Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
04:36, 22 Қыркүйек 2020

SMART СARD сергелдеңге сала ма?

None
None

      Қарағанды жұртын үш жыл тосқызған «Смарт карт» жүйесі әупірімдеп жүріп, әзер дегенде іске қосылды.

Үш жыл бойы Қарағандыдағы атқамінерлер мен электронды билет беру жүйесін шығарған Оңтүстік Кореяның «Смарт карт» компаниясы өкілдері бұл жүйені жер-көкке сыйғызбай мақтап келсе де, жыл сайын уәде етілген жүйені іске қосу кейінге  шегеріле берген болатын-ды.

«Автобусқа сыймай жүргенде,«Смарт карта» жайы не болады?»

      Қарағанды қаласындағы қоғамдық көліктерде  электронды билет беру жүйесі тестілеу режимімен басталды. Тестілеу аяқталғанша жұрт картамен де, ақшамен де жол жүру ақысын төлей алады. Кейін тестілеу режимі аяқталған соң, смарт картамен төлейтіндер үшін жолақы бұрынғыдай 80 теңге болса, ақшамен төлейтіндер үшін  жол жүру құны біршама көтеріліп, 150 теңге болады деген ақпарат шыққан. Алайда Қарағанды қаласы әкімдігінің мамандары тариф әлі нақты белгілі болған жоқ деп отыр. Әзірге автобустарда смарт картамен жол ақысын төлеп жүргендер некен-саяқ. Қоғамдық көліктерге смарт карт электронды билет беру жүйесінің қондырғылары орнатылған.

      Бүгінде Қарағанды жұртын мазалап отырған басты мәселе – үнемі «аузы-мұрнынан шығып», толып жүретін автобустардың жайы. Жұрт таңертең және кешкі уақыттарда қоғамдық көлікке әзер мінеді. Автобустардың жетіспеуі — Қарағандыда бірнеше жыл айтылып, жауыр болған мәселе. Бұл мәселені реттеуге тырысқан қала, облыс әкімінің жұмыстары еш нәтиже берген емес. Енді жолаушылар лық толы автобуста смарт карта терминалына қалай өтіп,  жолақысын төлейміз деп, қынжылысын білдіруде. «Автобус үнемі толып жүреді, тіпті таңертең және кешкі уақыттарда көлікке әзер мінеміз, кейде есік зорға жабылады. Енді осындай жағдайда смарт картамен ақша төлеу қиын ғой. Бұрынғыдай кондукторға ақша төлей алмайсың, ал өзіңнің картаңды біреуге ұстата салуға тағы қорқасың. Сондықтан автобусқа сыймай жүргенде, смарт карта қиындау болар», – дейді қала тұрғыны Мағжан Серік.      Айта кету керек, биыл Қарағандыда жолаушы тасымалдайтын автопарктер бюджеттен субсидия ретінде 3 миллиард теңге қаражат алыпты. Бұл ақшаның бір бөлігі жаңа автобустар сатып алуға жұмсалуы тиіс. Алайда автобус сатып алып жатқан автопарктерді әлі  ешкім көрмеді.

                            Смарт картамен сауда жасауға болады     

  Қарағандыда смарт карта сататын 57 орын бар. Алдағы күндері «Қазпошта» филиалдарынан карта сататын тағы 48 нысан ашу жоспарда бар екен. Смарт картаның бағасы – 600 теңге. Сатып алғанда карта ішінде бұл қаражат болмайды. Жолақы төлеу картасы еліміздің өзге қалаларына қарағанда қымбат. Smart card компаниясының мәліметінше, бұл картамен кейін сауда жасауға да болады. «Картаны сатып алған жерде баланс ретінде ақша саласыз. Оқушыларға және зейнеткерлерге арналған картаны арнайы сайтта тіркету керек, бұл жол жүргенде жеңілдікпен төлеу үшін әрі бұл картаны өзге біреудің пайдалануына жол бермеу үшін қажет. Ал стандарт деп аталған карта барлық жолаушыларға арналған, оны сайтта тіркету-тіркетпеу өз ықтиярыңызда. Сайтқа тіркетсеңіз, кейін карта жоғалған жағдайда ішіндегі ақшаны жаңа картаға ауыстыру  мүмкіндігі болады», – деп мәлімдеді Smart kard компаниясы  жобасының басқарушы менеджері Марина Хван.      Смарт картаны тестілеу режимі аяқталған соң, қоғамдық көліктерде кондукторлар болмайды. Кондукторлардың кейбірін алдағы уақытта жұмыссыздық күтіп тұрғаны анық. «Инспектор ретінде кондукторларды ауыстырады деп айтып жатыр, бірақ бәрін емес. Сондықтан жұмыссыз қалып қоямыз ба деген қорқыныш бар. Жұмысқа қатысты әлі нақты жауап болған жоқ, – дейді Нұржан есімді кондуктор.       Биліктегі атқамінерлер кондукторлар Smart сard компаниясына инспектор ретінде ауысатынын айтып отыр. Алайда барлық кондукторлар жұмыспен толық қамтылады деп, нақты ешкім айта алмайды. «Жыл соңына қарай, компанияның қанша кондукторды инспектор ретінде  жұмысқа алатыны белгілі болады. Бұрын кондуктор ретінде кез келген адамды жұмысқа қабылдай беретін еді. Енді инспекторларды сол компания жұмысқа дайын болуы үшін оқытады», – деп мәлімдеді Қарағанды қаласы әкімдігінің жолаушылар көлігі секторының меңгерушісі Ескендір Қабидолла.      Қақаған қыста аязбен бірге қатып, жолға шықпай қалып, жолаушыларды аялдамада дірдек қақтырып қоятын автобус мәселесінің шешілмей келе жатқанына бірнеше жыл өткен. Жұрт электронды билеттен гөрі билік халықтың жұмыстан кейін жаурамай, үйіне тезірек жету жайына көбірек бас қатырса деп сұрайды.

Тегтер: