Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:20, 06 Тамыз 2024

Соғыс жағдайы туа қалғанда қалай әрекет ету керек?

Солдат
Фото: De Telegraaf

Қорғаныс министрлігі жергілікті әкімдіктердің жауапты мамандарын жинап, соғыс жағдайы туа қалғанда қалай әрекет ету керектігі жөнінде талқылау сабақтарын өткізді.

Жергілікті әкімдіктің жауапты қызметкерлері, соның ішінде әкім көмекшілері жиын өткізіп, қазіргі заманғы қарулы қақтығыстарда аумақтық қорғаныс әскерлерін қолдану тақырыбына тоқталды.

Онда осы тақырыпқа қатысты нақты мәселелер зерделеніп, талданды. Бұл оқу-әдістемелік жиынды қорғаныс министрлігі арнайы ұйымдастырған. Себебі әлемдегі геосаяси жағдай тұрақсыз кезеңде тұтас елдің қорғанысы мен қауіпсіздігіне қажетті шараларды көбейту, соның ішінде саяси қызметкерлерді оқыту, дайындау аса қажет. Осы мақсатта әкімдердің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшілері, әкімдіктердің жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармаларының бастықтары, өңірлік қолбасшылық әскерлері, десанттық-шабуылдау әскерлері басқармаларының аумақтық әскерлер бөлімдерінің бастықтары, аумақтық қорғаныс бригадаларының командирлері төрт күн бойы арнайы шараға қатысты. Олардың жалпы саны 70-тен асады.

Іс-шара Павлодар облысы аумақтық қорғаныс бригадасының базасында ұйымдастырылған. Мақсаты – аумақтық әскерлердің күнделікті қызметі мен жауынгерлік дайындығын ұйымдастыру кезінде тапқырлық таныту, іскерлік көрсетуге баулу. Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жиынға қатысушылар аумақтық қорғаныс бөлімшелерін жауынгерлік үйлестіру іс-шараларын өткізу, қойылған талаптар мен тапсырмаларды орындау барысында оларды басқаруды ұйымдастыру мәселелері бойынша білім алып, практикалық дағдыларын жетілдірді. Оған қоса қазіргі заманғы қарулы қақтығыстар тәжірибесі бойынша аумақтық қорғаныс күштерін қолдану ерекшеліктерімен, жергілікті атқарушы органдар өткізетін бірлескен командалық-штабтық оқу-жаттығуларды дайындау және өткізу әдістемесімен танысқан. Және де аумақтық қорғаныс бригадасының тіркелген жеке құрамы мен техникасын жұмылдыра алу мәселелері де ортаға салынған. Естеріңізде болса, 2017 жылы аумақтық қорғаныс әскерлері құрылғаннан бері мұндай оқу-әдістемелік жиындар үшінші рет өткізіліп отыр. Бұған дейін жиындар Ақтөбе және Петропавл қалаларында болған.

Жиыннан бөлек, қарулы күштер бас штабының бастығы жеке құрамды қабылдау пункті мен техниканың келу пунктін, олардың жұмыс алгоритмін тексеріп, артынша арнайы кеңес өткізді.

«Бүгінгі таңда аумақтық қорғаныс әскерлерін дамыту – қарулы күштердің жауынгерлік әлеуетін арттырудың басым бағыты. Бұған еліміздің бас қолбасшысы да баса назар аударып отыр. Сондықтан алда аумақтық қорғаныс жүйесін жетілдіру, сондай-ақ аумақтық әскерлердің қызметтік-жауынгерлік қызметі тәсілдерін жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр», – дейді генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов.

Еске сала кетейік, аумақтық қорғаныс әскерлері 2017 жылғы 13 маусымда құрылған еді. Олардың міндетіне халықты, объектілер мен коммуникацияларды қарсыластың түрлі әрекеттерінен, диверсиялық немесе террорлық актілерден қорғау кіреді. Дер кезінде және қажетті локацияда жұмыс істей алу үшін аумақтық қорғаныс әскерлері барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда қысқартылған құрамда дайын тұрады. Ал қажеттілік туындаған жағдайда немесе соғыс жағдайы режимі енгізілгенде жергілікті халық арасынан әскери міндеттілерді шақырып, әскер құрамын ұлғайтады.

Балауса ДІЛДӘБЕК

Тегтер: