Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:46, 26 Қаңтар 2024

Смайыловтың жайлы да жайсыз креслосы

Смайылов
Фото: из открытых источников

Біздің елде премьер-министр лауазымы қылыштың жүзінде жүргендей «қауіпті» жұмыс. Халық оны атқарушы биліктің биігінде тұрған, құзыреті президенттен кейінгі екінші адам деп санайды. Бірақ осы күнге дейін үкімет басшысының өз бетінше жұмыс істеп, жарқылдап көзге түскенін көрген жоқпыз. 

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын айтпағанда, кейінгі 20 жылда премьер болған тұлғалар жұрт көңілінен шыққан жоқ. Тіпті соңғы 5 премьер-министрдің үшеуі сотталып, біреуінің саяси карьерасы ерте аяқталды. Бесіншісі – қазір қызметте отырған Әлихан Смайылов.

Әлихан Асханұлының да жағдайы мәз емес. Ол үкіметті басқарған екі жылда елде инфляция деңгейі артып, халық тұрмысы төмендеп кетті. Бірнеше ірі табиғи апат болғанда ел үкіметі оған дайын болмай шықты. Қостанайдағы, Семейдегі өрт кезінде билік «қолын мезгілінен кеш сермеп», оқиға орнын тазалауға ғана жарады. Осының бәрі үкімет басшысының саяси салмағы мен беделін түсіргені анық. Басқаша айтқанда, Смайылов «билік құрған» екі жылда оның істеп жатқан шаруаларынан гөрі, «отставкаға кететіні» жайлы ақпарат көп шықты.

Әлихан Смайыловтың қазір билікте жүрген орта буын шенділермен бір ұқсастығы, бір айырмашылығы бар. Ұқсастығы – жасы жиырмадан аса мансапқа ілігіп, тез арада биліктің биік мінберіне жеткен. Айырмашылығы – шетелде білім алмаған. Жаңа ғасырдың табалдырыған аттай бере қазақ билігінің әр саласына 1970-80 жылдары туған жас шенділер қаптады. Оның көбінің қызметі ракетаның жылдамдығымен өсіп, үлкен лауазымдарға қол жеткізді. Олардың арасында қазір саяси сахнадан кеткен Бауыржан Байбек, Алтай Көлгінов, Ғабидолла Әбдірахымов, екі мегаполисті басқарып отырған Ерболат Досаев пен Жеңіс Қасымбек, үкімет басшысы Смайылов және жақында жұбайын ұрып өлтірді деген күдікпен қамауда жатқан Қуандық Бишімбаев бар.

Бұлардың көбінің билікке келуіне тамыр-таныстық әсер етті деген анықтама айтылады. Бірінің әкесі, бірінің «көкесі» жоғары лауазымды қызмет атқарғандар. Қазақстан тәуелсіздік алған тұста да билікке жақын жүргендер. Осы жылдары мектеп бітірген, университет бітірген жастарға қатысты «золотая молодежь» дейтін ұғым қалыптасты. Міне, осы қоғамның жоғарғы класына жататын жастар көп ұзамай қызметке араласа бастады. Смайылов 1972 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Әкесі Асхан Смайылов медицина ғылымының докторы, профессор. Жеңіс Қасымбектің әкесіндей ірі мансапты болмаса да, Бауыржан Байбектің әкесіндей президенттің сыныптасы болмаса да Алматыдағы №7 және №17 емхананың бас дәрігері болған, ықпалды адам. 2023 жылы ғана Жамбыл облысының құрметті азаматы атанды.

Есіктен төрге озу

Смайылов – премьер-министр болғанға дейін көп көзге түспеген шенді. Сөзден сүрініп, күлкіге қалған кезі жоқ. 27 жасында статистика агенттігінің төрағасы, 30 жасында вице-министр болса да, бар-жоғы білінбей көп арасында жүре беретін. Оған танымалдық пен ірі мансапты экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев «сыйлады». 2019 жылы қаңтардың аяғында өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында сол кезде қаржы министрлігін басқарып жүрген Смайыловтың төмен жақта отырып қалғаны ұнамай, қарап отырмай қырсығып отыратын әдетімен Назарбаев сол кездегі премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа жекіп, қаржы министрінің дәрежесі вице-премьермен тең екенін еске салған. Осылайша, экс-президент тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да Смайыловтың «есіктегі басын төрге сүйреді». Арада бір ай өтпей Смайылов премьер-министрдің бірінші орынбасары болды. Қаңтар оқиғасынан кейін үкімет тізгінін қолға алды.

«Қаржы министрі өзгелерден жоғары отыру керек» дегенді Назарбаев ойдан шығарды ма, әлде әлемдік тәжірибеде бар ма, хаттама бойынша солай болуы керек пе, нақты айту қиын, әйтеуір қазіргі үкімет жиналыстарында қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Смайыловтың сол жағында отырып жүр. Анық-қанығын білу үшін үкіметке сауал жолдаған едік, газет беттелгенше жауап келген жоқ.

Қаңтар оқиғасынан кейін экс-президент бастап, премьер-министр Асқар Мамин қостап биліктен кетті. Бұрын премьер болған Кәрім Мәсімов ұсталып, Сағынтаев қызметпен біржола қоштасты. Осы үшеуінен кейін үкімет басшысы болған Смайылов кей жұртқа ұнап та қалғандай көрінген. Өйткені Смайылов қазақшаны «екіге оқыған» Маминге қарағанда ілгерілеу, отанға опасыздық жасаған Мәсімовке қарағанда мемлекетшіл, Сағынтаевқа қарағанда қатқылдау көрінетін.

Смайыловтың осы «саяси сүйкіміне» бір жылға жетпей-ақ күмән туа бастады. Оның үкіметі экономикалық реформа жасап, қымбатшылықты тежей алған жоқ, өндіріс орындарын аша алмады. Саяси реформа да жасалмады. Жаңа Қазақстанның министрлер кабинеті ескі Қазақстанның сүрлеуімен жүріп жатыр деп сынайтындар көп. Премьер-министр болғанға дейін бар-жоғы білінбеген Смайылов бұл қызметте де белсеніп көзге түспеді. Жұмысқа таңда келіп, кешке қайтатын қарапайым қызметкердің мимырт жүрісімен жүріп жатқандай көрінеді. Сол үшін халық оның отставкаға кеткенін талап ете бастады.

Қолымнан келмейді дегендер орындарын босатсын

Смайылов бір қарағанда аса сақ, аз сөйлейтін, абайлап сөйлейтін саясаткер болып көрінгенімен, сөзден сүрінген кезі де болды. Украинаға шабуыл жасаған Ресей үкіметі 2022 жылы мобилизация жариялады. Осы жарлық шыға сала мыңдаған ресейлік елімізге қашып келді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қашқындар алдынан «алақайлап» шығып, ХҚКО-да оларға қалай құжат жасауды үйретті. Бұл аздай үкімет басшысы Смайылов «Елге келген Ресей азаматтарына көмек көрсету, оларды уақытылы тіркеу және еңбек мәселесін шешу керек» деп айды аспанға шығарған. Сол кезде жұрт «өз халқын қайырып қойып, ресейліктерді жұмыспен жарылқамақ болған Смайылов отставкаға кетсін» деп талап қойды. Кейін ол сөзін басқаша тәпсірлеп, ақталғанымен, «айтылған сөз – атылған оқ», жұрттың қайта іші жыли қойды деп айту қиын.

Смайыловты қоғамға ашық шенді болды деп те айта алмаймыз. Халыққа есеп, журналистерге сұхбат беруге ынтасы болған жоқ. Алғаш премьер-министр болғанда үкіметті «ашық болуға» шақырып, журналистерге жөнді жауап бермеген денсаулық сақтау вице-министрін сынағаны бар. Бірақ бұл талапты өзі орындай алмады. Екі жылда оның ел алдына шығып, екіленіп сөйлегенін көрген жоқпыз. БАҚ-қа сұхбат бергені былай тұрсын, журналистерді қудалаған кезі де бар. 2022 жылы Ақтөбеге сапары кезінде оның кортежін суретке түсірмек болған журналисті полиция ұстап, бөлімшеде үш сағат «түсіндіру жұмысын» жүргізген.

Дәл қазір дау болып жатқан «онлайн аударымдарға салық салу» идеясының авторы Әлихан Асханұлы екенін естен шығармаған жөн. Алекең бұл «көреген идеяны» премьер-министрдің бірінші орынбасары болып тұрған кезде ойлап тауып, өзі премьер болғанда жүзеге асырды. Бұл шешім қаншалықты пайдалы болатыны, шағын және орта бизнеске қалай әсер ететіні алдағы уақытта белгілі болады. Смайыловтың жеке бизнесі бар-жоғы жайлы еш жерде ақпарат жоқ. Бірақ БАҚ-тан ол Кипрдегі үш, Люксембургтегі бір фирманың құрылтайшысы деген мәлімет бар («Жас Алаш» алдағы уақытта анықтап көруге тырысады).

2022 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет жұмысын екі рет қатты сынады. 14 шілдеде елдегі экономикалық ахуалды, шектен тыс қымбатшылықты қатаң сынға алып, біраз министрге сөгіс жариялады. Күзге дейін жағдай оңалмаса, «кадрлық шешімдер қабылдайтынын» ескертті. Ал 12 желтоқсанда «үкімет өз міндетін атқара алмады» деп ашық сын айтты. Президенттен теріс баға алған премьер араға екі күн салып «қолымнан келмейді дегендеріңіз орындарыңызды босатыңыздар» деп министрлер мен әкімдерді шыжғырды. Екі жағдайдан кейін де сарапшылар «үкімет отставкаға кетеді» деп болжаған. Екіншісінде тіпті депутаттардың өзі Смайылов бастаған үкіметтің күні батты деп мәлімдеді.

