Смайылов айтқанмен... Фостер пысқырмайды, Денисовке бәрібір
Апта басында үкіметте әуе компаниялары туралы отырыс өтті. Әлихан Смайылов біраз мәселе көтерді.
Бірақ әуе қожайындары үкімет басшысына шекесінен қарап, тілмаш арқылы тілдесіп, өз талабын қойып, биліктің сынына пысқырмайтынын білдірді. Үкіметің солқылдақ, министрің жалтақ болса, көрген күнің сол.
Қазақстан авиация саласы дегенде, Air Astana-дан басқалары көзге көрінбейді. Fly Arystan деп жүргеніміз Air Astana-ның «баласы». Қазақстанның әуежолын атауы ағылшынша осы компанияның қожасы Питер Фостер деген дүр баяғыда басыбайлы қылып алған. Ұшқысы келсе ұшады, қонғысы келсе қонады. Жолаушылар талабы мен талғамы ескерілмейді. Тіпті баға туралы да бәсекелесіндей компания жоқ бұлармен.
SCAT туралы айтсаңыз, әңгіме бөлек. Жұрт арасында «Қазақ тойдан, SCAT рейстен кешігеді» деген сөз айтылғалы біраз жыл. SCAT-тың президенті Владимир Денисов деген сабаз. Сабаздығы сол – қаншама арыз түсіп, жолаушылар айғайлап-аттандап жатса да, Денисов қыңқ демейді. SCAT-тың кешікпейтін күні, уақытында ұшқан кезі жоқ. Қарға балапанын қанаттандырған күні немесе қарашаның желінде де ұшпай қалады. Үнемі кешігеді. Жолаушылар да соған үйренген. Жұрт ұшаққа неге мінеді? Баратын жеріне ерте жету үшін, шаршамай-шалдықпай бару үшін мінеді. Ал Денисов басқаратын әуе компаниясы кешігуден, тіпті ұшпай қалудан қазірше алдына қара салмай тұр.
Обалы кәні, үкімет отырысында Смайылов авиакомпаниялардың кемшілігін, кешігетінін, ұшпай қалатынын, билет бағасының қымбаттығын айтып, сес көрсетіп, ескерту жасады.
«Қаңтар-ақпан айларында Fly Arystan компаниясы Қостанай әуежайынан Астана мен Алматыға ұшуы тиіс рейстердің жартысына жуығын орындаған жоқ. 25 ақпанда дәл осы авиакомпанияның жолаушылары «Астана-Шымкент» рейсінің 10 сағатқа кешігуіне байланысты жанжал шығарды. Ақыр аяғында ол рейс мүлдем орындалмай қалды. Өкінішке қарай, авиакомпанияларда жолаушылармен тікелей диалог орнату мәдениеті төмен. Рейстердің кешігу себептерін уақытылы түсіндірмейді. Лайықты сервис ұсынылмайды», – дегенді кәдімгідей батыл айтыпты.
Ал тілшілерге берген сұхбатында ұшақтардың кешігу себебін SCAT-тың иесі: «Құстар соғылады. Ақаулық болады. Ауа райы кедергі келтіреді. Ұшақтың кешігуін қылмыс деп санауға болмайды», деп ақталған. Ақталған деп отырған біз ғой, әйтпесе, олар үкімет алдында кеудесін керіп тұрып сөйлеп, өз талаптарын айтып-айтып кетті. Фостер Fly Arystan-ды Air Astana-дан бөлуге болмайтынын тілмашы арқылы қадап тұрып айтып, қарсы уәжге мүмкіндік бермей қойды.
Билет құны туралы да әңгіме болған отырыста. Біздің әуе билетіміздің құны дамыған Еуропа мемлекеттерінен қымбат. Бұл әңгіме бұған дейін талай айтылып, жазылып жауыр болған-ды. Көптеген шет мемлекеттерде ішкі рейстердің құны бізден 2-2,5 есеге дейін арзан. Үкімет басшысы да осыны тұспалдап, әуеқожайындарына билет бағасын арзандатуды міндеттеген көрінеді. «Смайыловты сөйледі» деп тұрған Фостер мен Денисовты байқамадық.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметіне қараңыздар. Олардың келтірген дерегіне сүйенсек, қазіргі баға саясаты жолаушылардың мүддесіне емес, авиакомпаниялардың қалтасын қалыңдату үшін жұмыс істеп отыр. Мысалы, Астанадан Алматыға дейін 1,5 сағаттық ұшу құны Еуропа, АҚШ немесе Қытай елдеріндегі осындай маршруттармен салыстырғанда 2 есе қымбат. Сонда бағаны әуе компаниялары өздері қолдан жасап отырғаны анық әңгіме болды ғой.
Үкімет әуе маршруттарын жыл сайын субсидиялап жатса да, баға саясатында ешқандай өзгеріс болып жатқан жоқ. «Баға саясатын қайта қарап, авиатасымал сервисі мен қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін үнемі жұмыс істеу керек. Жолаушылардың мүддесі бірінші орында тұруы тиіс», – депті Смайылов. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» кері. Сөзі өтпесе, талабын орындата алмаса, бұл Фостерге айттың не, Денисовқа айтпадың не?
Субсидиялау демекші, биыл 7 облыста 23 әуе маршрутын субсидиялауға үкімет 7,2 млрд теңге бөліпті. Үкімет отырысында осы сөзіне екпін берген индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевты әуе қожайындары көзге ілген де жоқ. Тіпті мемлекеттен тегін ақша алып үйренген жатжұрттықтар билетті арзандату емес, кешікпей, уақытында ұшу туралы да уәде бермеді.
Айтпақшы, жуырда ғана бірқатар заңдарға өзгертулер енгізілген. Соның қатарында әуе компаниялары туралы да заң бар. Яғни бұдан былай ұшақ кешіксе, ұшпай қалса, айыппұл төлейді. Қайдам… Әзірге, қырық сылтау айтып, үкіметтің өзіне дәріс оқып шыққан Фостер мен Денисовке Қазақстан заңы жүре қоймайтын сияқты.