Соғысқа қарсы Тимур Турковты Қазақстаннан депортациялау туралы шешім күшін жойды
Ресейден Қазақстанға қашып келген, Ресей әскерінің Украинаға басып кіруіне қарсы екенін айтқан Тимур Турковты елден шығару туралы шешім күшін жойды. Мұндай шешімді 12 наурызда Батыс Қазақстан облыстық сотының апелляциялық алқасы қабылдады.
Сот алқасы Орал қалалық сотының желтоқсандағы үкімін күшінде қалдырды. Ол үкім бойынша жасөспірім мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткені үшін кінәлі деп танылған. Алайда жаза ретінде тағайындалған Қазақстаннан шығарып жіберу туралы шешім жойылды. Бұл шешім Орал қаласының прокуроры өткен аптада берген өтінішке сәйкес қабылданған. Өтініште төменгі сот инстанциясында қылмыстық заң дұрыс қолданылмағаны айтылған.
Жасөспірімнің адвокаты Айгүл Орынбекова шешім жарияланғаннан кейін Азаттық Азияға:
«Жаза бөлігінде прокурордың наразылығы толық қанағаттандырылды. Елден шығару алынып тасталды, өйткені Қылмыстық-процестік кодекстің 81-бабы кәмелетке толмағандарға қатысты жазаның шектеулі түрлерін ғана қарастырады, ал депортация мұндай жазаға жатпайды», - деді.
Шешім онлайн форматта өткен сот отырысында жарияланды. Оған Тимурдың өзі қатыспаған, бірақ оның адвокаты қатысқан.
10 наурызда 17 жасқа толған Тимур Турков – Ресейдің Коми республикасының тумасы. Ол 2025 жылғы 12 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданы маңында Қазақстан-Ресей шекарасын кесіп өткен. Жасөспірімнің айтуынша, шекарадан өткеннен кейін жергілікті тұрғындарға жүгініп, шекара қызметін шақыруды сұраған.
Шекарашылар оны алдымен шекара бекетіне, кейін Орал қаласына жеткізген.
Тимур шекараны заңсыз кесіп өтуін Ресейдегі жағдаймен түсіндірген. Оның айтуынша, мектептерде милитаризация күшейіп жатқан елде өмір сүргісі келмеген. Сондай-ақ кәмелет жасына толғаннан кейін мобилизацияға ілініп, Украинадағы соғысқа жіберілуі мүмкін деп қауіптенгенін айтқан.
Жасөспірімнің сөзінше, анасы коронавирус пандемиясы кезінде қайтыс болғаннан кейін оның ресми қамқоршысы болған атасы мен әжесі Украинадағы соғысты айыптамайды және оның басқа елге кетуіне рұқсат бермес еді.
Желтоқсандағы алғашқы сот шешімі бойынша Турков Қазақстанның мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтті деп танылып, елден шығарылып, бес жылға Қазақстанға кіруге тыйым салынуы тиіс болған. Алайда жасөспірім құқық қорғаушылар мен адвокатының көмегімен бұл үкімге апелляциялық шағым түсірді.
3 наурыздағы сот отырысында Орал қаласының прокуратурасы кәмелетке толмаған адамды депортациялау заңға қайшы келуі мүмкін екенін айтып, соттан жасөспірімді Ресейге қайтармауды сұраған.
Сот тыңдауларына Ресейден оның әжесі Валентина Туркова да келген. Адвокаттың айтуынша, бастапқыда ол немересін үйіне қайтарғысы келген. Алайда кейін Тимур Ресейге оралса, оның қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтқан.
Тимур Турков өткен жылдың қыркүйегінен бері Оралдағы қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығында тұрып жатыр.