Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:54, 01 Қыркүйек 2022

Социализмнің есебі

None
None

СССР деген «Союз советских социалистических республик» деген орысша тіркестің қысқарған түрі.

Қазақшасы – «Кеңестік социалистік республикалар одағы». Қысқарғаны – КСРО.

Осы КСРО заманында өмір сүрген кейбір аңғал ағаларымыз бүгінгі жұмыссыз қалған жастарды көргенде немесе капитализм қоғамының қатал сынын бастан кешкенде, қарғыс атқыр, сол социалистік қоғамды аңсап отыратыны бар. «Ол уақытта жұмыссыздық деген мүлде болмайтын еді» деп уәж айтып қояды. Ол уәжі және уәж емес, ойланбай айтылған сөз екенімен жұмысы жоқ.

Халық сол социалистік қоғамның құлы болды, ал құл жұмыссыз қала ма, бәрі-дағы түгел жұмысқа жегілді. Қарын тоятын жалақыны місе тұтты. Қарын тойса, құлға одан артық көп нәрсе керек емес, пенде байғұс құлдық қоғамға да үйреніп кетеді екен.

Оның үстіне Совет одағы кезінде психология ғылымы әдейі дамытылмаған сыңайлы. Біз педагогикалық институтта оқыған себепті «Психология» пәнінен хабардар болдық. Бірақ ең бір түсініксіз пән сол еді. Түсініксіз болатыны пәннің өзі бұрмаланған. Сол себепті дәл бүгінгідей мәнге ие бола алмады. Егер психология ғылымы шын мәнінде дамығанда, халық өзінің құл болып жүргенін тез біліп қояр еді де, социалистік қоғамды бір сәтте төңкеріп тастар еді. Неге десеңіз, социалистік қоғам дегеннің өзі басқа дүниеден бөлек, томаға тұйық өзінше оқшау жатқан, экономикасы қатаң жоспарға құрылған, тіршілігі қисынға келе қоймайтын оғаш, құдайсыз дүние.  

Путин СССР-дың ыдырауын бір сөзінде қасірет (трагедия) депті. Ол өзімшіл, пасық, қаскөй адам болғандықтан, империялық көзқараспен Одақтың ыдырауын трагедия деп тұр, ал сол Одақтың шеңгелінен құтылған халықтар үшін бұл үлкен қуаныш, зор бақыт қой! Мызғымастай көрінген Одақтың ыдырау себебін Путин: «большевиктердің, КОКП басшылығының мемлекеттік құрылыста, экономикалық және ұлттық саясатта әр кезеңде жіберген тарихи, стратегиялық қателіктері» деп көреді. Путиннің бұл тұжырымымен де келісуге болмайды. Маркс пен Энгельстің іліміне сүйеніп Ленин құрған, Сталин жалғастырған, Хрущёв, Брежневтер ылаждап ұстап тұрған жоспарлы экономикаға негізделген социалистік мемлекет құрылысы бастан-аяқ қателіктен тұрды деуге болады. Әрине бұндай ойға келгенім кейін ғой. Дегенмен көңілімізде жауапсыз сұрақтар көп болатын.

Одақ тарап, социалистік қоғам құрдымға кеткенше жоғары оқу орындарында «Саяси экономика» деген пән оқытылды. Оны тәуелсіздікке дейін институт, университеттерде студент болғандар жақсы біледі. Бірінші семестрде капиталистік қоғамның экономикасы, екінші семестрде социалистік қоғамның экономикасы оқытылатын. Біз бұл тақырыпты онша ұға қоймайтын «Филология» факультетінің студенттері емеспіз бе, капиталистік қоғамның экономикасын салған жерден түсіне алмадық. Есебі көп. Бізге бұл пәннен дәріс оқыған экономика ғылымының кандидаты, профессор Қазыбай Құдайбергенұлы ағай бірер аптадан соң, ұзақ-сонар шұбатылған бір есепке кіріскені. Капитал билеген елдегі зауыт-фабриканың жұмыс істеу есебі. «Ақша – товар – ақша...» деп басталатын әйгілі есеп. Аткөпір цифр тақтаға сыймайды. Тақтаны әлденеше рет сүртіп тастап, жалғастырып жазған есептің таусылар түрі көрінбейді. Миға да қонбайды. Қай сан қайдан шыққанын білмейсің. Ағай: «осы есепті шешуін таппасаңдар, ештеңе түсінбегендерің», – деп көңілімізді қобалжытып қояды. Үйден шығарып келуімізді тапсырады. «Кім шығарды?!» деп шүйлігеді дәрісханаға кірер кірместен. Біздің еңсеміз пәсейіп, үстелге шөге түсеміз. Мүшкіл халімізді көрген ағайдың қабағы түнеріп бара жатады. Жаңа лекцияға кіріспей, әлгі шұбалған есепті дауыстап айтып тақтаға қайталап жаза бастайды. Өзіміз көрмеген капитализмнің экономикасын ұға алмай тоқырап біз отырамыз. Бәріміз де осы есебі бар болғырды шығарып тастап, керексіз пәннен біржола құтылғымыз келеді-ақ! Сондай оймен бір жексенбі күні есеп шығаруға кірістім. «Саяси экономика» оқулығын парақтап қоям. Кейде есептің сілеміне түскен тәрізденем. Бірақ қоянның жымындай адастырып кете береді. Кешке қарай әбден шаршатып барып есептің шешімі жарқ ете қалды-ау ақыры! Капитализмің түсінікті бола кетті сонда. Кілті табылды. Капитализмнің экономикасы дегеніңіз  – ақшаны тиімді, сауатты, жүйемен, міндетті түрде пайда табу мақсатында жұмсау есебі екен. Келесі сабақта есепті ағай сияқты дауыстап айтып тұрып тақтаға жазып, шығару жолын жазып көрсеттім. Ағай риза.

Есеп былай: әуелі өндіріс үшін тауар (шикізат) сатып алынады. Қанша қаржыға алынғаны нақты болуы тиіс. Одан зауыт-фабрикада дайын өнім жасалып, сатылады. Өндірісті тоқтатпау үшін түскен қаржыдан бастапқы ақшаны айырып алып, тағы да тауар сатып алынады. Қалған ақша бірнеше бөлікке бөлінеді. Жұмысшыға жалақыға, салыққа, су, электр сияқты тағы басқа қызметтерге, кәсіпорынды жетілдіріп, дамыту қорына, жарнамаға және тағы басқаларға. 1986 жылы жарнамаға ақша жұмсау дегенді біртүрлі көріп, тосырқай қарағанымыз рас. Ақшаны 100 пайыз деп алып, қайсысына қаншалықты бөлу керегін ойша нақты белгілейсің. Артылғаны кәсіпорынның табысы болып саналады, әрі қалай да артылғаны керек.

Шикізаттан дайын өнім жасап, оны сатуың бір айналым. Осы айналым неғұрлым жылдамырақ, неғұрлым көбірек болған сайын, табыс та молая түспек. Айналым жылдамырақ болу үшін жасалатын заттың үнемі жетілдірілуі маңызды. Сол үшін капитализм жағдайында технологтардың, конструкторлардың және тағы басқа мамандардың әрбір тәуір идеясына ақы төленеді. Соған сай өнім де үнемі өзгеріп отырады.

Капитализм есебінің формуласы шамамен осындай. Біздің басымыздың қатып жүргені, осы формуланы нақты цифрға айналдыра алмағанымыз.

Еліміз Тәуелсіздік алып, нарықтық экономикаға көшкен кезде осы есеп маған одан сайын түсініктірек бола түсті. Шынында институт студенттері бас қатырған сол есепті қазір базарда сауда жасайтын кез келген саудагер шемішкеше шағады.

Осындай есеп «Социалистік экономикада» да бар. Алайда социализм есебінің қисынға келмейтін, капитализмнің есебіндей қаржы жүйесіне бағынбайтын тұстары баршылық. Мұнда негізсіз бағалар, негізсіз жоспарлар үстем.

Жоспар алдын ала жасалып, бекітіліп кететіндіктен тосын сұранысқа мойын бұру мүмкін емес. Одан гөрі бақылау, қадағалау басым. Әкімшілдік-әміршілдік жүйенің қысымы көп. Қатып қалған жоспар болғандықтан, дайын өнімді жетілдіру дегенге ешкім бас қатырмайды да. Жасалған өнім өте ме, өтпей ме, ол жағы өндірісшіні толғандыратын мәселе емес. Сол себепті қызығушылық та жоқ. Қызығушылық болмағандықтан, даму да жоқ. Оған бір мысал автомобиль өндірісі. Баяғы «Жигули» сол «Жигули». Баяғы «Москвич» сол «Москвич». Алпысыншы жылдары шыққаны не, тоқсаныншы жылдары шыққаны не, бәрі бір үлгіде. Еш өзгеріссіз.

