Сыздықбековтің «самокаты» ескі Шымкентке апарады

Кейінгі уақытта Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің оқиғасынан кейін Ғабит Сыздықбековтің әр қадамын отандық БАҚ аңдитын болып алды.
Сот кезінде айыпталушы Ернар Жиембайдың «Берденовтің өзін атуға Сыздықбеков тапсырыс берді деп айтсаң ғана кешіремін» деп мәлімдеуі аталған оқиғаның саяси астарын тіпті күрделендіріп жіберді. Оның үстіне Сыздықбеков келе сала жемқорлықты жоям деп уәде берген, көп өтпей Берденов «Шымкентте жемқорлық толықтай жойылды» деп айды аспанға шығарған. Бірақ соңғы бірнеше оқиға әкім мен орынбасарын өтірікші жасайтын түрі бар. Осы тамыз айының өзінде Шымкентте бірнеше шенеунік ұсталды.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков 2023 жылдың қыркүйегінде қызметіне кіріскен сәттен бері екі жылға жуық уақыт өтті. Алайда осы мерзім ішінде шаһардың жылдар бойы қордаланған бірнеше проблемалары шешімін таппай келеді. Әсіресе қаладағы жол, су мәселесі де бұрынғы күйінде қалған. Қала инфрақұрылымының олқылығы тек жолмен шектелмейді. 2025 жылдың сәуірінде Шымкенттің Тұран ауданында ашық-шашық жатқан кәріз шұңқырына 7 жасар бала құлап, қайғылы жағдай орын алды. Тұрғындар бұл қауіпті шұңқыр туралы талай рет әкімдікке шағымданғанымен, тиісті органдар немқұрайлық танытып келген. Нәтижесінде бала мерт болып, тек содан кейін ғана әкімдік шұңқырды жабуға бір апта уақыт сұрап, мердігерге кінә артып шықты.
Кәсіпкерлерге қырғидай тиген әкім
Сыздықбековтің тұсында бизнес қоғамдастығының да сын-ескертпелері аз емес. Мысалы, Шымкенттегі «Қиял әлемі» ойын-сауық саябағында жылдар бойы аттракциондар мен сауда нүктелерін жалға ұстап келген кәсіпкерлер әкімдік шешіміне наразылық білдірді. Сот шешімімен саябақ аумағындағы кейбір павильондар заңсыз салынған деп танылып, 2025 жылы мамыр айының соңында бульдозермен сүрілді. 15 жылдан астам уақыт бала-шағамен келетін халыққа қызмет көрсетіп келген кәсіпкерлер бұған келіспей, техниканың жолын бөгеуге тырысты, бірақ нәтижесіз болды. Ақырында құжаттары бар 9 кәсіпкерге жаңадан бой көтеріп жатқан Shymkent City саябағынан жер берілетіні хабарланды, алайда қалған бизнес иелері инвестиция құйып, несиемен жасаған бизнесінен айырылып, шығынға батты.
Жыл басында да Шымкенттегі кәсіпкерлер «қала билігі бізді нарықтан ығыстырып, орнына сырттан келген монополист компанияны кіргізбек» деп мәлімдеді. Кәсіпкер Людмила Вейсалидзе бастаған бизнесмендер әкімдік жариялаған 5,5 млрд теңгелік конкурс талаптары жергілікті компанияларға қолжетімсіз екенін айтты. Олардың сөзінше, әкімдік кейбір компаниялардың келісімшартын біржақты тоқтатып, олардың абоненттерін басқа фирмаларға беріп жіберген. Әкімдік болса, бұл қадамның қаладағы қоқыс проблемасын жүйелі түрде шешу үшін жасалғанын алға тартқан. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 10 жылға жоспарланған, жаңа қоқыс сұрыптау зауыты салынып, жартылай жерасты контейнерлері орнатылады делінген. Алайда шымкенттік кәсіпкерлер мұндай мәлімдемелерге сенбейді.
Тізіп айта берсек, мұндай даулар өте көп. Жерімді тартып алды деп үндеу жасаған кәсіпкерлер де болды. Былтыр антикор мұндай мәлімдеме жасаған бірнеше кәсіпкерді қорғап шықты. Сондықтан осындай даулар Сыздықбековтің бизнеске қолайлы жағдай жасай алатынына күмән туғызады.

