СҚО-да 10-сынып оқушысы мектеп дәретханасында өз-өзіне қол салмақ болған
СҚО-да оқушы қыз мектепте сірке суын ішіп, өз-өзіне қол салмақ болған.
Дәретхананың есігін жауып алып, бір бөтелке сірке суын ішіп қойған 16 жастағы жасөспірім хат жазып қалдырған көрінеді. Ішкі ағзалары күйіп қалған науқас санавиациамен ауданнан облыс орталығына жеткізілді. Оныншы сыныпта оқитын қыздың сұмдық қадамға не үшін барғаны әзірге белгісіз. Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.
Оқиға Гусаковка ауылында болған. Мұғалімдердің айтуынша, оныншы сыныптың оқушысы бірінші сабақтан кейін дәретханаға сұранып, кабинетке қайта оралмапты. Оқушының жоғалып кеткеніне алаңдаған ұстаздар 16 жастағы қызды дәретханадан ес-түссіз күйде тауыпты.
“Бірден жедел жәрдем шақырылды. Мектепте оқушымызға жағымды мінездеме беріледі. Ешкіммен ешқандай жанжалдарға қатыспаған. Оқушылармен де, мұғалімдермен де жақсы қарым-қатынаста болған. Оқиға болғаннан кейін бірден мектепке психологиялық орталығы мамандарынан құралған мобильді топ жіберілді”, – дейді СҚО білім басқармасының баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.
Ішкі ағзалары күйіп қалған науқасты санитарлық авиация мамандары облыстық ауруханаға тікұшақпен алып барған. Жағдайы өте ауыр дейді дәрігерлер.