СҚО-да бірнеше шенеунік жауапкершілікке тартылды
Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік аудит нәтижесі бойынша бірнеше шенеунік тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ақпаратты Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) жариялады.
Аудит нені анықтады?
Қазан айында ЖАП өңірде бюджет қаржысы мен мемлекеттік активтердің қаншалықты тиімді пайдаланылғанын тексерді. Аудит қорытындысы СҚО-да заңнаманы бұзу, бюджет тәртібін сақтамау, ішкі регламенттерді орындамау сияқты бірқатар олқылықтардың бар екенін көрсетті.
"Облыстың аудан әкіміне, Петропавл және Сергеевка қалаларының басшылығына, сондай-ақ Айыртау, Уәлиханов, Ақжар және Тайыншы аудандарының әкімдеріне жол берілген бұзушылықтар үшін жауапты тұлғалардың жауапкершілігін қарастыру тапсырылды", – делінген ЖАП хабарламасында.
Кімдер жазаланды?
Тексеру нәтижесінде түрлі деңгейдегі тәртіптік жазаларға тартылғандар қатарында:
- Айыртау ауданының әкімі,
- Петропавл қаласы әкімінің орынбасары,
- Сергеевка қаласы әкімінің орынбасары,
- облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары,
- облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары,
- жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары,
- Петропавл қаласы құрылыс және архитектура бөлімі сектор меңгерушісі,
- Тайыншы ауданы архитектура, құрылыс, ТКШ және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы,
- Айыртау және Уәлиханов аудандарының архитектура және құрылыс бөлімдері сектор меңгерушілері,
- Ақжар ауданы ТКШ және автожолдар бөлімі басшысының міндетін атқарушы.
ЖАП тапсырмасымен өңірде анықталған бұзушылықтарды жою бойынша арнайы іс-шаралар жоспары әзірленді. Оның ішінде облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын паспортизациялау, анықталған заң бұзушылықтарды жоюға бағытталған шаралар бар.
Палата мәліметінше, аудит қорытындысы бойынша берілген басқа да тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауда.
Айта кетейік, жақында әлеуметтік желіде таралған Солтүстік Қазақстан облысы Петровка ауылы маңында Міржақып Дулатұлына арналған мемориалды кешеннің ашылмай жатып бұзылған суреттері көптің наразылығын тудырды.
Алғаш болып дабыл қаққан алаштанушы Заңғар Кәрімхан кешеннің қасақана қиратылғанын айтып, әкімдікті кінәлады. Кешеннің салуына демеуші болған кәсіпкерлер құрылысты себепсіз тоқтатты деп әкімдікті айыптаса, жергілікті шенеуніктер ұйымдастырушылардың арнайы рұқсаты болмағанын алға тартты.