Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:20, 25 Маусым 2025

Словакия Ресейге қарсы санкцияларды қолдауға дайын, бірақ…

Словакия
Фото: zhasalash.kz

20 млрд еуро мен энергия қауіпсіздігіне кепілдік талап етеді.

Словакия Ресейге қарсы Еуроодақтың 18-ші санкциялар пакетін қолдауға әзір екенін мәлімдеді, бірақ бұл үшін Братислава энергетикалық қауіпсіздікке кепілдік пен арбитраждық тәуекелдерді өтеуге 20 миллиард еуро сұрап отыр. Бұл туралы Euractiv Slovakia порталы хабарлады.

Словакия сыртқы істер министрі Юрай Бланардың айтуынша, үкімет санкциялар пакеті ел экономикасына зиян келтіруі мүмкін бе, жоқ па – соны бағалауда. 23 маусым күні Брюссельде өткен ЕО Сыртқы істер кеңесінің отырысынан кейін министр:

«Келіссөздер әлі жалғасып жатыр. Бірақ қазіргі талқылауларға қарағанда, санкциялар пакеті Словакия экономикасына кері әсер етпейді. Сондықтан біз оны қолдауға дайынбыз», - деп мәлімдеді.

Сонымен қатар Братислава Ресейден энергия тасымалын тоқтатқан жағдайда туындайтын әлеуметтік-экономикалық қиындықтарды жеңілдету үшін Еуроодақтан қолдау күтетінін айтты.

«Бұл санкциялар Словакияға арбитраждық тәуекелдер тұрғысынан әсер етуі мүмкін. Бұл сома 20 миллиард еуроға дейін жетуі ықтимал. Сондықтан біз ЕО-дан осы жағымсыз салдарды қалай шешетініне қатысты кепілдік талап етіп отырмыз», - деді Бланар.

Осыған байланысты Словакия премьер-министрі Роберт Фицо Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен және RePowerEU бастамасын талқылайтын кездесулерге төрағалық ететін Дания премьер-министрі Метте Фредериксенмен кездесуге ниетті екенін жеткізді. RePowerEU – ЕО-ның ресейлік энергия көздерінен біртіндеп бас тарту жол картасы.

Бұған дейін Венгрия сыртқы істер министрі Петер Сийярто Венгрия мен Словакия ЕО-ның Ресейге қарсы 18-ші санкциялар пакетін бұғаттайтынын мәлімдеген болатын. Министрдің сөзінше, бұл шешім ЕО-ның арзан ресейлік мұнай мен газды сатып алуға тыйым салу жоспарына жауап ретінде қабылданған.

«Еуроодақ Венгрия мен Словакия секілді мүше елдерге арзан ресейлік табиғи газ бен мұнай сатып алуға тыйым салғысы келеді. Біз бұған келісе алмаймыз», - деді Сийярто Брюссельдегі баспасөз конференциясында.

Оның айтуынша, бұл санкциялар коммуналдық шығындардың күрт өсуіне алып келеді.

Алайда Euractiv Slovakia агенттігінің жазуынша, Венгрия мәлімдемесіне қарамастан, Словакия санкцияларды бұғаттауды жоспарлап отырған жоқ. Еуроодақ дипломаттарының пікірінше, Братислава мен Будапешттің ұстанымдарын әлі де үйлестіруге болады.

18-ші санкциялар пакеті туралы не белгілі?

10 маусымда Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен Ресейге қарсы 18-ші санкциялар пакеті әзірленгенін мәлімдеді. Жаңа шектеулер Мәскеудің мұнай-газ табысына, ресейлік банктерге және әскери-өнеркәсіптік секторға бағытталған. Бұл санкциялар пакетін қабылдау үшін ЕО елдерінің бірауыздан келісімі қажет.

Жаңа пакет аясында:

  • ресейлік мұнайға баға шегін 60 доллардан 45 долларға дейін төмендету,
  • ресейлік шикізаттан өндірілген мұнай өнімдерін импорттауға тыйым салу,
  • «көлеңкелі флот» деп аталатын 77 кемені санкциялық тізімге енгізу ұсынылған.

Айта кетейік, ресейлік мұнайға баға шегі алғаш рет 2022 жылдың соңында енгізілген, сол кезде мұнай бағасы барреліне 80 доллардан асып кеткен еді.