СҚО-да жеке үй өртеніп, ер адам мен бала қаза тапты
11 қаңтар күні кешкі уақытта Солтүстік Қазақстан облысы, Мағжан Жұмабаев ауданы, Майбалық ауылында жеке тұрғын үйде ірі өрт шықты. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеді.
Төтенше жағдай туралы хабар 101 нөміріне түсе салысымен, өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына жедел жеткен. Құтқарушылар келген кезде үйді толықтай жалын шарпығаны және ғимараттың түгелдей опырылып құлағаны анықталды.
Үй иесінің айтуынша, өрт шыққан сәтте үйде оның жұбайы және екі кәмелетке толмаған баласы болған. Өртті сөндіру және үйінділерді аршу барысында құтқарушылар ер адамның және бір баланың мәйітін тапты. Екінші баланы іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Оқиға орнында департамент басшылығы жұмыс істеуде. ТЖД психологтары үй иесіне қажетті психологиялық көмек көрсетіп жатыр.
Өрт 64 шаршы метр аумақта толықтай сөндірілді. Қазіргі таңда өрттің шығу себебі анықталу үстінде. Сөндіру жұмыстарына ТЖД-ның 24 қызметкері, 6 техникасы және «Агрофирма» ЖШС-нің ерікті өртке қарсы құрылымы тартылған.
Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды пешпен жылыту жүйесін, электр және газ жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға тағы да шақырды.
Айта кетейік, 1 қаңтар күні Кентау қаласында көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан қоғамдық тамақтану орнында шыққан өрт салдарынан бір адам қаза тауып, төрт адам жарақат алған болатын. Бүгін тағы бір адамның көз жұмғаны белгілі болды.