Сирияның уақытша президенті Ресейден Башар Асадты экстрадициялауды сұрады

Сирияның уақытша президенті Ахмад аш-Шара 15 қазанда Мәскеуге ресми сапармен барып, Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті.
Ол Ресейдің Сириядағы бұрынғы режим кезінде жасалған келісімдерді құрметтейтініне сенім білдіріп, Ресей әскерлерінің Тартус пен Хмеймим базаларынан шығуын талап етпейтінін айтты. Бұл екі база – Ресейдің Таяу Шығыстағы және Африка бағытындағы ең маңызды әскери тірек пункттері саналады.
Башар Асадтың экстрадициясы сұралды
Reuters агенттігінің дерегінше, ашық емес кездесу барысында Ахмад аш-Шара Ресейден 2011 жылдан бері елді басқарған, 2024 жылдың желтоқсанында биліктен құлатылған диктатор Башар Асадты экстрадициялауды сұраған. 2025 жылдың қыркүйегінде Дамаск Асадты тұтқындауға ордер берген болатын.
Алайда Кремль өкілі Дмитрий Песков бұл сұраққа байланысты:
«Асад мәселесіне қатысты айтатын ештеңе жоқ», – деп жауап берген.
Асад режимінің құлауы және Ресейдің рөлі
Башар Асадты Ресей 2011 жылы басталған Сириядағы азаматтық соғыс кезінде қолдап, оның билігін сақтап қалуға көмектескен. 2024 жылы режим құлаған соң Мәскеу оған саяси қызметпен айналыспау шартымен баспана берген.
Асад Мәскеуге жұбайы Асма Асадпен және үш баласымен бірге қоныс аударған. Ұлдары Хафиз Асад кезінде Мәскеу мемлекеттік университетінде оқып, 2024 жылдың күзінде, әкесі биліктен кеткенге дейін диссертациясын қорғаған. Қызы Зайн мен кіші ұлы Карим де Ресейде тұрып жатыр.
БАҚ мәліметінше, Асадтар отбасы «Москва-Сити» кешенінде 18 пәтерге ие және олар Сириядан кемінде 250 миллион доллар қолма-қол ақша шығарып, ресейлік банктерге салған.

Мәскеуге қашқан Асад режимінің шенеуніктері
Бұрынғы диктатордың бауыры Махир Асад та Ресейде өмір сүреді. Ол Сирия армиясының элиталық 4-ші бронетанк дивизиясының командирі болған және өңірде кең тараған есірткі — каптагон өндірісі мен саудасын бақылаған мемлекеттік картельдің басшысы болған.
Die Zeit басылымының жазуынша, Башар Асад Мәскеуде уақытын көбіне видеоойындармен өткізеді, ал Махир Асад Four Seasons (бұрынғы «Москва» қонақүйі) кешенінде тұрып, арақ ішіп, кальян шегеді.
Ресейдегі сириялық әскери шенеуніктердің панасы
Die Zeit пен The New York Times деректері бойынша, Асад режимі құлаған соң Ресейге 1200-ге жуық бұрынғы сириялық офицер келген. Олардың басым бөлігі Асад сияқты алавит діни азшылығына жатады.
Мәскеуде қазір:
-
Асадтың бұрынғы қорғаныс министрі және Бас штаб бастығы Әли Айюб — соғыс кезінде химиялық қару қолдану мен қалаларды ату үшін жауапты тұлға;
-
бұрынғы қорғаныс министрінің орынбасары Әли Аббас;
-
әскери барлау қызметінің экс-басшысы Камал әл-Хасан, оның бақылауында атышулы Сайдная түрмесі болған;
-
ұлттық қауіпсіздік бюросының бұрынғы жетекшілері Әли Мамлук, Кифо Малхам және Мұхаммед Зайтун (соңғысының қазіргі мекен жайы белгісіз).
Қанды қылмыстар үшін жауаптылар Ресейде
Мәскеуде 2012 жылы Дараа қаласындағы қырғындарға қатысы бар бұрынғы офицерлер де бар. Ол кезде Асад армиясы қаланы артиллерия және әуе шабуылымен бомбалап, бес күн ішінде 700-ден астам бейбіт тұрғынды өлтірген. Операцияны Махир Асад, оның орынбасары Аус Аслан және генерал Кахтан Халил басқарған — олардың бәрі бүгінде Ресейде паналап жүр.
Тағы бір атышулы тұлға — Сухайл әл-Хасан, Асад армиясының арнайы күштерінің бұрынғы қолбасшысы. Ол Идлиб пен Халебтегі операциялар кезінде қалаларды атқылау, химиялық қару қолдану және жаппай қырғындар жасау бұйрықтарын берген. The New York Times мәліметінше, ол әрекеттерін Ресей күштерімен бірге жасап отырған.