Смайылов үкіметінің соры
«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен аладының» керін келтіріп, айналамызда геосаяси жағдай онсыз да ушығып тұрған тұста Қазақстанның мұнай экспортына қатысты ақуал күрделене бастады.
Өткен аптада Қара теңізде болған дауылдан кейін Каспий құбыр желісіне айтарлықтай зақым келді. Қазақстан мұнайының 80 пайызы осы құбыр арқылы экспортқа кетеді.
Каспий құбыры желісі консорциумы мамандарының айтуынша, танкерлерге мұнай құятын үш қондырғының екеуі айтарлықтай зақымданған. Қазір тек біреуі ғана жұмыс істеп тұр. Құбырларды жөндеуге қажетті жабдықтарды сатып әкелуге дейін мұнай тасымалының көлемі жоспардан үш есеге дейін азаюы мүмкін. Бұл жағдайға бей-жай қарауға болмайтынын сарапшылар да, экономист мамандар да баса айтып отыр. Отандық мамандардан бөлек, аталмыш мәселеге Ресей тарапы да өз пікірін білдіруде. Көрші елдің энергетика вице-министрі Павел Сорокиннің айтуынша, аталған ақауды жөндеу үшін 1,5-2 айдай уақыт кетеді. «Бұдан мұнай экспортының көлемі тәулігіне 1 млн баррельге дейін төмендейді», – деді ол.
Ал сарапшылар Еуропаға тасымалданатын мұнай көлемі күрт азайғандықтан, «оның бағасы барреліне 150 долларға дейін қымбаттауы мүмкін. Бірақ қазақстандық тарапқа бұдан пайда болмайды. Қазақстанның мұнай өндіруші компаниялары керісінше, тығырыққа тірелмек», – дейді.
Жоғарыда айтқанымыздай, бұзылған құбыр арқылы еліміздің экспорттық мұнайының үштен екісі сыртқа тасымалданады. Атап айтқанда, Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кеніштерінен шыққан «қара алтын» осы құбыр арқылы өтеді. Каспий құбыры желісі консорциумының үлесіне «Транснефть», «Роснефть», «Лукойл», «ҚазМұнайГаз», Chevron, Mobil, Shell, Eni сынды компаниялар иелік етеді.
Мамандардың пайымдауынша, аталмыш құбыр «ауруы» алдағы уақытта Смайылов үкіметінің басын біраз қатырары анық. Экономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай Алдабергеновтың айтуынша, мұнай экспортының азаюы бюджетке айтарлықтай салмақ түсіреді. Қазірдің өзінде Ұлттық банк пен Үкімет бір ғана теңге бағамын тежеп ұстап тұру үшін қайта-қайта интервенция жасап, алтын-валюта қоры орталанып барады.
– Елдегі қымбатшылық, базалық ставканың өсуі, бюджеттің тапшылығы тәрізді мәселелерді шешу Смайылов үкіметіне оңайға соғып отырған жоқ. Енді мұнай экспортының азаюы бюджеттің бүйірін тағы да босатады. Бұдан барып, жанармай тапшылығы, мұнай өнімдерінің қымбататтауы орын алуы әбден мүмкін, – дейді сарапшы.
Маманның айтуынша, биыл Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы «салық түсімдерінің өсуіне және мұнайдың қымбаттауына қарамастан, Қазақстан бюджетінің тапшылығы 1 трлн теңгеге жақындады», – деген дерек келтірген-ді.
— Бұл проблемалардың қатарына енді Каспий құбырының бұзылғаны келіп қосылды. Бұл оңай шешілетін шаруа емес. Оны жөндеу үшін кемі, екі-үш ай уақыт кетеді. Бұл жайт үкіметтің басын ауыртып, ашығын айтқанда, аталмыш мәселе Смайылов үкіметінің сорына туындады, – дейді Жаңабай Алдабергенов.
Жалпы, болған жағдайға қатысты еліміздің Энергетика министрлігі «мұнай экспортын баламалы бағыттар бойынша ұлғайту мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз», – деген мәлімдеме жасады. Алайда отандық мамандар «30 жылдан бері мұнай экспортынан бөлек, мұнай химиясын жетік меңгергенімізде, пайдаға шаш-етектен кенелер едік», – деседі. Олардың пайымдауынша, біздің мұнайымыздың бір ерекшелігі, құрамында күкірт қосылыстары көп. Осы жағынан алғанда, мұндай мұнайды өңдеп, одан өнім алу күрделірек. Бұған қоса, біз табиғи газға да бай елміз. Газымыздың басым көпшілігі мұнайымызға ілесіп шығады. Өкініштісі, бізде бар мұнайды ұқсату да, мұнаймен бірге шығатын ілеспе газды ұқсату жағы да сауатты, дұрыс жолға қойылмаған. Бұған қатысты химия ғылымының докторы, профессор Қорлан Апсалықова былай дейді:
– Бүгінде біз мұнай шикізатының аз ғана бөлігін мотор отындары мен дизелді отын ретінде қолданамыз. Оның өзінде отандық тұтынушыларды аталмыш өнімдермен толықтай қамтамасыз етуге қабілетіміз жеткіліксіз. Қазір бір қатар әлем елдері моторлы отындар бойынша Еуро-8 стандартына еніп кетті. Өкінішке қарай, шындап келгенде, Қазақстан бұл межеде әлі Еуро-3 стандартына иек артып отыр. Мұның өзі бізде мұнай өңдеу саласының кенжелеп қалғанын айғақтап тұр. Сарапшының сөзін алдап айтатын болсақ, мұнайдан бізде, негізінен, бензин, керосин, дизель отыны, мазут алынады. Біз осы мазутқа дейін өнім аламыз да, әрі қарай қазбаламаймыз. Ең өкініштісі, мұнай қоры көп бола тұра, бензинді, дизель отынын, ұшақтарға қажетті отынды, жанар жағармайларды көршілес Ресей елінен импорттаймыз. Қанша байлығымыз бола тұра, өзгенің өніміне көз сүзіп, жалтақтайтынымыз да шындық.
– Қазір біздің мұнайымыздың арқасында, шетелдіктер байып, шекелері шылқып қалды. Бұл жерде шетелдік инвесторларға осындай мүмкіндік берген билік енді мәселені төтесінен қою керек. Ақиқатында, Қазақстандағы мұнай өңдеу технологиясының ескіргені сонша – біз 1 тонна мұнайдан 300-350 келі жанармай алсақ, Ресей зауыттары 1 тоннадан 600-700 келі жанармай шығарады. Еуропа мен АҚШ-та бұл көрсеткіш 800-870 келіні құрайды. Мұндай техникалық әлеуетімізбен біз әлі де сырттан келетін мұнай өнімдеріне тәуелдіміз. Ал сырттан келетін өнімнің бағасы құбылмалы болатыны, айтпаса да түсінікті емес пе?! Сондықтан біз мұнай шикізатынан бөлек, келешекте жанар-жағармай тапшылығымен де бетпе-бет келе беретін боламыз, – дейді Қорлан Апсалықова.
Тақырыпқа тұздық:
Халықтың мүддесін ескеру керек
Жалпы, «мұнай-газ саласын дамытуға, қатысты үкіметке ұтымды шешімдер қабылдайтын кезек әлдеқашан жетті» – дейді мамандар. Ол үшін Самайылов үкіметі мынадай ұсыныстарға мән бергені жөн:
- Бірінші – мамандар біліктілігін арттыру керек. Көрші елдердегідей, арнайы мұнай химиясы өнеркәсібін тереңдетіп оқытатын оқу орындарын ашу керек. Технологиялық базамыздың қуатын арттыру қажет. Біліктілікпен қоса, отандық өндірістің қуаттылығын да арттырған жөн.
- Екінші – мұнай өндіруші, мұнай өңдеуші компанияларды мемлекет өз қарамағына алу керек. Өйткені біз барлық тізгінді жекелеген монополистерге, шетелдік алпауыттарға беріп қойдық. Мұның ақыры, «жаман үйді қонағы билейді», дегенге әкеліп отыр.
- Үшінші – қандай шешім қабылданса да, халықтың мүддесі ескерілуі керек. Егер әркімге бір жалтақтап, өзге жұрттың бабын таба берсек, онда күні ертең келер ұрпақтың алдында төменшіктеп қалатынымыз хақ.
Міне, үкімет осы аталған жайттарға мән беріп, мұнай-газ саласына қатысты реформалар сауатты ұйымдастырылса, қара халық әлдеқашан осы саланың қызығын көріп, жарлы-жақыбайдың тірлігін кешпес еді. Ендеше, Смайылов үкіметі мұнайдың мұңын шешуге асығып, халықтың ауыртпалығын жеңілдетуге күш салар деген ойдамыз...