«Смайылов үкіметін сырғыту керек...»
Қазір үкімет мүшелеріне де, үкімет басшысына да қоғамда айтылар мін көп. Тіпті халықтың наразылығы күннен-күнге үдеп барады.
Егер наразылық одан әрі үдесе, Тоқаевқа тағы да үкіметті ауыстырғаннан басқа амал жоқ. Бірақ кадр ауысқаннан проблема шешіле ме? Бұл бөлек сұрақ. Алайда ақиқаты –нақ қазір халықтың жағдайы күннен-күнге күрделенбесе, жақсаратын түрі көрінбейді.
Тіпті сарапшылардың бір қатары «сайлаудан кейін Смайылов үкіметін сырғыту керек» деген пікірді де айтып қалуда. Экономист-сарапшы Меруерт Молдабаеваның айтуынша, бүгінде үкімет қоғамда болып жатқан кез келген мәселені сыртқы фактормен байланыстырып, бейқам отыра беретін болды. Бұл ретте маман «инфляциядан бастап, құрылыс саласының тоқырауын, тау-кен өндірісінің проблемасын, ауыр-жеңіл өнеркәсіптегі проблемаларды, теңге мен доллар қатынасын тек әлем экономикасына жаба беруді доғару керек, үкімет ішкі факторларға қатысты өзіндік едел-жедел шараларды қабылдауы тиіс», – дейді.
Маманның пайымдауынша, біздің үкімет мәселені дер кезінде шешетін шараларды қолға алуға мүлде дағдыланбаған. Үнемі ұзақ мерзімді ұлттық жобаларды, бағдарламаларды жоспарлап, сонымен халықты емексітіп қоюға әбден үйренген. Нақтырақ айтқанда үкімет елді «қашпаған сиырдың уызынан дәметтіруге» дағдыланған.
Мәселен, Смайылов үкіметі тағайындалғаннан кейін екі ай өте сала 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасын жариялады. Бұл бағдарлама бойынша халықтың кәсіппен айналысуы үшін арнайы мемлекеттік гранттар беру, жұмыспен қамту, табысын арттыру, ең төменгі жалақыны өсіру тәрізді жайттар қозғалған. Былайынша айтқанда бағдарламаны сауатты жүзеге асыра алсақ, әжептәуір елдің еңсесі тіктеліп қалмақ. Тіпті ішің жылып қалады. Алайда, байыбына барып ойлансақ, 2025 жылға дейін әлі үш жыл бар. Ол үш жыл аралығында инфляция қанша пайызға өсіп, қымбатшылықтың халықты қанша мәрте қыспаққа алатыны белгісіз. Қазірдің өзінде елдегі инфляцияның ресми көрсеткіші 15 пайыз, азық-түлік инфляциясы 20 пайызға жеткені белгілі. Бейресми мәліметтер бұл көрсеткіштерді екі еселеп көтеріп те жатыр. Елде ашылып жатқан өндіріс орындары да жоқтың қасы. Демек, мұндай жағдайда үкіметтің халыққа «табысты 2025 жылға дейін өсіреміз» деуі қисынсыз.
Экономист-сарапшы Марал Төртенованың айтуынша, халықтың табысын нақ қазір арттыру керек.
– Халық қатты қиналып кетті. Үкімет «әлемде болып жатқан құбылыс» деп инфляцияны соған артады. Бірақ ішкі фактор деген бар ғой. Жақсы, Ресейдегі жағдайға байланысты техникалар қымбаттасын делік, өйткені біз техникалық заттардың басым бөлігін Ресейден аламыз. Ал азық-түліктің бағасына неге тоқтам болмайды? «Астықтың отанымыз, астыққа баймыз» деп отырып, нан бағасын өсіру қаншалықты негізді? Тұрақтандыру қорларының жұмысы неге бақыланбайды?! Өзімізден шығатын отандық дәрі-дәрмектің бағасы неге өсіп жатыр? Отандық өнім бағасын тежей алмай отырмыз. Монополистерді де тезге сала алмай отыр. Неге? Болашақта үкімет осы сауалдарға жауап іздеуі керек? Халықтың табысы алдағы үш жылда емес, нақ қазір өсуі тиіс.
Сала мамандарының пайымынша, бізде халықтың тұрмыс-тіршілігіне, экономикалық дамуға қатысты реформалар өте көп. Тіпті елде тиімді реформалар легін қалыптастыру мақсатында – жоғары реформалар кеңесі де құрылды, ұлттық жобалар да қабылданды. Бірақ осы реформалардың нәтижесі өте аз. Мысалы, әріге бармайық, берісі, Мамин үкіметінен басталған реформалар жүзеге асқанда, қазір халық қиналмас еді. Смайыловты әкелді. Қаңтардан бері үкіметтің тағайындалғанына тоғыз айдан асты, жаңа үкімет не бітірді?!
– Бірінен кейін бірі реформаларды ұсына бергеннен халықтың жағдайы жақсарған жоқ. Егер үкімет осы бағытпен отыра берсе, онда халықты асырай алмайды. Демек онда Смайылов үкіметін де сырғыту керек. Мүмкін, іскер тың идеясы бар, жас мамандарды әкелу керек шығар. Ойлап қарасақ, біздің жеріміздің ауқымы үлкен. Тек қана жерасты байлығымыздың арқасында, көптеген шетелдік миллиардер атанып жатыр. Осындай әрекеттерді көріп, қарның ашады. Үкімет сол байлыққа ие болып, оны неге елдің жағдайын жақсартуға жұмсауға талпынбайды? – дейді экономист-сарапшы Марал Төртенова.
Рас, халықты байытуға, елді дамытуға шынайы талпыныс болғанда біз әлдеқашан дамып кетер едік. Өкінішке қарай, бүгінде халықтың 80 пайызы жалақысын үнемдеп, тек азық-түлікке жеткізгенін олжа көріп жүр. Қазір елде банкке борышкер емес, несиесіз адам көрсек таңырқайтын жағдайға жеттік. Негізі несібеміз мол халық едік, бірақ үкіметтегі тойымсыздарға жем болып, ырысымыз ортайды. Ал енді әрі қарай халық қашанғы бейнеттенеді?! Тоқшылықтың дәмін қашанғы шенеуніктер ғана сезінеді?! Әттеген-айы, біз үшін басы ашық күйінде қала беретін сауалдардың бірі осы болып тұр...