Бүгін, 12:32
СІМ қазақстандықтарға Иранға бармауға кеңес берді
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Иран айналасындағы шиеленістің жалғасуына байланысты азаматтарды бұл елге жағдай тұрақталғанға дейін уақытша барудан бас тартуға шақырды.
Ведомство мәліметінше, қазір Иран аумағында жүрген қазақстандықтарға елден мүмкіндігінше шығып кету ұсынылады. Сонымен қатар қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау, сақтық таныту, ресми ақпарат көздерін бақылау және жергілікті билік органдарының нұсқауларын орындау қажеттігі ескертілді.
СІМ Таяу Шығыс елдеріне сапар жоспарлаған азаматтарға да қазіргі ахуалды мұқият ескеруге кеңес берді.
Айта кетейік, Қазақстанның Ирандағы дипломатиялық өкілдіктері штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.