Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:33, 30 Тамыз 2022

Смайылов саспайды, елді қайда бастайды?!

None
None

Қазіргі заманның ағымына қараймыз да расымен алаңдаймыз. Осы біздің үкіметтің не ойлағаны бар?

! Қаңтар қақтығысынан кейін үкімет басқаруға келген су жаңа Смайылов үкіметінің іске кіріскеніне де сегіз айға болды. Сегіз айда біршама істер тындыруға болатын еді. Бірақ сырбаз үкімет саспайды, асықпайды. Бастапқыда «бір білері бар болар, әліптің артын бағайық» дегенбіз. Әйтсе де  «Жаңа Қазақстанның» үкіметі қарапайым ғана заттарға тосқауыл қоя алмай отыр.

    «Жаңа Қазақстан», «Жаңа реформалар» деп алаулатып, жалаулатып жатқанымызбен әлі сол ескі сүрлеуден шыға алмай келеміз. Бүгінде жұрт «Жаңа Қазақстанда» өмір сүрудің тым қымбаттап кеткенін, қоғамда асабір өзгерістің байқалмайтынын қайта-қайта қаузап жүр.

  Шынымен де, қазір қымбатшылық дендеп тұр. Елде нанның, ұнның  және басқа өнімдердің бағасы шарықтап жатыр. Жаз бойы халық қат болған қанттың жолында қызыл қырғын болды. Міне, күз келді үкімет  сол қант бағасын қолдан өсірген монополистердің жырын әлі жырлап келеді. Одан бөлек доллардың теңгеге шаққандағы бағамы тіпті еуродан да асып түсті.  Ресейден, Қытайдан келетін киім-кешектен бұрын іргеміздегі Қырғызстан мен  Өзбекстан  ұсақ-түйек заттарына  дейін бізге қымбатқа сата бастады. Мұның барлығына енді бензин безгегі қосылып елде жанар-жағармай тапшылығы да туындағалы тұр. Дизельді отынның да бағасы аспандап кетті. 

   Оқу-жылы басталар сәтте «елге қуат болсын» деді ме, үкіметбасы Әлихан Смайылов «оқу-құралдарын, мектеп формаларын қымбаттатуға тыйым салынады» деді. Бірақ премьердің бұл сөзін құлағына қыстырған алыпсатарлар болмады. Қымбатшылықтың дендегені сонша қазір  әл-ауқаты төмен қарапайым көпшілік баласын сабаққа дайындау үшін банктен несие алып, ауылдағы ағайын малын пұлдап әлек. Сондай-ақ 1 қыркүйектен бастап коммуналдық төлемдер бағасы өспек.  Осының барлығына қараймыз да, «осы біздің үкімет не істеп отыр» деген ойға қаламыз.

  Жалпы, бұл ретте үкімет  те әдеттегідей халыққа қилы-қилы жобаларды ұсынып, «жаңалықтарға ұмтылып жатырмыз» деуге тым құштар. Мәселен, өткен аптада әйелдердің зейнет жасын төмендетуге қаны қас министр Тамара Дүйсенова болашақта 2 миллион жұмыс орнын ашуға уәде етті. Бүгінде «Жасыл Қазақстан»,  «Үнемді Қазақстан», «Күміс жас» және тағы басқа жобалардың жарнамасын асырып жүрген бұл министр нақ қазіргі 3,9 пайыздық жұмыссыздық деңгейін  2025 жылға дейін  «3,7 пайызға төмендетемін» деп құлшынып отыр.  Бұдан соң күні кеше қымбатшылықпен күресе алмағаны үшін орынтағымен қоштасқан Бақыт Сұлтановтың орнына келген Серік Жұманғарин де өзіндік жаңашылдығын ұсынды.  Кезінде «жыныма тимеңдер» деп БАҚ өкілдерін бір дүр сілкінткен Жұманғарин келе салып Сұлтановтың «схемасын» өзгерткелі жатыр.  Қымбатшылық кезінде Сұлтанов енгізген  «айналым схемасы» – мемлекет пен сауда желісі арасындағы келісімшарт еді.  Оған сәйкес, мемлекет тарапы жылына 0,01 пайызбен  бизнес субъектілеріне, ірі компанияларға несие берді. Артынша сауда орталықтары әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік түрін мемлекет белгілеген бағамен сатады. Есептесек, бұл схема бойынша 2019 жылы 2,3 млрд теңге, 2020 жылы 11,8 млрд теңге, 2021 жылғы желтоқсанға қарай 50,5 млрд теңге бөлінген.  Биыл Әлихан Смайылов өңірлердегі сауда орындарын жеңілдікпен несиелеуге кемінде 100 миллиард теңге бөлу керектігін қатаң тапсырған. Ал енді «жынына тисе керек»  Жұманғарин  бұл әдісті өзгертіп делдалдармен келісімшарт жасамақ.  Алайда бұл министрлер біреуі сауда орындарына арзан несие таратқанымен, енді бірі делдалдарды жұқалағанмен қымбатшылық бұғаттала қоймайтынын сезер емес.  

  Себебі біз өнімді өзіміз өндіріп жатқан жоқпыз ғой.  Арзандатылған несие беріп отандық өнімді демеу бүгінде тығырықтан шығар жол емес. Қаржыгер Арман Мусиннің айтуынша, үкіметті қазіргі ұстанып отырған бағыты самарқау және сауатсыз.  Мәселен, бұған дейін бізде «Қарапайым заттар экономикасы» деген бағдарлама жүзеге асуы керек еді. Басқасынан бөлек осы бағдарламаны үкімет сауатты жүргізе алғанда Қытайдан тым құрығанда ине-жіп, шеге, кесе, қасық тәрізді ұсақ-түйектерді сатып алмайтын едік. Амал нешік, отандық өндірісі артта қалған ел ретінде біз бүгінде шиеттей нәрсенің өзін өзге елден алуға мәжбүрміз. Сонда қарапайым ғана  шеге шығарудың тетігін таба алмай отырып инфлияцияны қалайша ауыздықтамақпыз? Қымбатшылықтың импортпен ілесіп келетінін үкіметтің ұғынатын кезі әлдеқашан жетті емес пе?!

   Жалпы, қымбатшылықты жүгендеуге қатысты Президент Тоқаев үкіметке қайта-қайта тапсырма беріп жатыр. Бұл ретте ұлттық экономика министрлігі, қаржы министрлігі, сауда және интеграция министрлігі, бәскелестікті қорғау агенттігі тізе қосып жұмыс істеуі керектігі де нақты айтылды. Әттеген-айы бұл ведмоствалардың елдегі монополистерді тезге салуға, «бағаны орынсыз өсіргендердің басы кетеді» деп тепсінуге  тіптен мысы жетпей тұр.

    Мысы демекші, сұсы басып елдің қорғаны екенін сездіру тиіс Қорғаныс министрлігі де бүгінде бюджеттен ақша кертуді жақсы меңгеріп алған. Алдағы 2023  жылы аталған министрлік қорғаныс пен қауіпсіздікке 2 трлн теңге жұмсамақ. Қарсы емеспіз, жұмсасын. Бірақ расымен де елдің тыныштығын, Отан қорғауға кеткен сарбаздардың амандығын қамтамасыз етсе болғаны ғой. Олай етпесе, қазір қаңтар қырғынынан кейін жұрттың ашуы қатты. Қаншама боздақ қаңтарда қыршынынан қиылды. Осы қымбатшылықтың  түп-тамыры да қаңтармен сабақтасып жатқанын несін жасырамыз?! Бұдан бөлек «Отан қорғаймыз» деп әскерге кеткен сарбаздардың табытпен оралып жатуы да қоғамның ашуын ойнатып отырғаны ақиқат.

     Абзалында, ел қаңтардан бері қаншама қиындықты көріп келеді. Бірақ Смайылов үкіметі саспайды.  Сонда бұл үкімет елді қайда бастайды?!  Қазір көптің көңілінде жүрген негізгі сауал осы. Алда күз келеді. Күзде  саясат сахнасында да біраз өзгерістер болатыны белгілі. Бәлкім біздің үкіметтің де жұмысы күзде жемісін берер. Неде болса жақсылықтан үміт үзгіміз келмейді...

Тегтер: