Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:02, 20 Сәуір 2023

«Сіз автокөлік ұттыңыз»

None
None

Алаяқтардың қулығына құрық бойламай барады

Ұялы телефонмен адамның дербес деректерін алып, сол арқылы сан соқтырып кетудің асқынып тұрған рас. Шымкенттің полицейлері жуырда алаяқтардың сall-орталығын анықтады. Тәртіп сақшылары жүргізген арнайы шара барасында олардың кеңсесінен 561 адамның анкетасы табылған.

Полицияға интернет-алаяқтықтың құрбаны болған Абай ауданының тұрғыны арызданған. Оның айтуынша, оған белгісіз нөмірден ер адам қоңырау шалып, құны 12 миллион теңгені құрайтын жаңа Hyundai Accent автокөлігін ұтып алғанын хабарлап, құттықтаған. Қоңырау шалушы өзін тұтынушылар арасында ұтыс ойынын өткізіп жатқан желілік компанияның қызметкері ретінде таныстырған. Оператор жеңімпазға басты ұтысын алу үшін белгілі бір сайт арқылы оның көрсеткен шотын толтыру қажеттігін айтқан. Осылайша алаяқтар сенгіш азаматты 4 миллион теңгеден астам шығынға ұшыратқан.

— Аталған жайт бойынша тергеушілер қылмыстық іс тіркеді. Күдіктілерді анықтауға Шымкент қаласының Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының интернет-алаяқтыққа қарсы күрес жөніндегі жедел-тергеу тобы жұмылдырылды. Қаскөйлердің ізі Таразға әкелді. Қала аумағында жедел уәкілдер олардың кеңсесін анықтады. Нәтижесінде сегіз адамнан тұратын киберқылмыстық топ мүшелері ұсталды. Олардың ең үлкені 28 жаста, кішісі 18 жаста. Ұсталғандардың барлығы бұрын түрлі желілік дүкендердің call-орталықтарында оператор қызметін атқарған, – деп хабарлады Шымкент қаласының Полиция департаменті.

Жұмысқа арналған кеңсені топ мүшелері бизнес-орталықтардың бірінен жалға алған. Кеңседен 19 мобильді құрылғы,13 ноутбук, жалған құжаттарды басқаруға және ақша қаражатын есептеуге арналған жүйелік блок, жәбірленушілермен сөйлесуге арналған жадынама және 561 адамның анкеталық тізімі табылып, тәркіленді.

Қазіргі таңда қалалық полиция департаменті алаяқтық топтың арбауына түскен басқа да тұлғаларды анықтауға бағытталған іс-шараларды жүргізуде. Тәртіп сақшылары жәбірленушілердің қатары тек шымкенттіктермен шектелмеуі мүмкін деп отыр.

Мұның алдында мегаполисте жоғары оқу орнында білім алып, қолындағы дипломмен дене шынықтыру пәнінен мектепте мұғалім болуды көздеген азамат алаяқтық жайтына тап болды.

Наурыздың аяғында полицияның «102» арнасына Шымкент қаласының тұрғыны арызданған. Ол өз арызында бейтаныс азаматшаның «мектепке мұғалімдікке жұмысқа тұрғызып беремін» деп сеніміне кіріп, алдын ала 1 500 000 теңге ақшасын алғанын көрсеткен. Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында жергілікті тұрғынды анықтап, тиісті басқармаға жеткізді.

Ол Шымкент қаласының 34 жастағы тұрғыны болып шықты. Жұмыссыз, бұрын-соңды сотты болмаған. Қазіргі кезде ұсталған азаматтың басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. Тергеу әрекеттері жалғасып жатыр. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары жуырда «қайтарымсыз грант алып беремін» деп, бір азаматтың 4 миллион теңгесін алып кеткен алаяқты құрықтады. Ұсталған азаматша кінәсін толық мойындап, өз ісіне өкінетінін жеткізді. Ол алған ақшаны бас пайдасына жаратып жіберген. Сонымен бірге «ешқандай емтихансыз, көлік жүргізу куәлігін әперемін» деп тұрғындарды алдап, заңсыз ақша алғандардың да саны азаймай тұр. Жақында осындай құрғақ сөзбен жергілікті тұрғынның 400 мың теңгесін алдап алып кеткен күдікті ұсталды. Ол да алған ақшаны жеке басының пайдасына жаратып жіберген.

Күдіктілер заң алдында тиісті жазаларын ала жатар. Ал жәбірленушілерге келтірілген шығындар толық өтеле ме, жоқ па? Сан соғып қалудың бір ұшы – өзіміздің де тым сенгіштігімізге барып тіреледі ғой.

Тегтер: