Смайыловтың аузы жаман: Ұлттық қор... 2030...екіталай...

Кейінгі уақытта Ұлттық қордың ақшасы азайып кеткені, 2030 жылы оны 100 млрд долларға жеткізу межесі мүмкін емесі жайлы айтыла бастады. Тіпті мына екпінмен тауысып тастаймыз ба деген де қорқыныш бар. Сөйтіп жүргенде Жоғары аудиторлық палата Ұлттық қорға қатысты есебін жариялап, күмәнді қоюлата түсті.
ҚР президентіне тікелей бағынатын, соған есеп беретін, экс-премьер Әлихан Смайылов басқаратын палатаның есебіне сәйкес, кейінгі уақытта Ұлттық қор шетелдік қорлармен салыстырғанда аз табыс тапқан. Мысалы, 2009 жылдан бері Ұлттық қордан 3,7 трлн теңгеден астам қаражат «Бәйтерек» пен «Самұрық-Қазына» облигацияларына салынған. Бірақ бұлардың кірісі тым төмен болып отыр. 2024 жылы қор бар-жоғы 45,5 млрд теңге ғана пайда көрген.
Аудиторлар тағы қандай есеп жариялады?
Бір қызығы, біздің аудиторлар Норвегия ұлттық қорын елдегі қормен салыстырады. Норвегия қоры 2023 жылы 213 млрд еуро (аудиторлық есепке сәйкес) таза пайда тапқан. Ал 2024 жылы аталған қордың табысы 13 пайыз болған. Бұл Қазақстанның Ұлттық қорына қарағанда бірнеше есе жоғары.
Еліміздегі қорға төніп тұрған екінші бір қауіп – Ұлттық қордан трансферттер арқылы бюджетке қаражат аудару. 2015–2024 жылдары қордан алынған қаржы республикалық бюджеттің 30 пайызға жуығын құраған. Алдағы уақытта бұл қордың тұрақтылығына қауіп төндіріп, мұнайдан тыс бюджет тапшылығын үдете түсуі мүмкін.
2024 жылы Ұлттық қордан 6,2 трлн теңге алынып, соның 5,6 трлн теңгесі республикалық бюджетке берілген. Аудиторлар Ұлттық қордың президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан 2030 жылға дейін 100 млрд долларлық активке жетуі екіталай екенін ескертеді (бұл енді биліктің ашық мойындауы деуге болады). Өйткені мұнайдан түскен табыс 2024 жылы 748 млрд теңгеге азайған. Бұдан бөлек, салық төлейтін мұнай компаниялары 204-тен 24-ке дейін қысқарып, осыған байланысты қор 166 млрд теңге жоғалтқан. Қазіргі таңда, 2025 жылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша Ұлттық қордың жалпы активі 32,8 трлн теңге.

Ұлттық қордың ақшасы неге азайып бара жатыр?
Кейінгі жылдары қор активтерінің өсу қарқыны баяулаған. 2024 жылы Ұлттық қорға мұнай саласынан түскен түсім 3,8 триллион теңге, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 16 пайызға төмен көрсеткіш. Түсімдердің азаюына әлемдік мұнай бағасының сәл төмендеуі және Қазақстандағы мұнай өндіру көлемінің 2,3 миллион тоннаға қысқаруы әсер еткен. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қордың жиынтық активтері 34 трлн теңге немесе шамамен 66 млрд доллар болды. Бұл сома бұрын болжанған өсім емес, себебі бір жағынан мұнай түсімдері азайса, екінші жағынан қордан бюджетке алынып отырған аударымдар көлемі жоғары. Мысалы, 2020 жылы бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан 4,7 трлн теңге, 2021 жылы 2,7 трлн, ал 2022 жылы 4,03 трлн теңге трансферт бөлінді. Сарапшылар егер осындай қарқынмен ала берсе, шамамен он жылдан кейін Ұлттық қордың активтері толығымен таусылуы мүмкін екенін ескертеді. 2014 жылы Ұлттық қордың 77 млрд доллары бар еді, алайда 2022 жылға қарай 52 млрд долларға дейін қысқарды. Яғни мұнай секторы тұрақты түсім әкелгенімен, сол жылдар аралығында қордан бюджетке және түрлі бағдарламаларға алынған қаражат 25 млрд доллар шығын алып келді.
Қорды «Бәйтерек» пен «Самұрық-Қазына» жарылқамай тұр
Ұлттық қор активтерін пайдаланудың маңызды мәселелерінің бірі – олардың ішкі экономикалық жобаларға жұмсалу тиімділігі. Қор құрылғанда оның басты мақсаты – қаражатты шетелдік аса сенімді активтерге салып, сыртқы нарықтардан табыс табу еді. Алайда уақыт өте мемлекет Ұлттық қор қаражатын ішкі қажетті «жобаларға» бағыттай бастады. Әсіресе «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры мен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі арқылы Ұлттық қордың қомақты қаржысы түрлі бағдарламаларға құйылды. Бұл құрылымдар арқылы инвестициялау мемлекетке жедел экономикалық қолдау беру үшін тиімді көрінгенімен, Ұлттық қордың өзі үшін айтарлықтай инвестициялық табыс әкелмеді.
2014–2016 жылдары «Бәйтерек» холдингі Ұлттық қордан жүздеген миллиард теңге қаржы алды. Алайда бұл қаржы Ұлттық қор үшін табысты инвестиция болған жоқ. Үкімет «Бәйтерек» арқылы шығарылған облигацияларды жылдық 0,1 пайыз сыйақы мөлшерлемесімен сатып алды. Яғни Ұлттық қор өз ақшасын осы холдинг арқылы іс жүзінде тегін несие ретінде берген деуге болады. Салыстырсақ, сол кезеңде «Бәйтерек» Қытайдың «Эксимбанкінен» теңгеге шаққанда 68 млрд теңге қарызды жылдық 5,5 пайыз мөлшерлемемен алған. Демек, Ұлттық қордан алынған ақша үкімет үшін «арзан ресурс» болды, бірақ қордың өзіне тиын-тебен ғана түсті. Түптеп келгенде, «Бәйтерек» Ұлттық қор қаражатын экономиканың түрлі секторларына агент ретінде үлестіріп бергені болмаса, қор активтерін көбейте алмады.
«Самұрық-Қазына» да осыған ұқсас жағдайда. Бұл қор негізінен ұлттық компанияларды басқарса да, кейінгі жылдары өз облигацияларын Ұлттық қорға сатып, сол арқылы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырып келеді. Мысалы, 2024 жылы Ұлттық қор «Самұрық-Қазына» шығарған жалпы 507 млн доллар құны бар облигацияларды сатып алды. Бұл қаражат Достық-Мойынты теміржолының екінші тармағын салу, Талдықорған-Үшарал газ құбырын тарту секілді инфрақұрылым жобаларына жұмсалды. Алайда бұл облигациялардың пайыздық мөлшерлемесі нарықтан әлдеқайда төмен деңгейде белгіленгендіктен, Ұлттық банк олардың құнсыздануынан 150 млн доллар зиян көрді. Сарапшылар мұндай тәжірибе Ұлттық қордың кірістілік құрылымын әлсірететінін алға тартады. Ұлттық қордан бөлінген қаражат төмен пайызбен «Самұрық-Қазына» арқылы жұмсалу – шын мәнінде, бюджеттік шығындарды жабудың көлеңкелі әдісі іспетті, өйткені қаржы нарықтық талаппен инвестицияланбай, мемлекеттік мақсаттарға жеңілдікпен беріледі. Нәтижесінде, Ұлттық қордың негізгі міндеті – ұзақ мерзімді тұрақты табыс табу қызметі орындалмай, оның активтері ішкі жобаларда «байланып» қалады да, қор тұрақты кіріс көзінен гөрі үкіметтің қосымша қазынасына айналады.
Қорды қайда жұмсадық, не таптық?
Қазақстан Ұлттық қоры 2000 жылы құрылған кезде үлкен үміт артылған. Түпкі мақсат – мұнайдан түскен мол кірістердің белгілі бөлігін жинақтап, оны еселеп өсіріп, елге тұрақты кіріс әкелетін қор қалыптастыру болатын. Алғашқы капитал 2001 жылы Теңіз кенішіндегі 5 пайызды үлесті сатудан түскен 660 млн доллардан бастау алған. Кейін мұнай бағасының көтерілуі мен өндіру көлемінің артуы арқасында қор қаржысы жылдам өсті. 2014 жылы Ұлттық қордың көлемі 70 млрд доллардан асты. Алайда сол кезеңнен бері түрлі экономикалық дағдарыстар мен үкіметтің үнемі қор қаражатына қол салуы салдарынан өсім қарқыны кері айналды. Сарапшылардың есептеуінше, кейінгі он жылда Ұлттық қордан жалпы 100 млрд долларға жуық қаражат алынған. Бұл сома түрлі мақсаттағы трансферттерге, дағдарысқа қарсы бағдарламаларға, банктерді құтқаруға, сондай-ақ жоғарыда айтылғандай, ұлттық компанияларды қолдауға бағытталды. Егер осы қаражат жұмсалмай, қорда сақталған болса, бүгінде Ұлттық қордың көлемі 150 млрд доллардан асып түсетіні айтылып жүр. Тіпті кейбір қаржыгерлер «мүлдем трансферт болмағанда, қор көлемін 500 млрд долларға жеткізу де мүмкін еді» деп, пікір білдіреді. Әрине, әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктер туындағанда қор ақшасын пайдалану жөнсіз деуге болмас, бірақ мәселе оның орны толмай, мақсатсыз жұмсалуында болып отыр.

