С.Нұрбек ғылым бар деп ескермейді
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жылды «білім және зерттеу жылы» деп жариялауды ұсынды.
Президент ғылым мен технологияны стратегиялық маңызды бағыт деп атап, ғылыми-зерттеулерді дамыту туралы жиі айтады. Алайда осы «ғылым жылы» туралы жоғары мінберден айтылған ұрандар мен елдегі ғылымға бөлінетін нақты қаржыландыру көлемі арасында айтарлықтай қайшылық байқалады.
Ресми деректерге көз жүгіртсек, Қазақстан ғылымды қаржыландыру деңгейі бойынша дамыған елдерден көп кейін қалып қойған. Елдің ғылымға жұмсайтын шығыны жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) небәрі 0,16 пайызын ғана құрайды. Салыстырсақ, Жапонияда бұл көрсеткіш 3,4 пайыз, Израильде – 6, Нидерландыда – 2,3 пайыз шамасында. Яғни, Қазақстанда ғылымды қолдауға ұлттық байлықтың мыңнан бір бөлігі де жетпейді деген сөз.
Әрине, статистика бойынша мемлекет ғылымға бөлетін қаржысын жыл сайын аздап өсіріп отырғаны рас. Мәселен, 2023 жылдан бастап ғылыми-зерттеу жұмыстарына бөлінген қаржы 42 пайызға, ал 2024 жылы тағы 27,3 пайызға ұлғайып, өткен жылы ғылымға 219,7 млрд теңге жұмсалды. Алайда осы өсімге қарамастан, ғылыми шығындардың экономикадағы үлесі 0,14 пайыздан 0,16 пайызға ғана көтерілді. Бұл – ғылымға бөлінетін қаржы экономикалық өсім қарқынынан қалыс қалып, салыстырмалы түрде азайып бара жатқанын көрсетеді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда да ғылыми шығындар деңгейі күрт құлдыраған. 1991 жылы ғылымды қаржыландыру ЖІӨ-нің 0,84 пайыз мөлшерінде болған еді, ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 0,12 пайызға дейін түсіп кетті. Тек кейінгі жылдары аздап түзеліп, 2023 жылы 0,25 пайыз шамасына жеткені айтылып жатыр. Дегенмен бұл әлі де өте төмен көрсеткіш, әрі биліктің «2027-2028 жылдарға қарай ғылымға бөлінетін қаржыны ЖІӨ-нің 1%-ына жеткіземіз» деген жоспары күмән туғызады. Өйткені қазіргі қарқынмен ол мақсатқа жету үшін қаржыландыруды тағы төрт есе көбейту қажет. Сөйтіп жүргенде... Ғылымға бөлінетін қаржы 3 есеге қысқарғалы жатқаны туралы ақпарат тарады.
Ғылымды қаржыландырудың құрылымына назар аударсақ, оның негізгі ауыртпалығы мемлекеттік бюджетке түсетіні байқалады. 2023 жылы ғылыми зерттеулерге жұмсалған қаржының 83,4 пайызы тікелей мемлекет қазынасынан келген. Жекеменшік бизнес пен өзге де көздердің үлесі тым аз, яғни, ғылыми зерттеулерді негізінен үкіметтің өзі қаржыландырып келеді. Мұндай жағдайда ішкі өнім тиімсіз пайдаланылуы мүмкін, өйткені бизнес тартымды деп таппайтын, нарыққа қажетсіз жобаларға да қаржы жұмсалып, ғылымның стратегиялық мақсаты орындалмай қалу қаупі бар. Бұдан шығатын қорытынды, Қазақстанда ғылымға бөлінетін қаржы жалпы аз ғана емес, сол аз қаржының өзін ұқсата алмау мәселесі де төбе көрсетеді.
Экономика құрылымын ескерсек, ғылымды қаржыландырудың кенжелеп қалуының бір себебі – еліміздің ұзақ жылдар бойы мұнай мен басқа да пайдалы қазба экспортынан түсетін табысқа иек артып, ғылыми инновацияға мән бермеуі. Ғылым саласы үкімет үшін жылдам нәтижесі көрінбейтін, «тиімділігі төмен» бағыт саналып, қаржы бөлуде кейінгі орындарға сырғыды.

