Соғыс қашан аяқталады? Трамп басты сұраққа жауап берді
АҚШ президенті Трамп Флорида штатында баспасөз мәслихатын өткізіп, Путинмен телефон арқылы сөйлескенін және соғыстың аяқталу мерзімі туралы болжамын айтты.
Бұл туралы BBC хабарлады.
Трамп Ресей президентімен телефон арқылы сөйлескенін растады. Оның айтуынша, әңгіменің едәуір бөлігі Украинадағы жағдайға арналған.
«Біз Украина туралы сөйлестік. Бұл — ешқашан бітпейтін күрес сияқты. Президент Путин мен президент Зеленский арасында өшпенділік бар, олар бір-бірімен тіл табыса алмайтындай. Бірақ менің ойымша, бұл мәселе бойынша әңгіме дұрыс өтті», — деді АҚШ президенті.
Трамп сондай-ақ Путиннің Ирандағы қақтығысқа көмектесу туралы ұсынысын қабылдамағанын айтып, оны Украинадағы атысты тоқтату мәселесіне назар аударуға шақырған.
Соғыс қашан аяқталады?
Журналистер Ирандағы соғыстың қашан аяқталатыны туралы сұрағанда, Трамп қақтығыс «жақын арада аяқталуы мүмкін», бірақ осы аптада емес екенін айтты. Оның сөзінше, қарсы тарап «барлық мүмкіндігін, соның ішінде басшылығын да жоғалтқан».
Ал ИРСК Трамптың мәлімдемесіне жауап беріп, соғыстың қашан аяқталатынын Тегеранның өзі шешетінін мәлімдеді.
Мұнай 100 доллардан асты
Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюі әлемдік нарықтарға да әсер етті. Мұнай бағасы 2022 жылдан бері алғаш рет барреліне 100 доллардан асты.
Инвесторлардың алаңдаушылығын Иран әскери өкілдерінің мәлімдемесі күшейтті ИРСК Израиль мен АҚШ Иранды бомбалауды тоқтатпайынша, аймақтан мұнай экспорты Ормуз бұғазы арқылы өтпейтінін ескертті.