Софы Сматаев Қарағандыға неге өкпелі?

Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде ұлт та ұлы бола алмайды.
Қазақтың маңдайына біткен классик жазушыларының бірі, драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Софы Сматаев Қарағанды облысы Ақадыр ауданы Киікті елді мекенінде дүниеге келген.
Бүгінде сексен жасқа келген жазушы орыстанған Қарағанды облысында «жазушыға деген құрмет қалмады» деген өкпесін фейсбук парақшасында жариялады.
Жазушының бірде-бір мерейтойы Қарағанды қаласы тұрмақ, туған ауданында да өткізілмеген екен. Бұл: «Ақадыр кенті қарайтын Шет ауданында әдебиет пен өнерді құрметтейтін бірде-бір игі жақсының қалмағаны ма?» – деген ойға жетелейді. Әлде олар да ұлтының дарынды ұлын мақтан тұтып, қадірлеуге келгенде облыстан пәрмен күтіп, ауыздарын ашып отыра ма? Ұлт болып қадір тұтқан жазушының бір кешін өткізіп бере алмаған соң, әдебиетті жалпы өнерді құрметтейміз деудің өзі қисынсыз екені рас.
«Облыс болып құрылғалы орыс билеп, жөйт илеген Қарағандыда қазақ рухының иісі де қалмады. Соның нәтижесінде облыстың төрелерінде нигилистік ұғым барынша қалыптасқан. Оларға қазақтың қаймағын мазақ ету түк емес. Басқа ұлттың жайдағын құрметтеу мәртебе боп көрінеді… Дәлел ме? Менің 60,70,75 жылдық мерейтойларым не ауылымда, не ауданымда, не облыс орталығында бірде-бір рет өткен жоқ», – деп қынжылады драмтург.
Жазушы маусымда жазған бұл пікірінен кейін қарағандылық қоғам белсендісі Айтқожа Фазылов билік өкілдерінің бұл мәселеге назар аударуын талап еткен. Алайда әлі нәтиже шықпапты. Бүгінгі ұрпақ Қарағанды өңірінен шыққан, тарихи тағылымы мол туындыларды дүниеге әкелген талантты жазушыны біліп, қадір тұтса артық етпейді. Тек сол бүкіл қазақ талантын мойындаған жазушыға бір мерейтойын жасап бере алмау жалпақ жұртқа сын болып тұр. Жазушы жазбасында облыс әкіміне және оның орынбасарына қоңырау шалғанда билік өкілдері нақты жауап бермей, бір-біріне сілтегенін айтады. Мән-жайды біз де біліп көрмек болдық.
Облыс билігіндегі атқамінерлер нақты жауап қайтармады. Дегенмен облыстық мәдениет басқармасы жазушы Софы Сматаевқа құрметтің жоқтығы емес, мерейтойды өткізуге соңғы бірер жылда пандемияның кесірі тигенін мәлімдеді. «Софы Сматаевтың мерейтойын облысымызда ауқымды көлемде өткізу жоспарланды. Алайда пандемияның және науқас санының өсуіне байланысты аталмыш іс-шараны белгіленген күні өткізу мүмкін болмады. Сондықтан жазушы мерейтойын Қарағандыда 2021 жылы 15 қарашада Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрында барлық санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтап, өткізу жоспарланып отыр», – деп мәлімдеді облыстық мәдениет басқармасының баспасөз қызметі.
«Тойдың болғанынан, боладысы қызық» дегендей, жазушы мерейтойын өткізу жыр болған кенді өлке осылайша қараша айына Софы Сматаевтың мерейтойын өткізуді тағы жоспарлады.