскері мен Израиль әскері араласты.
Қақтығыстың шығу себебі
13 шілде күні Дамаск–Сувайда тас жолында көкөніс сатып келе жатқан друз саудагерін бәдауилер ұрлап кеткен. Оған жауап ретінде друз жасақтары бір бәдауиді тұтқынға алған. Тараптар кепілге алынған адамдарды босатқанымен, 14 шілдеде Ас-Сувайда қаласының шетінде қайта атыс басталып, минометпен атқылау мен тұрғын үйлердің өртенуіне әкелді. Ондаған адам жараланып, ауруханалар лық толған.
Қаза болғандар мен жараланғандар
Сирия Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, кемінде 37 адам қаза тапқан, оның 27-сі друз, 10-ы бәдауи. Қаза болғандар арасында екі бала бар. Адам құқықтарын бақылау жөніндегі Сирия орталығы (SOHR) бұл көрсеткіштің әлдеқайда жоғары екенін – кемінде 99 адам, соның ішінде әйелдер мен қауіпсіздік күштерінің 14 қызметкері қаза болғанын хабарлады. 100-ге жуық адам жараланған, кейбіреулері Даръа қаласына жеткізілген.
Үкімет пен қауіпсіздік күштерінің араласуы
Сирия үкіметі қақтығысты басу үшін арнайы бөлімшелерді Сувайдаға кіргізді. 15 шілде күні Қорғаныс министрлігі атысты тоқтату туралы бұйрық шығарғанын жариялады. Ішкі істер министрлігі жағдайды тұрақтандыру, қылмыскерлерді ұстау және сотқа тарту үшін Сувайдада «тікелей араласу» жүргізілетінін мәлімдеді. Сонымен қатар, билік бұл оқиғаны «конфессияаралық емес, мемлекет пен қарулы бандиттік топтар арасындағы жанжал» деп бағалады.
Израильдің араласуы
14-15 шілде күндері Израиль Қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Сувайда маңындағы Сирия үкіметінің әскери техникалары мен көліктеріне әуе соққысын жасады. Израиль бұл әрекетін Сириядағы друз халқын қорғау мақсатында жасалғанын мәлімдеді. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен қорғаныс министрі Исраэль Кац армияға Сувайдада жүрген үкімет күштеріне «шұғыл соққы беру» туралы бұйрық берген.
Сирияның қазіргі уақытша президенті Ахмад аш-Шаръа басқаратын үкімет тәртіпті қалпына келтіру үшін қауіпсіздік күштерін жіберген. Алайда, Израильдің әуе соққылары мен ішкі қарулы жанжалдар Сириядағы тұрақтылыққа қауіп төндіріп отыр.
Таяу Шығыс елдері, соның ішінде Түркия мен Ливан, сондай-ақ бірқатар араб мемлекеттері Израильдің араласуын айыптап, оны өңірдегі жағдайды ушықтыру деп бағалады.
Друздар кімдер?
Друздар – шиизмнің бір бағытына жататын этно-конфессиялық топ. Сирияда олардың саны соғысқа дейін шамамен 700 мыңға жеткен, басым бөлігі Сувайда провинциясында тұрады. Соңғы жылдары олар Башар Асад режимін жасырын қолдап келген. Алайда Асад билігі құлағаннан кейін, жаңа үкіметтің оларды қорғай алмауы друз қауымының наразылығын туғызып жатыр.