Расул Рысмамбетов, қаржыгер: Болашақтың қаржысы бүгіннің мәселесін шешіп жатыр
– Кейінгі жылдары ел экономикасындағы қиындықтар Ұлттық қор қаржысын пайдалану тәжірибесін қалыпты жағдайға айналдырды. Дағдарыс кезінде мемлекет экономиканы қолдау үшін осы қорға жүгінеді. Бизнеске берілетін субсидиялар да көп. Әлеуметтік саясат қайта қаралып жатыр. Қазіргідей жағдайда қордан ақша алып, «өрт сөндіру» – түсінікті амал. Бірақ бұл уақытша шешім ғана.
Мәселе – жеке сектордың инвестиция салуға құлықсыздығы. Себептерінің бірі – геосаяси тұрақсыздық, соғыс қауіптері. Бүгінгі таңда еліміздегі көптеген жобалар инвестицияға мұқтаж. Инвесторлар азайған жоқ, алайда қаражатты барлау мен өндіріске бағыттау қажет. Кейінгі кезеңде қайта өңдеу саласы қарастырылуы мүмкін. Бұл бағыттарға біраз қаржы салынды.
Ал жол, жылу, су желілері сияқты инфрақұрылымдық жобалар тарифтердің төмендігіне байланысты жеке инвесторлар үшін тартымсыз. Сондықтан мемлекет бұл салаларда олардың орнын алмастырып отыр. Тарифтер жаһандық деңгейге жетпейінше, мұндай жобаларға жеке капитал тарту қиын. Субсидиялар бар болғанымен, бәсекеге қабілеттілікке жету үшін уақыт керек.
Мысалы, өзге елдерде электр энергиясы мен жанармай бағасы жоғары болса, сол салаларға инвестиция тарту оңай. Бізде тарифтер төмен – бұл жақсы не жаман деу емес, жай ғана шындық. Сондықтан мемлекет Ұлттық қор қаржысын инвестиция орнына жұмсауға мәжбүр.
Бұл — инвестициялық саясаттың кемшілігі емес, тарифтік саясаттың салдары. Осының әсерінен шығындар артып, жүйелі мәселелер туындауда. Ұлттық қор қаражатының азаюы көбіне валюта бағамының құбылуына байланысты.
2009 жылдан бері әлеуметтік-индустриалдық жобаларға 3,7 триллион теңге бөлінген. Бірақ олардың кірістілігі төмен. Есеп комитеті мен Жоғары аудиторлық палата мұндай жобалардың тиімді еместігін бұрыннан айтып келеді. Білім, медицина, мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік жобалар ешбір елде қаржылай пайда әкелмейді. Олардың тиімділігі – халықтың өмір сүру сапасымен өлшенеді. Мысалы, Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы 75 жас. Бұл жақсы көрсеткіш.
Соңғы уақытта жоғары білімге берілетін гранттарды қысқарту туралы пікірлер айтылып жүр. Бұл да орынды шығар. Себебі бізге университеттерден бұрын техникалық және кәсіптік білім керек. Еңбек нарығында дәнекерлеуші, механизатор, құрылысшы сияқты нақты мамандар тапшы. Сондықтан қаржыны осы бағыттарға салу – экономикалық тұрғыдан тиімді.
Ұлттық қорды басқаруға келсек, бізде Норвегия секілді технологиялық компанияларға инвестиция салу тәжірибесі жоқ. Он жыл бұрын осы үлгіні көшіру ұсынылғанымен, қаржы құрылысқа бағытталды. Қазір оның тиімсіз болғаны байқалып отыр. Бюджет шығындары мен басымдықтарын қайта қарау қажет.
Мемлекеттік қаржыда ашықтық та маңызды. Қаржы министрлігі орталық деңгейде есеп беріп отырғанымен, өңірлік деңгейде ашықтық әлсіз. Жаңа Бюджет кодексі Ұлттық қордан қаражат алуға шектеу енгізуді көздейді. Бірақ мұндай шектеулер қаншалықты орындалары белгісіз. Тиімсіз жобаларға бөлек қаражат бөліну тәжірибесі әлі де бар. Сондықтан келесі жылдан бастап қатаң бақылау мен нақты шешімдер қажет болады.