Бірақ Смайылов кабинеті 2023 жылы наурызда, мәжіліс сайлауынан кейін ғана тарады. Сайлауда «Аманат» партиясы кезекті рет жеңіске жетіп, жайлы да жайсыз креслоға Смайылов қайта жайғасты. Үкімет құрамында да үлкен өзгеріс болған жоқ, бір министрдің орнына екіншісі отырып, ескі жүрісін жалғастыра берді. Содан бері елде оң өзгеріс болмады. 2023 жылы инфляция – 20,7 пайызға жетті, азық-түлік бағасы – 25,7 пайыз өсті.

Осыдан кейін Смайылов мырзаға халықтың ғана емес, биліктің де «сенім кредиті таусылған» сияқты. Кейінгі кезде Әлихан Асханұлы әне-міне отставкаға кетеді екен деген сөз көбейіп кетті. Биыл 19 қаңтарда күтпеген жерден парламенттің бірлескен отырысы шақырылғанда отандық БАҚ «депутаттар Смайыловтың тағдырын шешкелі жатыр» деп шулаған. Бірақ ол отырыста басқа мәселе қаралды. Дегенмен «жел шықпаса шөптің басы қимылдамайтынын» ескерсек, билік үкіметбасын орнынан алуды шындап ойластыра бастаған сияқты. Мұны мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи да растап отыр.

«Әлихан Смайылов қызметінен кетуі мүмкін деген сөз өзімнің жеке пікірім, мұндай нақты ақпарат жоқ. Бірақ билік дәлізінде осындай әңгіме жүріп жатыр. Үкімет өз міндетін атқара алмады, премьер отставкаға кетеді деген алыпқашпа сөз айтылып жүр. Дегенмен мұндай сөздің шығуының өзі биліктің қазіргі үкіметке көңілі толмай отырғанын білдіреді. Министрлер кабинетінің әлсіздігі жайлы үнемі айтып жүрмін. Олар елдегі қымбатшылықты ауыздықтай алмады, кедейлікті жоятын мемлекеттік бағдарлама дайындап, реформа жасай алмады. Өздеріне жүктелген міндетті атқара алған жоқ», – дейді депутат.

Премьер-министрдің министрлерге айтқан жоғарыдағы сөзі өзіне қарата айтылатын уақыт та таяған секілді: Иә, Асханұлына қолымнан келмейді деп, орнын босатқан тұңғыш премьер ретінде тарихта қалу мүмкіндігі туып-ақ тұрған сәт бұл.

Димаш Әлжанов, саясаттанушы: Премьер – екі оттың ортасында қалған тұлға

- Қазақстанда премьер-министр де, парламент те маңызды саяси институт емес. Премьер-министр маңызды рөл атқаруы үшін ол тәуелсіз әрі күшті парламентке арқа сүйеуі керек. Үкіметті президент емес, тәуелсіз партиялардан тұратын парламент жасақтауы қажет. Сонда ғана премьер-министр дербес саясат жүргізе алады. Мысалы, Франция, Украина және Португалиядағы жартылай президенттік жүйеде билік осылай бөлінген. Сондықтан бұл елдерде премьер-министрдің рөлі зор.

Біздің жүйеде премьер-министр биліктің барлық қателігін мойнына алатын, оның үстіне президенттен білікті әрі танымал болмауға міндетті, екі оттың ортасында қалған тұлға. Байқасаңыз, Қазақстан тарихында ешқашан елеулі премьер-министр болған жоқ. Мүдделер қайшылығы туындамас үшін президент үкімет басшысының позициясы нығайғанын қаламайды. Кезіндегі Қажыгелдин ісі осының дәлелі.

Тиімді әрі елге жақын үкімет құру үшін саяси жүйені өзгерту керек. Тәуелсіз партиялар президент өкілеттігін шектеп, парламентті күшейткенде ғана пайда болады. Сондай-ақ саяси қызметке қатысты барлық шектеуді алып тастау қажет. Тиімді әрі халыққа жақын үкіметті тәуелсіз парламент қана құра алады. Естеріңізде болса, 1994 жылға дейін парламент Назарбаевтан тәуелсіз болған кезде президент пен үкіметті бақылауда ұстады. Саяси жүйені жөнге салудың жалғыз жолы – осы.

Тәуелсіз парламент пен партиялар арқылы құрылған үкімет сайлауалды бағдарламасына сүйеніп жұмыс істейді, сондай-ақ оппозициямен санасады әрі биліктің үш тармағы арасындағы тепе-теңдікке назар аударады. Мұндай үкімет қоғам талабына құлақ түреді. Өйткені қайта сайланып, билікте қалуын президент емес, халық шешеді.

Ал үкімет журналистерге неге ашық жауап бермейді дегенге келсек. Ашық жауап беру үшін олар саяси тұрғыда тәуелсіз болуы керек. Біздің елде премьер-министр де, әкімдер де, депутаттар да тәуелсіз емес, сондықтан олар билік рұқсат берген нәрсені ғана айтады.

Қуаныш Қаппас