«Самокат» мінген әкім мен «Бэтмен» орынбасар
Сыздықбеков әкім болған алғашқы күндерінен-ақ халыққа жақын болып көрінуге барын салды. Қызды-қыздымен «самокат» теуіп кеткен кезі де болды. «Самокатпен» жүріп-ақ қаладағы тәртіпті күшейтіп, жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізетін болған. 2024 жылдың ақпанында Сыздықбеков аппарат жиналысында қарамағындағы қызметкерлерді адал жұмыс істеуге шақырып, «бюджет қаражатын талан-таражға салмауды» қатаң ескерткен-ді. Тіпті сол жиында ол «арамызда сатқындар да бар» деп ашық айтып, сөзі аяқталмай жатып залға жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері кіріп, тұрғын үй басқармасының бір қызметкерін көпшілік алдында қолын қайырып әкеткені жұрттың есінде. Сыздықбековтің сол әрекеті «тазалау» бастамасының көрінісі ретінде бағаланған. «37-нің репрессиясы» стилінде спектакль жасағаны үшін біреулер оны мақтаса, басқалары сынға алды. Нәтижесінде сол ұсталған шенеунік – қалалық тұрғын үй басқармасының бастығы Азат Момынов сотта кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Әрине, сыбайлас жемқорлықты әшкерелеу құптарлық іс, бірақ осындай көрсетілім арқылы әкімнің пиар жасауын көпшілік түсінбеді. Міне, енді арада жарты жыл өтпей жатып Шымкентте жаңа коррупция бұрқ ете қалды. Жоғарыда айтылғандай, бір емес, бірнеше шенеунік тұтқындалып отыр.

Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдайлар жергілікті атқарушы биліктегі жүйелі проблемаларды аңғартады. Қала әкімдігінің қызметінде сыбайлас жемқорлықтың әлі де тамыр жайғаны, тіпті басшылық деңгейдегі тұлғалардың өзара текетіреске дейін баруы Шымкенттің саяси ахуалын күрделендіріп тұр.
Сыздықбековтің орынбасары болып 2025 жылы ақпанда тағайындалған Руслан Берденов те спектакль қоюдан бастығынан қалыспады. Бұрын мәжіліс депутаты болған, әлеуметтік желіде «Бэтмен» кейпімен танылған Берденов жаңа қызметке келе сала, «Шымкентте жемқорлық 100 пайыз жойылды» деп жар салды. Оның сөзінше, Сыздықбеков келгелі барлық салада жемқорлық түбегейлі тоқтаған-мыс. «Мемлекеттік сатып алулар бойынша 100 пайыз жемқорлық жойылды, ондай мүлде жоқ» деген Берденов өз бастығын мақтап, Шымкентті жемқорлықтан тазартып шыққанын жариялады. Алайда Берденовтің бұл мәлімдемесі шымкенттік тұрғындардың ғана емес, жалпы жұртшылықтың күлкісіне қалды. Әлеуметтік желіде «Берденов қиялындағы басқа Шымкентке барып келген шығар», «Шымкентте пара бермесең бір түрлі көрінесің» деген әжуа пікірлер толып кетті.
Ресми деректер мен оқиғалар да Берденовтің сөзін жоққа шығарды. 2023–2024 жылдардың өзінде Шымкентте бірнеше жоғары лауазымды тұлға жемқорлықпен ұсталды. Қала әкімінің аппарат басшысы, сот төрешісі, полиция мен білім басқармасы қызметкерлері тұтқындалды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, 2024 жылдың 11 айында Шымкентте 108 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген, оның 52-сі пара алу, 32-сі ұрлық, қалғаны алаяқтық пен лауазымын теріс пайдалану фактілері. Сол жылы жемқорлықпен 71 адам сотталған, олардың 49-ы мемлекеттік орган қызметкерлері.
Ғабит Сыздықбековтің алдындағы әкім Мұрат Әйтенов тұсында да осындай сындар болған. Тіпті Әйтенов «Шымкентте жемқорлық атымен жоқ, бұл – еңбекқор қала» деп мәлімдеп, жұртты таңғалдырған. Алайда көп ұзамай Әйтеновтің бірқатар орынбасарлары жемқорлықпен ұсталып, оның ішінде орынбасары Мақсұт Исахов сотталды. Өкінішке қарай, бүгінде Сыздықбеков те өзін осындай екіұдай жағдайда көрсетіп отыр. Олай дейтініміз, «Шымкентте жемқорлық жоқ» деп айтылғаннан кейін бір жыл өтпей жатып-ақ, тамыз айының соңында бірден 4 шенеунік ұсталды. Анықтап айтар болсақ, 2025 жылдың 20 тамызында Шымкентте аудандық полиция басқармасының бастығы ҰҚК тарапынан пара алу сәтінде құрықталды. Сондай-ақ 2025 жылғы тамызда қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешов те ұсталып, бұл жайт қоғамда үлкен талқы тудырды. Ресми ақпарат бойынша Әбдешовтің қамауға алынуы оның Шымкенттегі қазіргі қызметіне қатысы жоқ, бұрынғы қызметтеріндегі іс-әрекеттеріне байланысты екені айтылды. Яғни Жамбыл облысында бас сәулетші болған тұстағы күмәнді жайттар үшін жауап беруде-міс. Оның үстіне, Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының жетекшісі Нұрбол Жүнісбеков те қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Осының бәрін ескере келгенде, Ғабит Сыздықбековтің «жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік саясаты» ұран күйінде қалып кетті деуге болады.
Сыздықбековтің дәлізі
Ардагер ұстаз Өмір Шыныбекұлы Шымкентте жемқорлық басқа өңірлермен салыстырғанда аз да, көп те емес деп санайды. Тек кейінгі уақытта жемқорлықпен күрес қарқын алған. Оған себеп, белсенділер белсеніп, «кландар» арасында тайталас күшейіп, антикор жұмыс істей бастаған болуы мүмкін.

«Шымкенттегі жемқорлықтардың ашылып жатқаны белсенділердің жұмысының арқасы деп ойлаймын. Былтыр Түркістан облысында білім саласында 12 млрд теңге ұрланғаны анықталды. Бұл да белсенділердің еңбегінің нәтижесі. Шымкенттегі кейінгі 3-4 әкімнің абыройымен кеткені жоқ. Алайда дәл өзіме әкім тарапынан ешқандай ескерту берілген жоқ, аузымды жабуға тырыспады. Бірақ сәлем айтқандар болды. Қатты қысым жоқ. Бірақ сотқа тартып жатады. Оған шыдап отырмыз. Қазіргі әкім бұрынғылардан артық та емес, кем де емес. Сол жүйе, бұрын салынған дәліз бар, сонымен жүр», – дейді Өмір Шыныбекұлы.
Кейінгі айларда Шымкент әкіміне қатысты тағы бір дау туды. 2025 жылдың көктемінде жергілікті Telegram арналарында қала әкімдігі мерекелік іс-шараларға 475 миллион теңге бөлмек деген ақпарат тарады. Атап айтқанда, «Жеңіс күні» және өзге де мерекелерге орай қымбат сахна құрып, сырттан эстрада жұлдыздарын шақырып, қонақтарға шапан жауып шығарып салуға осынша қаржы жұмсау жоспарланғаны сынға ұшырады. Қоғам белсенділері мұны «ақша шашу» деп бағалап, қымбатшылық қысқан қазіргі кезеңде халыққа қажетті мәселелер шешілмей жатып, ырду-дырду тойға бюджет босқа шашылмақ деген наразылық білдірді. Сарапшылар Сыздықбековтің бұл қадамын әкімнің популизмге бой алдыруы деп бағалайды. Яғни көзге көрінетін мерекелік шаралар арқылы жақсы атын шығаруға тырысу – шын мәнінде қаладағы жүйелі түйткілдерді шешуге кедергі. Оның үстіне, жоғарыдағы қомақты шығынға жоспарланған сауық-сайран жоба қала тұрғындарының билікке деген сеніміне селкеу түсірді. Әлеуметтік желілерде «Сыздықбеков те тойшыл әкімдердің қатарына қосылды» деген әжуа сөздер тарады. Бұған дейін Маңғыстау облысының әкімі Н.Қилыбай да дәл осылай халық қаржысын мерекелерге шаша жаздап, қоғамның сынына ұшыраған еді.
2025 жылдың қыркүйегінде Ғабит Сыздықбековтің Шымкент қаласын басқарғанына екі жыл толады. Аз уақыт ішінде әкімнің атына ілеспеген дау қалмады десек те болады. Жасыл желектің қурауы, ауыз судың тапшылығы, инфрақұрылымның тозығы, білім мен медицинадағы былық, бизнес өкілдерінің базынасы, орынбасарына жасалған қастандық – осының бәрі әкім имиджіне теріс әсер еткені анық. Әу баста дипломатиялық тәжірибесі мол, жаңашыл басшы келеді деп күткендер де болды, тіпті кейбір блогерлер оны президент Тоқаевтың «мини-версиясы» деп те мақтап жіберген.
Айтпақшы, жақында Сыздықбеков президенттің қабылдауында болды. Сол жерде қала әкімі Шымкентті инвестициямен қарық қып тастағанын айтыпты. Мұны біраз БАҚ жарыса жазды. Бірақ жемқорлықты жеңгені туралы айтпаған сияқты, ешқандай БАҚ-тан ұшыратпадық.
Тұрсынбек БАШАР