СІМ Азаттық радиосының тағы 9 журналисіне аккредитация беруден бас тартты

Жалпы аккредитациядан айырылған қызметкерлер саны – 16.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі (СІМ) Азаттық радиосының (RFE/RL–Қазақстан) тағы 9 қызметкеріне аккредитация беруден бас тартты. Бұған дейін 7 журналиске аккредитация ұзартылмаған болатын. Осылайша, жалпы аккредитациядан айырылған тілшілер саны 16 адамға жетті.
СІМ бұл шешімді "RFE/RL өкілдігінің Қазақстан заңнамасын жүйелі түрде бұзуымен" түсіндіріп отыр. Министрлік жауабында аккредитациядан бас тартуға «БАҚ туралы» заңның 30-бабы, 4-тармағы негіз болғаны айтылған.
Азаттық редакциясы СІМ-ге өтінішті заң талаптарына сай – аккредитация мерзімі аяқталуға екі ай қалғанда – ресми жолдағанын мәлімдеді. Ведомство өтінішті қабылдағанымен, белгіленген екі ай ішінде жауап бермеген. Кейін министрлік "нақты мән-жайларды анықтау үшін" қарау мерзімін тағы екі айға ұзартқанын хабарлаған.
Осыған байланысты Азаттық радиосы СІМ-ге қарсы сотқа жүгінді. Талап-арызда министрліктің заңда көрсетілген жалпы формулировкалардан өзге нақты уәж келтірмегені айтылған. Сондай-ақ СІМ қосымша құжаттар да талап етпеген.
Сотта Азаттық радиосының мүддесін «Правовой медиацентр» қорының Media Qoldau атты құқықтық қызметі қорғайды.
Айта кетейік, мұндай жағдай бұған дейін де болған. 2022 жылдан бастап 2024 жылдың көктеміне дейін СІМ Азаттық радиосының 36 қызметкеріне аккредитация бермеген еді. Бұл мәселе сотқа дейін жетіп, тараптар тек 2024 жылдың көктемінде ғана келісімге келіп, аккредитациялар қайта берілген болатын.