Меншік мемлекеттік болғандықтан, жоспарлы экономикада шынайы бәсекелестік емес, социалистік әсіре жарыс жолға қойылған. Жеңімпазға қызыл ту тапсырылады. Сол себепті сапа түгілі санға да жету мұң. Ал сан болмаған жерде сапа мәселесін айтудың өзі артық. Социализм кезінде мотоцикл, автомобиль сияқты техникаларды айтпағанның өзінде, қарапайым тұтыну бұйымдарының халыққа түгел жетпегені содан.

Бір қызығы, кейбір кәсіпорындар табыс таппайды, жасалған өнімді өз құнымен немесе одан да төменге сатуға мәжбүр. Шеккен зиян басқа табысты кәсіпорынның есебінен жабылады. Олай болатыны оған балама болар дайын затты шетелден сатып ала алмайсың. Алуға да болмайды. Өйткені СССР томаға тұйық жатқан жабық мемлекет.  

Социализм кезінде жеке адамның меншік иесі болуына тыйым салынған. Жеке адамдардың өзінше кәсіп жасауы, сөйтіп бай болуы, социализм ұстанымына сай емес. Адамдар ақылды болса да, ақымақ болса да, іскер болса да, жалқау болса да бір деңгейде тұрмыс кешуі тиіс. Бүгіндері біз кәсіпкер, бизнесмен деп жүрген адамдарды СССР кезінде алыпсатар дейтін. Ол үшін және қудалайтын. Алыпсатарлық, яғни бөлшек сауда нарықтық заманда өндірісті бірден-бір алға сүйреуші ғой. Солай болса да жақында министрлік деңгейіндегі бір шенеунік «Қант бағасының шарықтап кетуіне алыпсатарлар кінәлі» деп өзінің қандай қоғамда өмір сүріп отырғанын шатыстырыпты.

Міне, социализм дегеніміз  – экономикада да, саясатта да, мәдениетте де түсініксіз, қисынға келмейтін жері жеткілікті қоғам болатын. Соған сай оның есебі де түсініксіз. Социализмнің есебінде, мысал үшін айтқанда, екіге екіні қосқанда үнемі төрт бола бермейді. Кейде үш, ал кейде бес те болуы мүмкін. Бір жағдайларда қағаздағы есептің өрбуі мен жоспардың орындалу барысы мүлдем басқа-басқа болуы да мүмкін. Іс жүзінде жоспарлардың тиімді орындалуы емес, қандай жолмен болса да орындалуы маңызды. Мәселен, жүз саулықтан жүз қозы алу үшін саулықтың жүзден де көп бағылатынын, бірақ ол құжатталмайтынын аға ұрпақ ұмыта қоймаған болар. Егін шаруашылығы да осыған ұқсас. Жоспарланған жерден артық көлемге дән себілетін.

Ол қоғам осылайша өз буынын өзі кеміріп, әйтеуір бір заманда құрдымға кетуі тиіс-тұғын. Жеткен жері жетпіс жыл болды. Әрине, ниеті дұрыс сияқты көрінеді. Бірақ идеялары қолдан құрастырылған, табиғи дамудан тыс, тежегіштері көп, жабық қоғам болғандықтан, ақыры 1991 жылы мүрдем кетті.

 Путин СССР-дың ыдырауын қасірет (трагедия) деп, оны СССР кезіндегідей қайта жинақтағысы келсе, бәрібір жоспарлы социализм жолымен жүрмес еді. Ол дамуға бастайтын таза капитализмді де таңдай алмайтыны анық. Оны қазіргі федерация құрамындағы республикалардың тұрмыс-тіршілігінен байқай аласың. Бұрын СССР-дың құрамында болған, қазір өзінше отау тігіп кеткен өзге азат республикалардың Ресейге тәуелсіз жақсы өмір сүргенін көре алмауы да содан хабар бергендей. Орыс тілін қажетсінбей, өз тілдерін дамытып жатқаны ішін өртей түседі. Өйткені ол империялық дертке шалдыққан, пиғылы жаман адам. Оның осы пиғылы қоғамды өркениеттен оқшаулауға апармай қоймайды.

Ал енді оның қалауы орындалып, бұрынғы СССР құрамындағы республикаларды Ресей құрамына қосатын болса, оларды ұлттық сипатынан айырып, құл қылатыны, бар байлығын тонап, қарулануға жұмсайтыны анық. Неге десеңіз, империялистік дертке шалдыққан елдің дұшпаны да көп. Ал халықтың қалай өмір сүргені империя дертіне шалдыққан диктаторға маңызды емес. Бәз баяғыша мешеулік жалғасады. Сөйтіп ондай қоғам социализм сияқты тағы да өзіне-өзі көр қазуын тоқтатпайды. 

Тегтер: