Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:47, 29 Желтоқсан 2021

Сиырға шөп тауып бере алмаған жыл...

None
None

Тағы бір жылды артқа тастадық. Ел ретінде тәуелсіздігімізге қуанып, адам ретінде амандығымызға шүкір етіп, келер жылға қадам бастық.

«Жұтаған шүкірге тоймайды» дегендей, одан бөлек, өткен күннен алғанымыз бар ма, ұтқанымыз қайсы деп, есеп беретін де осы кез. Ендеше өткен жыл халқымызға не берді? Несімен есте қалды? Қазақ билігінің әлеуметтің әлеуетін көтерер қандай шешімдері болды? Електен өткізіп сарапқа салсақ, сиыр жылы қазағымның мінезі мен төзімділігін сынаған айтулы оқиғалар мен елді елең еткізген жағдайлар аз болмапты.

         Дүниежүзінде тегін Pfizer бізде неге ақылы?

2021 жылдың ең басты тарихи оқиғасы – әлем халқы коронавирус құрсауынан құтылудың жолы деп қарастырған жаппай вакцинациялау қолға алынды. Жуырда премьер-министр Асқар Мамин мемлекет басшысына берген есебінде екпенің бірінші компоненті 7,7 миллион, екінші компоненті 6,7 миллион адамға салынғанын мәлімдеді. Ел ішінде жалған екпе жасатушылар мен антиваксерлер көбейгенімен, жалпы, екпе алу көрсеткіші жақсы бағалануда. Атап өтер бір жайт, еліміз «Спутник» вакцинасын сатып алуға 108 млн доллар жұмсаған көрінеді. Халыққа екпе салу жұмыстары жоспарлы түрде жалғасып жатқанымен, бүгінгі күні ДДСҰ мойындамаған екпені алған қазақстандықтардың көңілі күпті күйінде қалып отыр. Тіпті алған екпелерімен кейбір елдерге кіре алмайтынын естіген талай жерлесіміз кімге ренжірін білмей жүр. Ал «тиісті сынақтарды өткізбеген» деп күдікке ілінген «Спутник» вакцинасын ДДСҰ көктемнен бері тексеріп, шешім қабылдау мерзімін бірнеше рет шегере келе, ақыры халықаралық ұйым тексерісті келесі жылға қалдырды. Ал бұл еліміздегі антиваксерлерді қуантып, екпе алған жұртшылықты уайымға салып тұр. Өйткені толық тексерістен өтпеген екпе ұлт денсаулығына қаншалықты қауіп төндірері немесе пайдалы екені белгісіз.

 Қазақстандықтардың 80 пайызы «Спутник V» алғанын ескерсек, бұл мәселе халқымыз үшін өте маңызды болып тұр. Ал мемлекет басшысының тапсырмасымен кеш жеткізілген Pfizer вакцинасын халықтың арнаулы топ өкілдері ғана тегін ала алады. Қалғандары сатып алуы тиіс. Оның үстіне Pfizer вакцинасы Қазақстанға 2021 жылдың 10 қарашасында дамыған елдерден бір жылға жуық уақыт өткен соң, орташа дамыған елдерден алты айдан кейін және Өзбекстан мен Қырғызстан сияқты көршілерден бірнеше айдан кейін кешігіп келді. Онда да президент Қасым-Жомарт Тоқаев «президент әкімшілігі мен үкіметке қазіргі жағдайдың мән-жайын анықтап, осы бір қажетті препараттың біздің нарығымызға келуіне кедергі жасайтын лауазымды тұлғаларға қатысты шара қолдануды тапсырамын» деп атап өткен соң, дүниежүзінің сеніміне ие болған екпеге қол жетті. Онда да халықтың кейбір бөлігі ғана екпені тегін алса, басым бөлігіне сатып алуға ұсынды.

         Сонда ай сайын халықтың қалтасын қағып, міндетті медициналық сақтандыру үшін жарнаны неге төлеп жатырмыз? Ең аяғы екпеміз тегін болмаса, МӘМС-тан пайда бар ма? Ел билігі ұлт денсаулығын саудаға салмай, көршілердің қабағына қарамай, «Спутниктен» гөрі сенімді екпеге неге қаржы салмады деген ойлар көкейде еріксіз көлбеңдейді. Қалай болса да, Pfizer екпесінің елге кеш жеткізілуі, президенттің тиісті лауазым иелеріне ескертпесі бұл істе ұлт денсаулығынан гөрі өз мүдделерін жоғары қойғандардың ықпалы барын аңғартатындай.

