Смартфонның құрбандары көбеюде
«Телефон нөмірі бұғатталды!» Қарағаны облысында полиция қызметкерлері атынан осылай деп қоңырау соғатындар көбейіп кеткен.
Олар «жақындарын әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатамыз!» деп, ақша талап етіп, елді бопсалаған. Курьер арқылы есеп айырылысып отырған.
Кеншілер шаhарының 73 жастағы тұрғыны сан соғып қалған. Ол қызын қылмыстық жауапкершіліктен құтқармақ болып, арбауға түскен. Жәбірленуші алаяққа қаннен қаперсіз 17 миллион теңге санап берген. Келесі арбауға түскен адам Қарағандының тұрғындары. Бақандай 26 тұтынушы «Балкон жасаймын» деп жалған хабар таратқан қылмыскердің уысына түскен. Алаяқ қысқа уақыттың ішінде қалтасына 12 млн теңгені басып алған. Абырой болғанда, полиция арам пиғылды әккінің ізін суытпай құрықтады. Айлакер 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Қазіргі кезде орталық полиция бөлімінде қымбат смартфонды тауар түріндегі зат есебінде сатумен айналысқан алаяқтың ісі бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Ол 51 адамды тұзаққа түсірген.
— Пейілі бұзық арбауына түсіп қалмау үшін жұрт өте қырағы болған абзал. Егер осындай көмек түрін ұсынатын адам қоңырау шалса, әңгімені бірден үзген ләзім. Кез келген тұтынушы ақшалай есеп айырылысу жайлы уағдаластыққа отыратын кезде, міндетті түрде жазбаша келісімшарт жасасып, құжат талаптарымен мұқият танысып шығу қажет, – дейді облыстық полиция департаментінің бастығы Санжар Әділов.
Полиция қызметкерлері халыққа мына нәрсені жадыларында ұстауды ескертеді:
* Қаржылай есеп айырылысу тапсырыс қолға тиген кезде жүргізіледі;
* Бөгде адамға SMS-тен кодтарды бермеңіз;
*Егер сізге банктің байланыс орталығының нөміріне ұқсас телефон нөмірінен қоңырау шалып, жеке дерегіңізді сұраса, сөйлесуді тоқтатыңыз және мобильді банкингке кіретін құпия сөздерді дереу өзгертіңіз;
*Ресми ресурстар жүктелмеген болса, белгісіз бағдарламалар мен қолданбаларды орнатпаңыз;
*Интернет желісіне тегін қосылатын қоғамдық орындарда (интернет-кафелерден, ойын клубтарынан) мобильді банкингті пайдаланудан аулақ болыңыз;
*Сізге банктен немесе полициядан деп қоңырау шалса, байланысты бірден үзіп, дереу 102 телефонына хабарласыңыз.
Сайып келгенде, ұялы байланыс телефонның пайдасымен қатар қаупі артқан шақта әр адам сауатты әрі сақ болғаны абзал. Олай дейтініміз, жыл басынан бері облыс аумағында 1200-ден астам адам смартфон алаяқтарының құрбаны болған.