СҚО-да екі баланың қазасына байланысты іс: Медбике кінәлі деп танылып, апелляция қанағаттандырылмады

Солтүстік Қазақстан облыстық сотында өткен апелляциялық отырыста медбике Айдана Бейсембаеваға қатысты үкім өзгеріссіз қалдырылды. Ол ауылда екі баланың өліміне әкелген азық-түліктен улану ісі бойынша кінәлі деп танылып, екі жыл жазасын өтеуге сотталған болатын.
Оқиға өткен жылы Қызылжар ауданының Надежка ауылында болған. Коваленко отбасы пельмен мен газдалған сусын ішкеннен кейін уланған. Дәрігерлік көмек алу үшін жергілікті медпунктке жүгінген.
Медбике Айдана Бейсембаева бірнеше рет үйге келіп емдеп, дене қызуын өлшеп, белсендірілген көмір берген. Алайда келесі күні таңертең 3 жасар Василий көз жұмды. 6 жастағы Алиса ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілгенмен, аман қалмады. Үшінші бала — Кирилл және анасы ауыр хәлде болса да аман қалды.
Сот шешімі
Тергеу қорытындысы бойынша, 26 жастағы медбике жедел жәрдемнің толық көлемін көрсетпеген, науқастарды ауруханаға жеткізуді ұйымдастырмаған және оқиға туралы жоғары медициналық немесе санитарлық органдарға хабарламаған.
Сот бірінші инстанциясында прокурор 5 жыл сұрағанмен, судья Айдарбек Бекқұжинов Айдана Бейсембаеваны 2 жылға бас бостандығынан айыруға және 3 жыл медициналық қызметпен айналысу құқығынан айыруға үкім шығарды. Сондай-ақ, Қызылжар аудандық ауруханасынан жәбірленушілерге 10 млн теңге моральдық өтемақы өндірілді (талапкер 50 млн теңге сұраған).
Қорғаушылар мен қоғам реакциясы
Үкім шыққаннан кейін бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов әлеуметтік желіде жазба жариялап, бұл шешім әділет қағидаттарына және Қазақстанның медициналық қызметкерлерді қорғау жөніндегі халықаралық міндеттемелеріне қайшы екенін айтты. Ол бұл жағдай ауыл дәрігерлері мен медбикелерін қиын сәттерде көмек көрсетуге қорқытатынын ескертті.
Біртановтың айтуынша, балалардың улануы өте ауыр болғандықтан, медбикенің әрекеті мен өлім арасындағы тікелей себеп-салдар байланысын анықтау мүмкін емес.
Апелляция нәтижесі
14 тамызда облыстық сот апелляциялық шағымды қарады. Қорғау тарапының уәждеріне қарамастан, үкім күшінде қалды.
Судья Сергей Викторенконың сөзінше, жағдай түнде орын алғанымен, кез келген уақытта аудандық ауруханада кезекші дәрігер болған. Медбике науқастардың жағдайына алаңдап, ауруханаға баруды ұсынуы тиіс еді, ал мұндай ұсыныстың болғаны дәлелденбеген.
Шешім заңды күшіне енді.