СҚО-да «Гонконг тұмауын» жұқтырғандар саны 215 адамға жетті
Солтүстік Қазақстан облысы аумағында эпидемиологиялық маусым басталғалы бері A/H3N2 типті тұмау (халық арасында «Гонконг тұмауы» деп аталады) 215 адамнан анықталды.
Облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті дерегінше, жұқтырғандардың басым бөлігі ересектер. Нақты айтқанда, 129 ересек пен 86 бала тіркелген.
ЖРВИ көрсеткіші төмендеген
Эпидемиологиялық маусым ішінде өңірде 44 159 адам жедел респираторлық вирустық инфекцияға (ЖРВИ) шалдыққан. Бұл өткен маусымның сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,4%-ға төмен. Дәрігерге жүгінгендердің 29 мыңнан астамы (65,8%) – 14 жасқа дейінгі балалар.
Мамандардың айтуынша, соңғы аптада тұмау жұқтырғандар аздап бәсеңдегенімен, өткен аптада 2 424 ЖРВИ жағдайы тіркелген.
Белгілері мен сақтану шаралары
Дәрігерлер тұмау кезінде дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тамақтың ауруы, мұрынның бітелуі сияқты белгілер пайда болатынын ескертеді.
"Өзін-өзі емдеуге болмайды. Алғашқы белгілер байқалса, дереу медициналық көмекке жүгініп, үйге дәрігер шақыру қажет. Аурудың созылмалы өтуі асқынуға әкелуі мүмкін, олардың ішінде ең қауіптісі — пневмония, - дейді мамандар.
Айта кетейік, бұған дейін Батыс Қазақстан облысы аумағында шошқа тұмауы тіркелгені хабарланған.