СІМ Муниса Шодиеваға дипломатиялық паспорт берілгенін растаған жоқ

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі (СІМ) ERG компаниясының ірі үлескері Патох Шодиевтің қызы – Муниса Шодиеваға дипломатиялық паспорт берілгені туралы ақпаратты растай алмады
Бұл туралы Nege.kz тelegram арнасы жазды.
Министрліктің ресми жауабы
СІМ-нің ресми түсіндіруінде дипломатиялық паспорттар бес жыл мерзімге беріледі және мерзімі өткен соң жойылады делінген. Сонымен қатар, мұндай құжаттарға қатысты тіркеу материалдары он жыл бойы сақталып, содан кейін жойылуға тиіс.
«Осыған байланысты Муниса Шодиева атына дипломатиялық паспорт берілгенін растау мүмкін емес», — деп хабарлады министрлік.
Бұған дейін «Выход к морю» тelegram арнасы мемлекеттік деректер базасынан алынған деп сипатталған ақпаратқа сілтеме жасап, Шодиева 2003 жылы Қазақстанның дипломатиялық паспортын алған, ал он жылдан кейін құжаты жаңартылған деп хабарлаған еді.
Канал дерегінше, паспорт берілген кезде Шодиева Бельгия мен Ресей азаматтығын да қатар иеленген, бұл — Қазақстан Конституциясына қайшы, себебі елде қос азаматтыққа тыйым салынған.
Сондай-ақ дереккөз мәліметінше, Шодиеваның дипломатиялық паспорт алуға еш құқықтық негізі болмаған, себебі ол мемлекеттік қызметте болмаған және Қазақстан аумағында тұрақты тұрмаған.
Айта кетейік, Патох Шодиев — Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының негізін қалаушылардың бірі және Қазақстанда бизнес-элита өкілдерінің қатарында аталады. Оның есімі халықаралық зерттеулерде мен БАҚ-та жоғары деңгейдегі ықпал мен байланыстар тұрғысынан жиі аталып келеді.
Қазақстанда Шодиевтер отбасы қазір «Еуразиялық қаржы компаниясы» акциялары үшін бұрынғы серіктестің ұлы Шухрат Ибрагимовпен соттасып жатыр.
Сот процесі әзірге Шодиевтердің пайдасына шешілген жоқ. Ал жергілікті басылымдар бұл тартыста Ибрагимовты «нағыз қазақстандық тарап» ретінде көрсетіп келеді.
Бірақ соңғы мәліметтерге қарағанда, Муниса Шодиева әлі де Қазақстан азаматы ретінде тіркелген, яғни сот ісінде де ол өзін сол мәртебемен қорғап отыр.