Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
00:33, 08 Ақпан 2019

Smart-аялдама: Шалтабаев шашқан миллиондарды Баталов байқамады ма?

Талдықорған қаласының әкімі Дастан ШАЛТАБАЕВТЫҢ есімі SMART-аялдамалар арқылы көпшіліктің есінде қалатын болды.

Ауаға ұшқан миллиондар... Алматы облысының орталығында 84 миллион теңгеге жуық тұрғызылған су жаңа смарт-аялдамалар қайта сүріліп жатыр. Салықтың ақшасын дұрыс игермеген шененуніктерге қала халқы ашулы. Әрине, ауыздарынан жырып берген ақша желге ұшса қалайша ашуланбасқа? Егер осы соманы қала әкімі өз қалтасынан шығарған болса, жеті рет өлшеп, бір кескен болар еді. Бұған қатысты қала әкімдігінің өкілдері «жол қайта жөнделетін болғандықтан смарт-аялдамалар сүрілді» дегенді алға тартады. Қызығы, қашанда құрлысшы екенін мақтан тұтатын облыс басшысы Амандық БАТАЛОВ неге қадағаламады екен? Әлде, мәселе басқада ма? 

Талдықорғанда алғашқы смарт-аялдама былтырғы жылдың жаз айларының бірінде бой көтерген. Қашанда ауыздарынан президентті тастамайтын Алматы облысының шенеуніктері мемлекет басшысының «жасыл экономика» бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз деп кеуделерін көтерген-ді. Қыста жылы, жазда салқын, тегін  Wi-Fi, электр жарығын күн көзінен алатын заманауи аялдамалардың әрқайсына 8 миллионан астам қаражат кетті. Дәл қазір 3 аялдама сүрілді. Әзірге үшеуі істеп тұр. Құрлысы басталған қалған төрт аялдамада қазір жұмыс тоқтатылған.   Мұндай қадамға атқамінерлер не үшін барғанын білгісі келген жергілікті блогер Қайрат АБДРАХМАНОВ әкімдіктегілердің жауабы ақылға сыймайтыны айтады. Әуелі, жоба мемлекеттік сатып алу арқылы жүзеге асқанмен конкурсқа бір ғана мердігер компания қатысқан. Ал, мұндай әрекетке рұқсат бергендер смарт-аялдамалардың құрылысы аяқталар сәтте басқа шешім қабылдаған. 

«Бір аялдама көшенің кеңейтілуіне байланысты алынған деген жауап алдық. Алайда, қалған екеуі не үшін сүрілді деген сұраққа мердігерлер бізбен келіспей орнатты деген уәж айтты. Сонда әкімдіктегілер  ұйқыдан оянғанда жаңа аялдамаларды көріп, рұқсат етілмеген жобаның көзін құртыңдар деген тапсырма берген бе? Бұл әрекет еріксіз адамның күлкісін келтіреді»,- дейді блогер Қайрат АБДРАХМАНОВ. Талдықорғандағы бір смарт-аялдаманың құны қаладағы бір бөлмелі жаңа пәтердің бағасына тең. Демек, бұл қаражатпен үйсіз жүрген 10 отбасын баспанамен қамтуға болар еді. «Жас Алаш» тілшісі бұл мәселеге қатысты жергілікті тұрғындардың да пікірін сұрап көрген еді. 

«Бізде «Жастар» жақта тұр, Жетісу университетінің алдына салып жатыр. Тура сондай аялдама болған мына жерде, ал қазір жоқ. Менің ойымша жаңа автобустар берген дұрыс шығар. Өйткені кейбір көліктердің іші суық. 84 миллион деген оңай ақша емес. Бекер шашылды», — дейді қала тұрғыны Айгүл ӘЛІМБЕКҚЫЗЫ. Аталған проблемаға байланысты тілшілерге қала әкімі де, оның орынбасарлары да сұхбат беруге ықлас білдірмеді. Әдеттегідей алдыға баспасөз қызметін салып қойды. Әріптесіміздің айтуынша, жаңа аялдамаларды бұзу туралы шешім қаладағы көшелерді кеңейтуге байланысты қабылданып отыр. 

«Қазіргі уақытта Қабанбай батыр көшесінің жобалық құжаттамасы жасалып болғаннан кейін ол қайтадан орнына қойылады. Қазіргі уақыттағы алынған, салынған аялдамалардың барлық шығыны мердігердің мойнында. Қалалық әкімдіктен оған қосымша ақша бөлінген жоқ», — дейді Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Данияр ЖАНЫС.

Фото автордікі.   

Тегтер: