Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:17

СҚО-да алашорда қайраткеріне арналған ескерткішті қиратып тастады: тарихшылар әкімдікті айыптап отыр

1
Фото: ашық дереккөз

Солтүстік Қазақстан облысында Петровка ауылы маңында алашорда қайраткері, жазушы әрі ақын Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай жеке қаржыға салынған мемориалды кешен қиратылған.

 Бұл туралы тарихшы Заңғар Керімхан хабарлап, жағдайға облыс әкімдігін айыптаған.

28 метрлік кешен ашылмай тұрып бұзылған

Мемориал 27 қыркүйекте ресми ашылуы тиіс еді. Құрылыс заманауи инженерлік талаптарға сай жасалған:
– 28 метр биіктіктегі монумент,
– шыңында қалықтаған сұңқардың символдық мүсіні,
– айналасындағы жарық шамдары,
– мемориалдық тақта орнатылған.

Алайда ұйымдастырушылар ашылу күніне бірер күн қалғанда кешеннің ойрандалғанын көрген.

Заңғар Керімханның айтуынша, кешенді Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігінің тапсырмасымен бұзған.

"Кешенді жасаушылардың айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі техника, крандар, жұмысшылар жіберіп, кешенді талқандауды бастаған. Ұшар басындағы қыранның символдық бейнесін, айналасындағы шам бағандарын, мемориалдық тақтаны сындырып, бұзып кетеді Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен оның айтқанын екі етпейтін орынбасары Жүсіп Жұмағұлов басқаратын әкімдіктің ойынша, «Алаш» партиясына, Алаш Орда үкіметіне және оның көсемдеріне 28 метрлік мұндай керемет ескерткіш орнатуға болмайды-мыс. Солтүстік Қазақстан Газеті рас па? Олар нұсқау жоғары жақтан келді деп ақталуы да мүмкін", - дейді Заңғар Керімхан.

Тарихшы өзінің Facebook парақшасында:

"Бұл кешен тек Міржақыпқа ғана қатысты емес, осы өлкеге ғана тиесілі емес, Әлихан, Ахмет, Жаһанша, Мұхамеджан, Смағұл сынды тау тұлғаларға құрмет деп есептеледі.», -  деп жазды.

Оқиға қоғамда резонанс тудырып, әлеуметтік желі қолданушылары Алаш мұрасын аяқ асты ету деп бағалап жатыр.