Норвегия қайда, біз қайда?
Әлемде мұнайдан түскен табысты ұқыпты инвестициялап, болашақ ұрпаққа зор пайда әкеліп отырған ең үлкен қор – Норвегияның ұлттық қоры. Норвегия қорының тарихы 1990 жылы басталған, бірақ 1998 жылға қарай қор көлемі небәрі 23 млрд доллар болған еді. Алайда дұрыс стратегияның және қаржы тәртібінің арқасында арада ширек ғасыр өтпей бұл қор орасан өсімге қол жеткізді. Бүгінде Норвегия қорының көлемі 1,4–1,9 триллион долларға жетіп отыр. Бұл қазір Норвегия әр азаматында 340 мың доллар бар дегенді білдіреді. Норвегия әлемдегі жалпы биржалық акциялардың 1,3 пайызын осы қор арқылы иемденген. Шамамен 9 мың компанияның бағалы қағаздары бар. Қордың құрылымы өте күрделі. Ең бастысы – инвестициялар түгел дерлік Норвегиядан тыс, жаһандық нарықтарға салынады. Қорды Норвегияның орталық банкінің арнайы бөлімшесі – Norges Bank Investment Management басқарады және қабылданған инвестициялық шешімдерге саяси ықпал етуге қатаң тыйым қойылған. Норвегия қоры әлемдегі ең ашық және есептілігі жоғары қор саналады. Жыл сайын толық 130 беттен тұратын есепті қоғамға ұсынады, онда қай елге, қай салаға қанша ақша салынғаны, тіпті қандай компаниялардың акцияларын алғаны, олардың табысы мен шығынына дейін көрсетіледі. Мысалы, 2023 жылы Норвегия қоры технология секторы өсімінің арқасында зор пайдаға кенелгені жөнінде ашық баяндама жасалды.
Ал еліміздегі ұлттық қордың есебін білу қиын. Бұған дейін отандық БАҚ-тар қордың есебіне сұрау салған. Алайда «Қазправдада» шағын ғана мақала жарық көрген. Бұл ақпараттың өзі қор инвестициясының географиялық және салалық бөлінуінің нақты есебін бере алмайды.
Норвегия қорының табыстылығы жаһандық нарықтардың ахуалына байланысты жыл сайын құбылып отырса да, орта есеппен өте жоғары деңгейде. Кейінгі жылдары аталған қордың жылдық орташа кірісі тұрақты. 2022 жылы нарық құлдырағанда қор 164 млрд доллар жоғалтқанымен, 2023 жылы бір жылда қайта 222 млрд доллар табыс тапқан. Жалпы алғанда, Норвегия қоры құрылғаннан бері мұнайдан құйылған таза қаражат көлемі 5,1 трлн норвегиялық крон (1 крон = 0,098 АҚШ доллары) болса, инвестициялық жолмен тапқан пайдасы 11 трлн кроннан асып түсті.
Әрине, Норвегияның үлгісін айна-қатесіз көшіру мүмкін емес, олар мұнай дәуірінің соңы келетінін ерте түсініп, қаржы жинауды ертерек жолға қойған. Дегенмен Қазақстанға Норвегия тәжірибесінен алар ең үлкен сабақ – қатаң қаржы тәртібі және инвестициялардың ұзақ мерзімді қайтарымына басымдық беру. Норвегия 90-жылдардан бері мұнай табысына тиіспей, тек қорда жинап қана қойған жоқ, оны әлемдік нарықта ұқыпты жұмыс істетіп, болашақ ұрпақ үшін тұрақты әл-ауқат көзін қалыптастырды. Ал біздің Ұлттық қор бастапқы концепциясында жазылған межелерге маңайлаған да жоқ.
P.S. Ұлттық қорды құрудың бастапқы идеологиясы – қазіргідей мұнайдан түсетін кіріс мәңгілік емес екенін түсініп, болашақта «қара алтын» сарқылған кезде оған балама табыс көзі ретінде пайдалану болатын. Ендеше, ерте ме, кеш пе мұнай өндіру көлемі азайып, жаһандық энергия балансы өзгерсе, Қазақстан экономикасы осы қорға сүйенуге мәжбүр болады. Бірақ сол кезге қарай қордың жағдайы қандай болмақ? Өкінішке қарай, егер қазіргі тенденциялар өзгермесе, болжам көңіл көншітпейді. Зерттеулер көрсеткендей, егер мұнай бағасы барреліне 30 доллар деңгейіне түсіп, сол төмен деңгейде қалса, Қазақстан Ұлттық қоры небәрі 10 жылға жетпей толық таусылып қалуы мүмкін.
Тұрсынбек БАШАР