          Халық арасында отандық екпелер мен «Спутниктен» гөрі батыстық Pfizer екпесіне сенім жоғары бола тұра, халықтың қалауы ескерілмегені қынжылтады. Жаһандық пандемия кезінде Pfizer екпесін халқына сатып, ұлт денсаулығы сынға түсіп тұрғанда содан пайда табуды көздеген бізден басқа ел болмады. Кез келген елде халық өз қалауындағы вакцинаны тегін алып жатыр. Тіпті Қырғыз елінде Pfizer вакцинасын алып келген соң, халық арасында вакцинаға деген сұраныс артқан. Былтыр пандемия кезінде ел ішінде дәрі-дәрмек жоғалып кетіп, бетперде бағасы аспандап, халық жасанды тыныс алу аппаратын шетелден өз ақшасына тасығанын ескерсек, ал биыл мемлекет сапасы сенімді екпені әкеліп алып, халқына сатып жатқанын есепке алсақ, ел билігі індетпен бетпе-бет келгенде халқына араша түсе алды деп айта аламыз ба?! «Абылайдың асында шаппағанда...» дегендей, биліктен қолдауды осындай кезде көрмесек, қандай кезде сезіне аламыз?!

Ал қазына қаржысын шашып, күмәнді екпені көтере сатып алып, халықтың 80 пайызына егіп тастаған Цой жақында министрліктен өз еркімен кетті. Осылайша Цой кетті, Pfizer екпесін сатып, қалтасын қампайтып билік және  күмәнді екпемен халық қалды. Ертеңгі күні мәселенің жауапкершілігі, ұлт денсаулығының сұрауы кімнен? Ұтқан кім, ұтылған кім, өзіңіз сараптай беріңіз. 

                 Қордағы қаржы енді қол жетпес арман

Өткен жыл дегенде еске түсер бір өзгеріс – зейнетақы қорындағы жинақтың бір бөлігін халыққа мерзімінен бұрын алуға рұқсат етілуі болды. Негізі, қаңтар айынан бастап жүйе іске қосылғанымен, халыққа жету көздері дұрыс жүйеленбегендіктен, жылдың ортасына дейін сан өзгеріске ұшырады. О баста зейнетақы қорындағы қаржыны бірнеше рет шешіп алуға, түрлі мақсатта қолдануға болатыны айтылып, қарық қылып тастағанымен, жеме-жемге келгенде тұрғын үй бағасы қымбаттап, үйге қаржысы жетпегендер жер алғысы келгенімен, оны құрылыс компаниясына аударып, белгілі мерзімде үй салып үлгеру керек деген секілді кедергілер халықтың жылдар бойына жиған қаржысын қолжетімді ете қоймады. Ақырында жыл аяғына жетпей қордағы қаржының шектік мөлшері екі еселенетіні айтылды. Бірақ бұл ұсыныстың жауапкершілігін мойнына алар құзырлы мекеме тағы табылмады.

 Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жаңа шекті мөлшерді есептеуге қатысы жоғын айтып, бір-біріне сілтеді. Ақыр соңында мәселеге президент араласып, қордағы қаржыны алу мерзімі сәуір айына дейін ұзартылды. Үлгергендер соған дейін алып үлгереді, үлгермегендерге енді шекті мөлшері екі еселенген қаржы қол жетпес дүниеге айналатын түрі бар. Шыны керек, алғашында зейнетақы қорындағы қаржы халықтың өз қолына берілетіні айтылғанда қуанбаған жан кемде-кем. Алайда соңы сиырқұйымшақтанып, осылай қол жетпес дүниеге айналды. Бір қарағанда мемлекет халқын өз қаржысымен жарылқап жатқандай көрінгенімен, соңында зейнетақы қорындағы халықтың өз қаржысы өзіне қол жетпес дүниеге айналып шыға келді. Алдады ма, алдандық па? Ұттық па, ұтылдық па? Тағы өзіңіз бағамдай беріңіз.

Қуаңшылық ауыл қазағына қиын тиді. Ал билікке ше?!

Жазда еліміздің бірнеше өңірінде жауын жаумай, жер құрғап, қуаңшылық болды. Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында мыңдаған бас мал қырылды. Арал ауданында төтенше жағдай жарияланды. Тағы да мемлекеттен бұрын халық қозғалып, жер-жерден еріктілер көмекке  шақырып, бас біріктіріп жемшөп жинап, зардап шеккен өңірлерге жөнелтті. Ал халық қиналып, қазақ даласында аштан қырылған мал басы көбейген тұста әрекетсіз отырған ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты президент Қасым-Жомарт Тоқаев отставкаға жіберді. Ал еріктілер жемшөп жеткізу кезінде тасымал үшін қиналып жатқан тұста да бюрократиялық кедергілерге араласудың орнына көз жұмып отырған билік күзге таман ғана «оянып», қуаңшылықтың алдын алуға қаржы бөлді. Алайда кеш қимылдады. Өйткені ала жаздай талай мал қырылып, талай шаруа оған дейін құрық орнына таяқ ұстап қалған еді.

 Ал кеше ғана ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мал азығын арзандатуға бөлінген 1 миллиард 900 миллион теңгенің 700 миллионы игерілмей қалғанын, үкімет резервіне кері қайтарылғанын мәлімдеді. «Жазда бөлінген ретте Маңғыстау облысында 429 мың бас аналық мал бар деп болжанған еді. Ақша бөлінгеннен кейін ол аналық малдың басы азырақ болды. Көп бас мал ИСЖ жүйеге тіркелмеген. Сатылып кеткен мал жүйеден алынбаған. Маңғыстау облысының әкімдігімен тығыз жұмыс жасап жатырмыз. Келер жылы малдың барлық басына көмектесуге амал табамыз», – дейді министр.

Мал қалса көмектесерсіздер, министр мырза! Өйткені онсыз да күйсіз  малдың қыстан қалай шығары белгісіз. Ел ішіндегі жұмыстардың дұрыс жүйеленбеуі салдарынан мемлекеттен бөлінген қаржының тиісті жерді тауып бара алмауына кімді кінәларыңды тағы білмейсің. Қаржы бөлді, үкімет мінсіз. Министр мәлімдеме жасады, ол да сүттен ақ, судан таза. Ал қолда барынан айырылып қалмауға тырысып, көтерем малын орнынан сүйреп тұрғызып, жанталасқан ауылдағы ағайынға не дерсің?! Аштан қырылған малдың обалы кімге? Тағы да ұтқан кім, ұтылған кім?

Ұтқан кім демекші, табиғат тосын мінез танытты дегенмен, жедел шешімдер қабылдауға қауқарсыздық танытқан Сапархан Омаровтың ауыл шаруашылығы министрі ретінде қуылып, кейін ұлттық компанияға басшылық орынға баруы халықты айран-асыр қалдырғаны рас. Ел басына күн туған шақта іскерлігімен көзге түсудің орнына тоңмойындық көрсеткенін жоғары бағалануын қалай түсінуге болады? Әлде шенеуніктеріміздің креслосы халық үшін қызмет ететін емес, олар үшін ат ауыстырып, аяқ суытып кететін жер ғана ма? Ондай болса, енді министрлеріміз әрекетсіздіктен жарысқа түсетін секілді. Ендеше сала қалай дамиды, мемлекет қалай көркейеді?

Айтпақшы, осы қуаңшылық кезінде халыққа үндеу тастап, айлар бойы үй көрмей, еріктілерді жинап, қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлерге тонналап жемшөп жинаумен айналысқан қарапайым қазақтың баласы – Құрмет Талапқазы халықтың ризашылығына бөленген адам ретінде ел есінде қалды. Алайда жыл соңында билік таратып жатқан түрлі марапаттарға ілінбеді. Бейне бір қуаңшылық халық арасында болғандай, ал биліктің оны аса сезінбегенін осыдан-ақ байқауға болатындай. Әлеуметтік желіде халық Құрметке марапат беру туралы бастама көтергенімен, ел тілегі елеусіз қалды.     Тек Шымкент қаласындағы оқу орындарының бірінде оқуын тегін жалғастыруға мүмкіндік алды. Кейін тележүргізуші Мақсат Толықбай Құрмет Талапқазының үйсіз жүргенін ескеріп, халық арасында қайырымдылық есепшотын ашып, оған үй алып беру бастамасын көтерді. Онсыз да Құрметке ризашылығын қалай білдірерін білмей отырған халық екі күнде үйге керекті қаржыны жинап берді. Үй алуға қажетті қаржының жартысын белгілі меценат Дулат Тастекей мойнына алды. Әке-шешесі, туған аға-бауырларының бәрі Қытайда тұратын, өзі пәтер жалдап жүрген Құрметке бұл үлкен көмек екені сөзсіз.

