Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:37, 15 Желтоқсан 2020

«Сізге «Жас Алаш» газетіне жазылуға кім рұқсат берді?»

None
None

Газет қашанда оқырманымен ғұмырлы. Осы тұрғыдан келгенде ғасырға жуық тарихы бар басылымның 7-сыныптан бергі оқырманы, Қызылорда облысы Шиелі ауданының тұрғыны Өркен Исмаилмен сұхбаттасуды жөн көрдік.

Өркен Исмаил – Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның мәдениет қайраткері,  ҚР ІІМ-нің құрметті ардагері, Шиелі ауданының құрметті азаматы.

— Өркен аға, басылымға жазылу барысында осы уақытқа дейін кедергілер болды ма?

— Болғанда қандай! Ұмытпасам, 2003 жыл болу керек. Аудан әкімінің көмекшісі «сізді аудан әкімі шақырып жатыр» деп телефон шалды. Содан басшыға кірдім. Түксиіп, мені жақтырмай қарап отырғанын сездім. Әкім аман-саулық жоқ, бірден: «Сізге «Жас Алаш» газетіне жазылуға кім рұқсат берді?» – деп қойып қалды. Ыңғайсыз сұраққа мен де қысылдым. Біреумен шатастырып отыр ма екен деген оймен: «Әкім жолдас,  мен де сізге дейін осы әкімдікте аудан әкімінің орынбасары болып қызмет еттім. Ауданда «Отан» партиясын құрып, соның тұңғыш төрағасы болдым.  Оған дейін «Қазақстанның ХХХ жылдығы» совхозының директоры, аудандық ішкі істер бөлімі бастығының саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Отставкадағы милиция подполковнигімін, Журналистер одағының мүшесімін.  «Жас Алашқа» жазылғаным рас, онда тұрған не бар?» – деп ентігімді зорға бастым. Былайынша, ол мені адам құрлы көріп отырған жоқ. Ашуға басты. «Сіз ол газеттің оппозицияны қолдайтынын яки оппозициялық газет екенін білмейсіз бе?» деп шүйлікті. Енді сәл отырсам бомба болып жарылатынымды байқап, аудан әкімінің анадай сұрағына көңілім толмай, ішімнен «Ой, Алла, кім болса сол әкім бола береді екен ғой» деп ойлап, әкімге емес, оның алдына барған өзіме ренжідім. Үндемей, сабырлық сақтап шығып кеттім.

«Оқушы кезімнен жазылатын сүйікті газетім еді. Қандай  газетке жазылсам да өз еркім. «Жас Алашты» оқысам не болыпты? Басқа адам болып кетемін бе?» деген жауаптарды анадай саяси сауатсыз әкімге қимай қалғаным рас. Ауданға уақытша келген әкімнің сөзі де, өзі де уақытша болды. Ол кетті. Мен елімде «Жас Алаш» газетін оқып, баяғыша отырмын.

­– «Жас Алаш» газеті 100 жылға толып отыр. Газеттің 7-сыныптан бергі оқырманымын дедіңіз. Ол кезде «Жас Алаш» қандай еді?

— Біріншіден, маған бала күнімнен серік болған, ақылшыма айналған, жазуға үйреткен, қоғамда болып жатқан өзгерістерге сын көзбен қарауға баулыды. Сондай-ақ республикамыздағы, шетелдердегі жаңалық, ақпараттарды тез және оқырмандарына қызықты етіп жеткізетін, күнделікті әкемді күткендей күтіп отыратын сүйікті «Жас Алаш»  газетін бір ғасырлық мерекесімен құттықтап, оның редакция алқасына, журналистеріне шығармашылық шалқар шабыт тілеймін.

  Жасымнан өнерге, әдебиетке әуес болдым. Содан да болар, 7-сыныпта оқып жүргенде қазақ тілі және әдебиеті  пәнінің мұғалімі, ұлағатты ұстазым Сағындық Алтынбеков ағай ол кезде «Лениншіл жас» газетінен сол күнгі сабаққа байланысты өлең оқып берді. «Бұл газетке жазылуға да болады» деп қойды.  Мен мұны әкеме жеткіздім. Оған дейін мұндай газет барын да білмейді екенмін. Әзімхан әкем «газет оқуға қызықсаң деп, «Лениншіл жас» пен аудандық «Коммунизм жолы» (қазіргі «Өскен өңір») газеттеріне жазылды. «Лениншіл жас» газетінің тақырыптары да әр алуан болды. Спортпен айналысып жүрген кезімде спорт жайлы да осы газеттен құмарта оқушы едім.

  Бірде сатирик ақын Асқар Тоқмағамбетовтің өлеңдері басылған екен. Шағын шумақтар беріліпті. Ұнады. Жаттап алдым.

«Сен келген жоқсың өмірге, Тек қана ішіп-жейін деп.Келмеп пе ең, сен де туған еліңе, Бір нәрсе дейін деп.Айта алмай кетпе, айтып кет, Айта алмасаң қайтып кет», – депті.

Сосын:

«Қолыма қалам тиді деп,

Салына берме шатпаққа.