«Ғылым жылы» және құр уәделер
Президент Тоқаевтың 2026 жылды «Білім және зерттеу жылы» деп жариялау туралы бастамасы ғылыми қауымдастық үшін үміт сыйлағандай болды. Мұндай атаулы «жылдар» әдетте тиісті салаға қосымша мемлекеттік қолдау көрсету, ерекше назар аудару үшін жарияланады. Алайда «Ғылым жылы» деп атаумен ғана іс бітпейді. Ең бастысы, оның нақты мазмұны, қаржылай қолдауы болуы шарт. Өкінішке қарай, келесі жылға арналған бюджет жобасында ғылымға бөлінетін қаржы айтарлықтай ұлғайғаны байқалмайды. Керісінше, кейбір деректер бойынша 2026 жылы ғылыми-зерттеу бағдарламаларын қаржыландыру көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда көбеймейді деген күмән бар. Министр Саясат Нұрбектің өзі 2023-2025 жылдарға ғылымға бөлінген жалпы қаржы 650 млрд теңге (шамамен 1,5 млрд доллар) екенін айтып мақтанған еді. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ғылымға тұтас үш жылға бөлінген ең ірі сома көрінеді. Алайда 2025-2027 жылдарға арналған ғылымға бөлінген қаржы көлемі алдағы уақытта 225 млрд теңгеден 77 млрд-қа дейін қысқарғалы отыр. Бұл, әрине, ғылым саласында тер төгіп жүрген ғалымдар үшін қуанарлық жағдай емес. Сондықтан қазірдің өзінен бастап ғалымдар арасында қаржының қысқарғалы жатқаны талқыланып жатыр.
«Жас Алаш» бұған қатысты бірнеше ғалымға хабарласты. Бірақ әзірге ғалымдар аты-жөнін ашық жариялап, ғылымдағы қазіргі жағдайларды айтуға тартынып отыр. Тек кейбірі атын атамасақ қана ғылымның қазіргі күйін баяндап беруге келісті. Біздің ғалымдармен сөйлесіп ұққанымыз, ең алдымен олардың қазіргі министрге көңілі толмайды. Биыл жағдай тіпті мүшкіл бола бастаған. Себебі 2025 жылдың басынан бері, тоғыз ай өтсе де ғалымдар жалақы алмаған және зерттеу жұмысы ресми әлі басталмаған. Оған бір тиын да бөлінбепті. Енді ғалымдар «сонда біз қалай ғылыммен айналысамыз деп дағдарып отыр.
«Аймағамбетов кезінде дұрыс жүйе құрып кетті, енді оның орнына келген Саясат Нұрбек бәрін құртты. Мысалы, ғалымдар қаңтар айында ешқашан жалақы алып көрмеген еді. Аймағамбетов келіп, соны жолға қойды. Ал Саясат Нұрбек келгелі бұл жүйе тағы өзгерді. Қаржыландыру азайып бара жатыр. Тоқаев сөзінде ғылым туралы керемет айтылады, бірақ іс жүзінде бәрі керісінше. Қысқаша айтқанда, президенттің сөзі мен министрдің ісі сәйкес келмей жатыр».
Ғылымға бөлінген 650 млрд теңгеге қатысты да ғалымдардың пікірі әрқилы. Олардың сөзінше, бұл қаржыны Аймағамбетов министр кезінде бөлдірген де, бірақ өзі кетіп қалып, «қызығын» Саясат Нұрбек көріп отыр. Енді министр ғылымға қаржы бөлдіруді де дұрыс қолға ала алмаған. Тек сырттан елімізге университет алып келіп жатыр, бірақ, ішкі жағдайды біле бермейді. Сырттан келетін университеттерге «Болашақ» арқылы ақша бөлдірмекші. Бұл университтер елімізге анау айтқандай пайда әкелмейді.
«Себебі жаңадан ашылған шетелдің оқу ордаларының статусы Назарбаев университеті сияқты болса, олар Қазақстанға пайда әкелуі мүмкін, ал қазіргідей оларға еліміздегі университет ғимараттарының бір кабинетін беріп отырса, одан ғылымға ешқандай пайда болмайды. Мысалы, елімізде жақында Кардифф университетін ашты. Бірақ аталған оқу орнында кризис болып жатыр. Осыдан бір жыл бұрын Уэлс билігі қаржы құйып құтқарып қалған. Өйткені бұл осы елдегі тарихи университет болғасын осындай қадамға барды. Ал біздің ел тоқырап тұрған білім ордасын елімізге әкеліп әлек».

Нұрбектің түрлі жолы
Ғылым және жоғары білім министрі болып 2022 жылдан бері отырған Саясат Нұрбек бұл саланың жағдайын жақсы білетінін талай мәлімдеген. Ол қызметке келе салысымен ғылымды дамытудың биік мақсаттарын айтты, ғылыми жүйені жаңа деңгейге көтеремін деп уәде берді. Алайда үш жылдан астам уақыт өткенде, министр жұмысына қатысты қоғам тарапынан сын көбейе түсті.
Біріншіден, министрдің ғылыми ортадағы беделі. Саясат Нұрбек – жасы 40-тан асқан, бұрын түрлі мекемелерде қызмет атқарған тәжірибелі шенеунік. Дегенмен, оның тікелей ғылыммен айналыспағаны, ғылыми дәрежесінің жоқтығы (доктор немесе кандидат еместігі) кейбір ғалымдардың сын-пікіріне себеп болды. Тіпті журналист Гүлбану Әбенова Саясат Нұрбектің біліміне қатысты сұрау жолдап, Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне (МҚІА) ресми хат жіберген. Себебі министр Саясат Нұрбек бұған дейін бірнеше рет қазақстандық және шетелдік оқу орындарында алған білімі туралы ақпарат жариялаған. Алайда ашық дереккөздер мен өмірбаянындағы мәліметтерде бірқатар сәйкессіздік байқалған. Бұл – қоғамда оның дипломдарының түпнұсқалығы мен толықтығына күмән туғызған. Тіпті жұрт арасында Нұрбек Америкада оқыған оқу орны біздегі колледж деңгейінде ғана деген пікір де айтылып жүр. Әзірге министрдің дипломдарына қатысты ресми жауап болмады.
Хош, сонымен жаңадан құрылған Ғылым және жоғары білім министрлігі тізгінін қолға алған ол әу бастан бірнеше дау-дамайдың ортасында қалды. Министр ретінде Нұрбек мырза білім гранттарын бөлу кезінде шыққан жанжалдан бастап, университеттердегі келеңсіз оқиғаларға дейін араласты. Өкінішке қарай, оның көп мәселеде ұстанымы ғылыми қауымның көңілінен шықпады. Соның бірі – 2024 жылдың жазында оқу орындарына түсетін талапкерлерге мемлекеттік білім гранттарын үлестіру барысында туған дау. Ұлттық бірыңғай тестілеуде 100-ден жоғары балл жинаған он мыңға жуық талапкер грантсыз қалып, олар кейбір төменірек балл алған түлектердің грант иеленгеніне наразылық білдірді. Наразы топ министрлік «су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге квота берді, сол арқылы әділетсіздік болды» деп санады. Осы оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызғанда, Нұрбек өз ведомствосын ақтап әлекке түсті. Ол «біріншіден, төтенше жағдай аймақтарына квота беру заңсыз деп тараған ақпарат – қате, екіншіден, ондай квота мүлде болған жоқ» деп мәлімдеді. Яғни министр бұл жердегі мәселені ақпарат құралдарының қателігіне жауып, өздерінде еш кінә жоқ дегенді алға тартты. Алайда министрліктің бұған дейін жариялаған деректері мен Нұрбектің соңынан айтқан деректері өзара үйлеспей қалып, күмәнді одан әрі күшейтті. Мысалы, 3 тамыз күні министрлік су тасқынынан зардап шеккен түлектерге 15 382 грант бөлінді деп хабарласа, 4 тамыз күні Нұрбек мырза бұл санды 5 112 грант қана деп өзгертті. Ақырында министрдің айтуынша, ерекше квотамен тек 1 130 талапкер ғана оқуға түскен болып шықты.
Мұндай шұғыл өзгерген цифрлар да министрлікке деген сенімді одан сайын төмендетті. Одан кейін Нұрбектің отставкаға кетуі талап етілген үндеулер де шықты. Алматы қаласының 100-ден аса балл жиған, бірақ грантқа түсе алмаған талапкері Медина Майсар президентке ашық хат жолдап, «министр С.Нұрбекті қызметінен босатуды сұраймын, себебі ол өз ведомствосының қателігін мойындаудан бас тартып, заңсыз әрекеттерін түзетпей отыр» деген талап қойды. Қоғамда бұл ұсынысты қолдағандар аз болған жоқ. Бірақ, Ақорда да, министр де қозғалған жоқ.
Нұрбек басқаратын министрлік отандық ғылымға қаржы таба алмай қиналғандай көрінгенімен, шетелден оқу орындарын әкелуге келгенде жомарттық танытып тұр. 2025 жылы Астанада британдық Cardiff University филиалы ашылғанда, министр оны үлкен жетістік ретінде дәріптеді. Алайда артынан белгілі болғандай, сол филиалға алғашқы жылы-ақ 300 қазақстандық студентті мемлекет грантымен оқыту жоспарланыпты, бір студенттің оқу ақысы жылына 15 мың долларға тең. Қарапайым есеппен бұл – мемлекет бюджеті есебінен жыл сайын шамамен 4,5 млн доллар немесе 2,43 млрд теңге шетелдік университетке аударылады деген сөз. Нұрбек о баста «бұл филиалға бюджеттен бір теңге де жұмсамаймыз» деп сендірген. Бұл әрекетімен Нұрбек 30 млн фунт стерлингтен аса қарызы бар университетті Қазақстанның есебінен құтқарып қалғысы келіп жүрген жоқ па деген күмән туады.
Ғылымға қаржы қысқарса...
Егер елімізде ғылымды қаржылай қолдау қазіргі деңгейінен де төмендей берсе оның кері әсері көп күттірмей-ақ сезілері анық. Қаржының аздығы ең алдымен ғалымдардың өз елінде жұмыс істеу мотивациясын төмендетеді. Жалақы аз, зерттеуге мүмкіндік жоқ болса, талантты зерттеушілер шетелге кетуге мәжбүр болады. Онсыз да қазір мықты мамандарымыз шетел асып жатыр. Білікті кадрлардың сыртқа ағылуы жалғаса берсе, Қазақстан ғылымы құр кадрлық қаңқаға айналуы ғажап емес. Сонымен бірге отандық ғылымдағы кадрлардың қартаюы да үлкен мәселе – ғылыми-зерттеу институттары директорларының орташа жасы 59-да, академиктердің жасы 69-да екен. Жас ғалымдар толқыны болмаса, бірнеше жылда ғылымымыз «зейнетке» шығып қалуы ғажап емес. Одан бөлек, ғылымға қызығушы жастар азайып барады. Қаржы тапшылығы салдарынан университеттерде ғылыми жұмыс жүргізу қиын, грант саны шектеулі. Министрліктің дерегінше, Қазақстанда 626 мың студенттің тек 1 пайызға жуығы ғана докторантурада оқиды, қалған 99 пайызы бакалавр мен магистратура деңгейінде қалып қояды. Докторант аз болса – ертең жаңа ғалым да аз болады деген сөз. Ғылымға қаржы құю – шын мәнінде жастарға инвестиция салу. Егер бұл инвестиция жасалмаса, болашақта ғылыми-зерттеу жүргізетін мамандар тапшылығы қатты сезіледі.
Ғылымға ақша аз бөлінсе, лабораториялық құрал-жабдық жаңармайды, ғылыми орталықтардың материалдық базасы тозған үстіне тоза түседі. Бүгінде көптеген университет зертханаларының жағдайы мәз емес, заманауи техника алу үшін қаржы тапшы. Нәтижесінде ғалымдарымыз шетелдік әріптестерінен құрал-жабдық тұрғысынан да қалып қойып, зерттеу сапасы төмендейді. Соның салдары ретінде қазақстандық ғалымдардың белсенділігі, халықаралық ғылыми қоғамдастықтағы беделі де өсер емес. Алайда тарихта ең ұзақ ғылым министрі болып отырған Нұрбек мұны білмейтін секілді. «Мұны неге білмейсің?!» деп, суырылып шыққандарға қысым да көрсетілетіндей. Ғалымдардың осы мәселелерді айта тұрып, атын атамауды сұрап жүргендері содан.
...«Жас Алаш» ғалымдар дабыл қағып жатқан мәселе – ғылымға қаржы бөлу неге қысқарып бара жатқаны жөнінде Ғылым және жоғары білім министрлігіне ресми сауал жолдады.
Тұрсынбек БАШАР