Дегенмен халықтың ықыласын көрген соң, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Құрмет Талапқазымен кездесіп, «Құрмет» грамотасын табыстады. Ал ADAL партиясының саяси кеңес мүшелері 2 млн теңге грант беру туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде халық бірігіп, шын құрметке лайық тұлғаның ескерусіз қалмайтынын, бейбіт күннің батырын халықтың өзі-ақ төбеге көтере алатынын осылайша дәлелдеді. Халыққа Сапархан Омаровтай қолынан түк келмейтін шенеунік емес, Құрметтей қызмет ете алатын, қажет кезде халықпен бірге бола алатын тұлғалар қадірлі екенін ұқтырды.

            Әскери қоймадағы жарылыстар үрей туғызды

26 тамыз күні Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімі аумағындағы оқ-дәрі сақталатын қоймада жарылыс болды. Жарылыстан 13 адам қаза тауып, 98 адамның зардап шеккені, бір кісінің хабар-ошарсыз кеткені хабарланды. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетті. 29 тамыз – елімізде Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыстан қаза тапқандарды аза тұту күні болып жарияланды. Бұл еліміз тәуелсіздік алғалы бері 10-шы рет жарияланған қаралы күн болды. Төтенше жағдай кезінде жоғалып кеткен 34 жастағы сержант Бауыржан Дәуітбаев әлі табылған жоқ.

Қаралы күнде ұтқан мен ұтылғанды таразылаудың жөні болмас. Бірақ он жыл ішінде әскери қоймаларда сегіз рет жарылыс болғанын ескерсек, 2022 жылы қазағымды шошытар мұндай оқиға қайталанбаса екен, бейбіт күнде аспанымызда миналар ұшпаса екен деп тілейміз.

Сондай-ақ өткен жылы бір жарым жыл үзілістен соң, оқушыларымыздың дәстүрлі форматта оқи бастауы, 1-сынып оқушылары үшін «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулығының қайта оралуы, Қазақстанның Ресей «Сбербанкімен» цифрлық үкімет платформасын құру туралы келісімі,жаппай қымбатшылықтың орын алуы, қазақстандық вундеркинд, Гарвард университетінің студенті Ақназар Қажымұраттың өз елімізде қаза табуы, көптеген өзен-көлдеріміздің тартылуы, ұлттық санақтың өткізілуі, суицидтің көбеюі, үш баласымен бірге жас ананың тоғызыншы қабаттан секіруі, Алексей Цой басқарған денсаулық сақтау министрлігінің жыныс ауыстыруға рұқсат беруі секілді оқиғалар көптің назарын аудартып, халықтың талқысына жиі түскен мәселелер болды.

Бір қуанарлығы, халықтың азаматтық ұстанымы қалыптасып келеді. Сол ұстаным халық пен билік арасын жақындатып, халық тұрмысына қолайлы қоғам құруға ықпал етсе, қанекей! Әзірге халықтың нарықтық қоғамда өмір сүруге бейімделіп, өз бетімен қиындықты жеңуге, билікке иек артпауды түсініп келе жатқаны байқалады. Бірақ нарыққа бейімделді екен деп, ақылы жолды қаптатып, салықтың түрін көбейтіп, екпеге дейін сатып, одан қалды, көшедегі бейнеқондырғылармен халықтың қалтасын қағып қалуға тырысу дұрыс емесі анық. Сондықтан сол өзгеріске билігіміз де бейімделіп, «халыққа осы да жарайды» немесе «халық не біледі» деген ұстанымнан арылып, халыққа тиісінше қамқорлық жасауды, қиындықты халықпен бірге жеңіп, дамыған отыз елдің қатарына халыққа жағдай жасап, бірге ұмтылса нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені айналамызға қарасақ, халқы билігінің қамқорлығын сезініп, ұлтының мүддесіне сай заңдар қабылдап жатқан елдер жетерлік. Ел билігі сондай қамқорлықтың жоқтығынан елден безіп жатқандарды көрмесе де, өзге елдердің сол артықшылығын байқаса, шіркін...

Тегтер: