Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:20, 27 Қыркүйек 2023

Смайыловтан ұят болды. Әйтеновтің уәдесі Сыздықбековке жүрмейді

Әкім
Фото: из открытых источников

Ғабит Шымкентте туып, Шымкентке әкім болған бірінші азамат екен.

Шымкенттің әкімі қызметіне жуырда тағайындалған Ғабит Сыздықбековтің бұған дейінгі әкімдерден елең еткізерлік бір ерекшелігі бар болып шықты. Ол Шымкентте туып, Шымкентке әкім болған бірінші азамат екен. Яғни Шымқаланы дамыту, белшесінен батқан былық-шылықтан тазарту – жаңа әкім шенеуніктің міндеті ғана емес, перзенттік парызы деген сөз.

Ғабит Сыздықбеков жоғары оқу орнын бітірген соң елордада Сыртқы істер министрлігінде, Сенатта, Еуропада елшілікте жұмыс істеген. Бірақ ұзақ жылдары сыртта жүрсе де бәрібір кіндік қаны Оңтүстікте тамған азамат екендігін аңғартты. Шымкенттің әкімдеріне тән дәстүрлерден аттап өткен жоқ. Мәселен, жұмысын ардагерлердің басын қосып, ақсақалдардың батасын алудан бастады. Бұдан кейін жергілікті ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті.

- Шымкент дегенде қалыптасып кеткен түсініктер көп. Жемқорлығы бар, басқасы бар, мұның бәрі де артта қалды. Тазалықпен жұмыс істейтін боламыз, бәрін жаңа парақтан бастаймыз, – деді Сыздықбеков өткен сейсенбіде журналистермен өткен кездесуінде.

Әкім алғашқы жұмыс күндерін шаһардағы маңызды деген құрылыс нысандарын аралауға арнады. Өткен аптаның соңында жаңадан салынып жатқан Шымкент әуежайының терминалында болды.

Шымкент қаласы әкімдігі баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, қазіргі уақытта жолаушылар терминалы құрылысының бірінші кезеңі аяқталды. Терминал шатырын монтаждау, сыртқы қасбетін жабдықтау құрылыстары толық жүргізілген. Нысанға инфрақұрылым жүйелерін тарту жұмыстары да кестеге сәйкес іске асырылған. Терминалдың жалпы аумағы 35 мың шаршы метрді құрайды. Әуежай құрылысының 2-кезеңін 2024 жылы аяқтау көзделген. Мүмкін қате кеткен шығар деген оймен қалалық әкімдіктің баспасөз қызметімен хабарласып, мән-жайды сұрадық. Жоқ, қателеспеген екен, әуежай терминалы келесі жылы пайдалануға берілетін болыпты.

Жалпы, Шымкент әуежайының жаңа терминалын салу туралы мәселе 2018 жылы көтерілген. Бұл жобаны инвестор SCAT әуекомпаниясы қолға алды. Алғашқы жоспар бойынша нысан 2021 жылы аяқталуға тиіс еді. Алайда тапсырыс беруші SCAT компаниясы мен құрылысты жүргізген мердігер мекеме арасында сот процестері ұзаққа созылған сыңайлы. Оған жерге қатысты дау-дамайлар қосылды. Әйтеуір, берекесіз тірліктердің салдарынан жаңа терминалдың құрылысы осы уақытқа дейін бітпей тұр.

Биыл қаңтарда терминалдың құрылысымен премьер-министр Әлихан Смайылов келіп танысқан. «Жаңа терминал салу 2018 жылы тапсырылған болатын. Не себептен әлі күнге дейін пайдалануға берілмей отыр? Қалаға немесе елге келген туристер мен қонақтар ең алдымен әуежайдың жағдайына назар салады. Сол себепті тез арада жаңа терминалды пайдалануға беру керек», — деген Әлихан Смайылов құрылыстың одан әрі созылуына жол бермеңдер деп кеткен.

Онда қала әкімі Мұрат Әйтенов, терминалдың биыл жыл соңына дейін аяқталады деп шығарып салған. Әйтенов бұл уәдесін биыл маусымда елордадағы Орталық коммуникациялар орталығында өткен брифингте тағы да қайталады. «Жыл соңына дейін бітеді» деген. Енді, міне, арада үш-төрт ай өткенде жағдай күрт өзгерді. Әкім ауысқанмен, премьер орнында, логикаға сүйенсек, тапсырмасы орындалуға тиіс. Бірақ жаңа әкімнің баспасөз қызметі келесі жылға сырғытып жатыр. Бұл ескі әкімнің уәдесі жаңа әкімге жүрмейді дегенді білдіре ме? Жаңа әкімнің «бәрін жаңа парақтан бастаймыз» дегенінің мағынасын енді түсіне бастаған сияқтымыз.

Соныменен терминалдың құрылысы неге биыл бітпейтін болды? Бәлкім, бұл осы жобаның басы-қасында жүрген қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұхтар Қоқанбаевтың биыл маусымда 13 миллион теңге парамен ұсталуымен байланысты шығар... Дейін десең, оның алғаны жаңа терминалдың жанында түкке тұрғысыз. Бәлкім, сот процесіне байланысты болар деп ақтап алғың келеді. Қазір Қоқанбаевтың соты өтіп жатыр. Алдын ала айтылған ақпараттарға қарағанда, басқарманың экс-басшысы жергілікті көлік компаниясының өкілінен жоғарыдағы ірі көлемдегі параны автобустарға берілетін субсидияны кедергісіз төлеп отыру үшін сұраған. Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, ол бұл ақшаға «Тойота Камри» көлігін сатып алмақ болған көрінеді. Бәлкім, терминалдағы құрылыстың кешеуілдеуі қала әкімінің көлік саласына жауапты орынбасары Мақсұт Исаховтың ұсталуымен байланысты ма? Мақсұт Исаховты Ұлттық қауіпсіздік комитеті шілдеде сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен тұтқындаған.

Терминалды пайдалануға беру мерзімінің неге келесі жылға шегерілгенін біз Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жуырда басшы болып тағайындалған Ролан Ибрагимовтен сұрап көрдік. Ол бірақ кешігуге бұл жемқорлық пен соттың қатысы бар деген сөз айтпады.

«Инвестор әуежайдың перронын жаңартпақшы. Осы жердегі алты гектар жерде бетондау жұмыстарын жүргізеді. Бұдан бөлек терминалға арнап, телескопиялық трап жасалады. Сонда Алматы мен Астанадағыдай, жолаушылар ұшаққа тікелей ғимараттан мінетін болады», – деді басқарма басшысы.

Яғни шенеуніктің айтқанынан түсінгеніміз – құрылыстың созылуы жұмыс ауқымының көбейгеніне байланысты сияқты. Сонда, әу баста жоспарлағанда ұмытып кеткен болып тұрғаны ғой.

Не де болса, Әйтеновтің орнына келген Сыздықбеков бәрін басынан бастаймын деп, уақытты созып жатқан сияқты. Ескі жүйеде көзіміз үйреніп, құлақ етіміз өліп кеткен бір жайт – келген әкім кеткен әкімнің жұмысын жалғастырмай тастайтын. Сыздықбеков бәрін жаңа парақтан бастаймын деген сөзді тура мағынасында түсініп алған сияқты, әйтпесе, әуежайды айтылған уақытта бітірсе және бұрынғы әкімнің бастаған ісін жеріне жеткізсе, міне, сол нағыз жаңалық болар еді.

Смайылов айтқандай, ең алдымен туристерден ұят болды, сосын, әрине, премьер-министрдің өзінен ұят болды.

Бақытжан әбдірашұлы

Тегтер: