Смайылов «пұт» па, жұт па?

«Тырнадан қарауыл қойсаң, төбеңнен қиқу кетпейді» дегендей, Смайылов министрлер кабинетінің тізгінін ұстағалы бері, үкіметтің басына бұлт үйірілді, сынау-мінеу жойдасыз көбейді.
Сынаудың да, мінеудің де себебі бар. Үкімет «қауқарсыз текенің қарағайдай мүйізі бардың» керін келтіріп, қымбатшылыққа тосқауыл қоя алмаса, инфляциямен күресе алмаса, жұмыссыздықты тежей алмаса, әрине, сынамақ тұрмақ, доғарысқа кетуін талап ету заңды болмақ. Алайда былтыр қаңтарда үкіметтің бұйдасы бұйырған Смайыловпен оның командасы «өлімсіз кащейдің» образына кіріп алған. Президент сайлауынан кейін де, парламент сайлауынан соң да Смайылов үкіметі ың-жыңсыз құрамын сақтап қалды. Тек бірді-екілі министрлер ауысты. Қалғаны жылы орындарын суытпады десе де болады. Тіпті Смайыловты «кризис-менеджер» деп, одан «пұт» жасағысы келгендер де болды. Бірақ сол «пұттың» бұтын инфляция деген құбыжық дар-дар айырып жатыр емес пе?! Мұны кеше ғана өткен үкіметтің кеңейтілген кеңесінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де тілге тиек етті. Атқарушы биліктің кемшілігін мірдің оғындай түйреп өтті. «Инфляцияны тежеу бойынша жұмыстар мардымсыз. Жария етілген көптеген реформа әлі де баяу жүріп жатыр. Оны мойындауымыз керек. Сондықтан үкімет ескі жұмыс тәсілін түбірімен жою үшін ерік-жігер танытуға тиіс. Азық-түлік бағасы соңғы 15 жылда болмаған деңгейде өсіп, ақпанда инфляция 21 пайыздан асып кеткен. Қымбатшылық шарықтау шегіне жетті, ал үкіметтің әрекеті жеткіліксіз» деген Тоқаев үкіметке көңілі толмайтынын анық аңғартты. Рас, былтырда президент Смайылов үкіметінің жұмысын сынға алған. «Ашығын айтуымыз керек, үкімет биыл (2022 жыл) еліміз тап болған сын-қатерлерге қарсы тиімді жұмыс істей алмады. Қойылған міндеттер толыққанды орындалған жоқ. Бітпейтін жиналыстарға, құжатты келісу жұмысына өте көп уақыт кетеді. Ал тұтас елдің, халықтың тағдыры сол маңызды шешімге байланысты болып жататыны, өкінішке қарай, ескерілмейді» деген тақылтес лепес білдірген. Бағаны тұрақтандыруды талап еткен. Инфляциямен күресті күшейтуді, халықтың наразылығын ушықтырмауды міндеттеген. Үкімет «ләппай, тақсыр» деп бас изескен. Бірақ одан қорытынды шығармады. «Баяғы жартас, сол жартастың» кейпінде тірлігін биыл да жалғастыра берген. Міне, тағы да Тоқаевтан сын естіді. Осы орайда, соңғы бірер жылдың көрсеткіштерін таразылай кеткенді жөн көрдік. Мәселен, былтырғымен биылғы инфляцияны салыстырсақ; 2022 жылы ол құрғырың 20,3 пайыз болған екен. Азық-түлік бағасы 25,3, қымбаттапты. Биыл инфляция 21,3 пайызды құрап, азық-түлік бағасы 26,2 пайызға өскен. Демек президенттің сынайтындайы бар. Мәселен, бүгінгі тірлікпен 2021 жылғы кезеңді салыстырсақ, 2021 жылы елімізде инфляция небәрі 8,4 пайызды құрап, азық-түлік бағасы 9,9 пайызға ғана көтеріліпті. Былайша айтқанда ол кезді: «ит басына іркіт төгілген заман» болды деуге болатындай… «Инфляцияның жыл сайын қарыштап өсуінің басты себебі, экономика әртараптандырылмады. Біз бұдан отыз жыл бұрын қандай едік, қазірде сол қалыптамыз. «Шикізат отаны» деген атаудан құтылмадық. Қаржы саясаты ақсап жатыр. Жарайды, заманауи технология жасай алмайық, бірақ ауыл шаруашылығын дамытуға болатын еді ғой. Ол да жоқ. Өндірілетін тауар көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Импортқа тәуелдіміз. Былайша айтқанда, үкімет «бақа шабыс, өгіз аяңнан» аса алмауда. Ең үлкен масқара, еліміздің мемлекеттік қарызы 54 миллиард долларға, яғни 25 триллион теңгеге бірақ секірген. Соның ішінде үкіметтің қарызы 22 триллион теңге. Нақтылай түссек, 7 триллион сыртқы, ал ішкі борыш 14 триллионды құрап отыр. Мұндай жағдайда үкіметтің жұмысына қандай баға беруге болады. Әрине, 2 деген. Дегенмен Смайылов үкіметінің көңілге қонарлық бір тірлігі 2022 жылы сырттан 28 миллиард доллар инвестиция тарта алды. Жаман көрсеткіш емес. Бұл жағдай 2012 жылы (28,9 млрд доллар) болған. Араға 10 жыл салып қайталанып отыр. Алайда бұл инвестицияның негізгі қомақты бөлігі тағы да сол тау-кен өндіріс саласына салынып жатыр. Ал тұрмыстық тұтыну саласына көзге тамызар тамшыдай ғана қаражат құйылуда», – дейді саясаттанушы Ерасыл Ислам.
«Балта да өткір, бұтақ та қатты» демекші, үкімет инфляцияны қанша ауыздықтаудың айла-шарасын жасағанымен, ол шектеулер уақытша ғана әсер етіп, түпкілікті тосқауыл қоя алмауда. Содан болар, «таз ашуын тырнадан алады» дегеннің кебін келтірген Смайылов үкіметі экономикадағы іркіліс, қаржы саясатындағы тұрақсыздық, қымбатшылық, т.т. халықаралық саясаттың тым ушығуынан, экономикалық қарым-қатынаста отырған елдерге салынған санкциялардың кесірінен көруде. Бұл жағдайлардың бар екені рас. Бірақ бұл сыныққа сылтау бола ала ма? Қазақстан секілді «алтын көмбенің» үстінде отырған елде экономикалық тоқырау болудың өзі таңғаларлық дүние. Демек, бар кінә үкіметтің біліксіздігінде жатса керек-ті...