СҚО-да 12 ауыл әкіміне жалған құжат толтырғаны үшін айыппұл салынды

Солтүстік Қазақстан облысында 12 ауылдық округ әкімі экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Табиғатты қорғау прокуратура жүргізген тексеріс барысында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жоюға қатысты бірқатар заңбұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, 79 заңсыз қоқыс орнының жойылғаны туралы деректердің жалған екені белгілі болды. Сондай-ақ қоқыстардың белгіленбеген жерлерге төгілгені және рұқсат етілген полигондардан тыс аймақтарға шығарылғаны анықталды. Бұндай жағдайлар Аққайың, Қызылжар, Мамлют, Тайынша аудандарында және М. Жұмабаев атындағы ауданда тіркелген.
Бұдан бөлек, Петропавл, Мамлют және Қызылжар аудандарындағы ресми қоқыс полигондары экологиялық және санитарлық талаптарға сай келмейтіні анықталды.
Прокуратураның мәліметінше, ӘҚБтК-нің 324 және 344-баптарына сәйкес 12 ауыл әкіміне жалпы сомасы 1,3 млн теңге айыппұл салынды, қаржы толық көлемде өндірілген. Сонымен қатар, облыстық экология департаменті мен тиісті басқарма басшыларын қоса алғанда, 13 шенеунік тәртіптік жауапкершілікке тартылды.