Шатпақтың арты кім білер,

Апарып жығар батпаққа», – деген шумақтар әлі есімде. Оқушы ретінде маған газет атына сай жастарға арналғандай көрінеді. Жас ақын-жазушылардың шығармашылығына, спортшыларға, республикамызда көтерілген қой санын 50 миллионға жеткіземіз деген ұранмен екінші тың игерушілер деп, шопандардың комсомол-жастар бригадалары туралы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ерлері туралы, күріш егуден Ыбырай Жақаев, мал өсіруден Жазылбек Қуанышбаевтардың тәлімгерлік іс-тәжірибелері туралы материалдар, сондай-ақ осы салаларға барғымыз келеді деген мектеп бітірушілердің үндеулері жиі басылатын. Жақаевшылар, Қуанышбаевшылар қозғалыстары күшті насихатталды. Сонымен қатар Социалистік Еңбек Ерлері, механизаторлар Кәмшат Дөненбаева мен Жадыра Таспамбетовалардың еңбек үлгісін жалғастырған механизатор қыз-келіншектер газет бетінің сәні болды. Жұрт «Жас Алашты» іздеп жүріп оқитын. Сол кезде газет халықтық басылымға айналған еді деп ойлаймын.

– Сонша уақыт аралығында қандай өзгерістерді байқадыңыз?

— Қазір «Жас Алаш» 100-ге толған қариядай бек толысты. Қоғаммен біте қайнасты. Ақиқатты айтып, халықтың сөзін сөйледі. Шындықты шыңғыртып бетке басты. Кешегі бас редактор болған Шерхан Мұртаза ағамыз, Нұртөре Жүсіп інілеріміз әділет пен шындық іздеген жандарға серпіліс берді. Бүгінгі бас редактор Қайрат Матреков басқарып отырған ұжымға, сайдың тасындай ұлтжанды, патриот журналист қыздар мен жігіттерге алғысым шексіз. Олар  батыр, жазғанда батыл, ұлтымыздың тағдырына алаңдап, жерін, елін, ұлтын сүйетін сауатты саясатшыл азаматтардай көрінеді маған. Газетте өзгеріс көп. Ең бастысы, халықтың әлеуметтік жағдайын, олардың тұрмыс-тіршілігін, аянышты күнкөрісін таразылау. Ішкі саясатымыз бен ұлттық идеологиямыздың әлсіз тұстарын бағамдай біліп, әлемдік ақпарат ағындарын, көрші елдердің іс-әрекет, пиғылдарын дөп басады. «Жас Алаштың» өзгешелігі де сонда. Халыққа, елге қызмет көрсетіп жатқан басылымдардың көкесі де, әкесі де – осы «Жас Алаш». Менің байқағаным, «Жас Алаш» газеті тілшілерінің айтқаны айдай келеді. Тақырыптар зерттелген. Мақалалар деректі, фактімен жазылады. Кейіпкер де белгілі. Жылдан-жылға басылымға жазылушылар да көбейіп, оқырмандар саны артуда. Шиеліде Самат Асқаров деген дәрігер інім бар. Кеңсесіне жиі соғып тұрамын. Қай кезде барсам да, «Жас Алаш» газетін оқып отырады. Біраз пікірталас жасаймыз. «Осы басылымға 2000 жылдан бері жазыламын. Оқып рахаттанамын» деп қояды. Мен де оған қосылып: «Керемет қой, ә!» деп қостаймын. Расы да сол.

– Жалпы, газетте көтеріліп жүрген мәселелер көңіліңізден шыға ма? Алдағы уақытта қандай тақырыптар жазылғанын қалайсыз?Газет көтеріп жүрген мәселелер көңілімізден шығады. Әсіресе тарихи шындықтар айтыла бастады. Сондай-ақ белгілі саясаттанушылардың ой-пікірлері, Қазақстанның экономикалық тұрғыда дамуының жетістіктері хақында жазып жүрген экономистердің болжамдары мен сын-ескертпелері, Дос Көшімнің қаузай білетін тақырыптары жұртқа етене жақын. Ауызсуы, аяқсуы жоқ, оқушылар онлайн сабақ оқимын десе, интернеті іске қосылмайтын,  жарықсыз білтешаммен күн көріп жатқан, көшелерін лай, шаң басқан, айдалада ақ отау, «аузы-мұрны жоқ отау» ауылдар мен елді мекендер жайлы жаза беріңіздер. Осындай мәселелер шешілсе ғана ел боламыз.

        Біз өткенді, тарихымызды жақсы білгеніміз дұрыс. Ол өзіміз үшін де, ұрпағымыз үшін де керек. Алдағы уақытта миссионерлік тұрғыда, қастандық бағытта ана тілімізді тілгілеп жатқандар туралы мақалалар мен Қазақстанда қазақ тілінде сөйлемейтін парламент пен үкімет жайлы да мәселе жиі айтылып жатса, «ұра берсе, шайтан да өледінің» кері келер еді. Жүзге келген «Жас Алаштың» елдегі қариялардай қандай мәселені көтерем десе де, құқы бар. Қара халыққа шындық, әділдік, өз тілінің мәртебесі керек. Биліктегі сыбайлас жемқорлық, парақорлық, өз ұлтын менсінбеу, үстемдік жойылса, көсегесі көгерген, экономикасы мен мәдениеті, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы дамыған Қазақ елі боламыз. Өз басым Тәңірден соны тілеймін. Еліме тыныштық, халқыма амандық болғай деймін. Мерекелеріңіз құтты болсын!

Тегтер: